Ресми

Бағдарлама игілігі – баршаға

Қараша айының 26-шы жұлдызында Ботақара кентіндегі Мәдениет үйінің ғимаратында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Шараға аудандық мәслихат хатшысы Асхат ӘЛИ төрағалық жасады. Комиссия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Сапар САТАЕВ, аудан бойынша өткізіліп жатқан жоба бағдарламаларының әкімшілері, кейбір кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері қатысты. Ең алдымен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламаларының орындалуы туралы жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұргүл ДОСАЕВА ақпарат берді.

Нұргүл Рахметоллақызы баяндамасында «ауданымыз бойынша барлығы – 31 жоба, оның біреуі облыстық жоба екеніне тоқталды. Бөлінген қаражат – 1,5 млн. теңге. 379 жұмыс орны құрылып, 195 адам жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар санынан және жастар осы орындарға жұмысқа тартылды. Қазіргі таңда екі ауылда – Шешенқара және Жаңақала ауылдарында ауыз су құбыры тартылуда. Жұмыстардың аяқталуы желтоқсан айында деп жоспарлануда» – дейді.

Әлеуметтік инженерлік және тұрғын үй-коммуналдық жобасы бойынша Ю.Гагарин, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп спортзалдарын жөндеуден өткізу және Ю.Гагарин орта мектебі мен Березняки орта мектептерін ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асырылған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Төреғожин көшесіндегі орталық аурухана дәрігерлеріне арналған тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жобасы қазіргі уақытта өз мәресіне жетіп қалған. Ботақара кентінде Энергетиктер және Бұқар жырау көшесіндегі екі қабатты үйлердің қасбеті жөнделген. Қушоқы кентінде екі жоба, Доскей ауылында бір жоба, электр энергиясы жүйесін жөндеу бойынша Ғ.Мұстафин кентіндегі жоба да адамдардың жайлы тіршілік кешуі үшін өте қажет.

Абаттандыру бойынша 6 жоба аяқталған, олар – Ботақара кентінде. Су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ауданымыздың 16 елдімекенінде өткізіліп, атқарылған жұмыстардың 55 пайызын құраған. 25 жоба өз мәресіне жеткенінен хабар берді баяндамашы.

Марлен Серікұлы ағымдағы жылы коммуналды шаруашылық пен автомобиль жолдары бойынша республика бюджетінен 929 миллионнан аса қаржы бөлінгенін және жолдарды орташа жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар жайына тоқталды. Баймырза, Құрылыс, Ақөре, Құрама, Астаховка станциясында, Ынтымақ ауылдарында сумен қамту бірнеше жылдан бері наразылық тудырып келген. Ауыз су құбырын жөндеу бойынша «Спецтехстрой» ЖШС біршама ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарған. Ынтымақ ауылында бүгінгі күнге суды беру үшін электр жүйесі бойынша келісімдер жасалуда. Жылу жүйесіне қатысты Доскей ауылында модульді қазандық орнату үшін екі қазандық орнатылған. Оған – 48 пәтерлік бір 5 қабатты үй қосылған және ол тағы да 5 көп қабатты үйді жылытуға мүмкіндік береді. Кент орталығындағы Бұқар жырау және Энергетиктер көшесіндегі үйлердің қасбеті жөнделіп, қалыпқа келтірілгені айтылды.

Асхат Әли жалпы ауданымыз бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын, 25 жоба атқарылып, 6 жобаға әлі де көңілінің көншімейтінін, ауылдық округтердегі жолдар сапасы бойынша әлі де сындар айтылып жатқанын айтып, тиісті мамандарға сұрақтар қойды. Көкпекті ауылындағы жолдарды жөндеу жұмыстары дұрыс атқарылмай жатқанын Айдын Досмақов ортаға салды. Центральный, Доскей және тағы да басқа округтер бойынша талаптар қойылып, осыған байланысты бағдарлама әкімшісі жұмыс жоспарымен бөлісті.

– Біз бұл жұмыстарды тұрғындар үшін істейміз. Төгілмелі материалдармен жұмыс істеу үшін орнын тазалап, дұрыстап істеу керек. Қаражатты игеру үшін сапасыз жұмыстар жасамау керек. Ең бастысы – сапалы жұмыс, оны сіздерден де, әкімдерден де ауыл тұрғындары сұрайтын болады. Бұл – республикалық бағдарлама, сондықтан бақылау жоғарыдан болады. Ауыл әкімдері алғашқы күндерден бастап бақылау жасап, жұмыс барысын назарда ұстау керек, – деді ол.

Аудан әкімінің орынбасары Сапар Сатаев жұмыс барысында орын алған жағдайды баяндады. Битумның күрт қымбаттауы, оның кеш табылуы да жағдайды күрделендіргені, сметалық құжаттар жасау кезінде көптеген кемшіліктер кеткені жайында айтылды. Болашақта жұмысты ширату – әңгіменің өзегіне айналды.

Құралай АХМЕТОВА.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button