Жаңалықтар

Кезекші сыныптар ашылады

Қашықтан оқу жүйесіне қатысты ата-аналарда әртүрлі көзқарас бар. Біреулер онлайн-сабақты жақтайды, көбісі балаларының офлайн оқығанын қалайды. Білім және ғылым министрлігінің мамандары Қазақстанда оқушылар саны 300 адамға дейінгі ауылдық және қалалық мектептер дәстүрлі оқыту форматына оралуы тиіс екенін айтты. 1-5 сыныптар үшін кезекші топтар ұйымдастырылады. Коронавирусқа байланысты күрделі жағдай аясында дәстүрлі оқыту форматына рұқсат беріле ме? Жалпы, оқушылар екінші тоқсанды қалай оқиды?

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтің айтуынша, жағдай күн сайын өзгеріп отырғандықтан, нақты шешім қабылданған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірдегі санитарлықэпидемиологиялық ахуал бойынша жеке-жеке шешім қабылдайды.

– Біз барлық оқыту формасына дайынбыз. Ал, «қызыл» және «сары аймақтағы» өңірлерге келсек, олар бойынша Ведомствоаралық комиссия шешім қабылдайды. Жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Өзге елдерде коронавирус инфекциясының қалай өскенін көріп отырсыздар. Мұнда өңірдің эпидемиялық ошаққа қаншалықты жақын орналасқаны ескерілетін болады. Жақын арада бұл мәселе бойынша шешім қабылданып, БАҚ пен жұртшылыққа хабарланарына сенімдімін, – дейді вице-министр.

БҒМ хабарлауынша, 1-5 сынып оқушылары ата-ана қалауымен кезекші сыныптарда оқи алады. Ал, 300 балаға дейін мектептер дәстүрлі форматта оқыта алады. Бірақ, бұл ағымдағы эпиджағдайға байланысты. Бұл ретте мектептерде санитарлықдезинфекциялық режимді, бетперде режимін, арақашықтықты және әлеуметтік қашықтықты сақтау – міндетті.

Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қарағанды өңірінде 300-ге жуық бала оқитын мектептерді дәстүрлі оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта облыста 290-ға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істейтін болады.

Қазіргі таңда облыстағы мектептердің кезекші сыныптарында 62 мың бала оқиды. Сонымен қатар, өңірде шағын жинақты мектептер дәстүрлі режимде жұмысын жалғастыруда. Олар негізінен шалғай елдімекендерде орналасқан.

Білім және ғылым министрлігінің Telegram-да жариялаған мәліметінше, қазіргі кезде қазақстандық мектептерде 3,4 млн. бала оқуда. Қашықтан оқыту форматында – 2,4 млн. дәстүрлі форматта – 953 мың бала оқиды. 647 мың бала кезекші сыныптарда (1-4 сынып), шағын жинақты 3047 мектепте 306 мың оқушы білім алуда.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button