Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Арқаның алтын тәжі – ҚАРҚАРАЛЫ

Таяуда ғана Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының әкімшілікаумақтық құрылысы туралы» Заң қабылдады. Заң – халық саны 10 мың адамнан кем қалаларды ауылға өзгертуге мүмкіндік береді. Ақпараттық хабар бойынша қазіргі уақытта 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни, осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындағаны айтылуда. Сол 13 қаланың ішінде Қарағанды облысына жататын Қарқаралы қаласы да бар. Әрине, бұл мәселені шешуде жергілікті халықтың да шешімі ескерілетіндігі айтылған.

Алайда, біз кейде сапа орнына сан қуып, немесе тек материалдық пайда жағын ойлап қана (бұл жерде ауылға өзгерген қала жұртына берілетін көмек айтылып отыр) шолақ шешім қабылдау мүмкін екендігін ескере отырып, Қарқаралы қаласының ел мен мемлекетіміз үшін қандай маңызы бар екендігіне байыппен тарихи шолу жасауды жөн көрдік.

Біріншіден, Қарқаралы қаласының іргетасы 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланса да, (1868 жылы уездік қалаға айналды. 1928 жылға дейін Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің, 1928-1930 және 1934-1936 жылдары Қарқаралы округінің орталығы болды. 1930-1934 және 1936 жылдан Қарқаралы ауданының орталығы) қала өңірі Еуразиялық кеңістіктің кіндігінде жатқандықтан, оның тарихи тағдыр-талайы біздің жыл санауымыздан да әрі басталатындығына баса назар аудару керек. Осы Еуразия кеңістігінде өткен дәуірлер мен тарихи кезеңдер және маңызды оқиғалардан Қарқаралы өңірі тыс қалған жоқ. Оған археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған артефактылар, ата-бабаларымыздың эпостық жырларындағы сюжеттер, халықтың ауызекі тарихи аңыздары дәлел бола алады. Атап айтқанда, бұл өңірдің ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардың мекені болғанын (Ә.Марғұлан бастап дәлелдеген, кейін археолог Арман Бейсеновтің «Алтын адам» табуы) орта ғасырлардағы түркілердің қағанаттар құрғанын, Дешті Қыпшақ даласындағы Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің қанқұйлы жорықтарын, Қазақ хандығы тұсындағы билер мен батырлардың және патша үкіметі заманындағы елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш зиялыларының іс-қызметін және Кеңестік дәуірдің зобалаңдарын бастан өткерген өңір болғаны тарихтан мәлім.

Қарқаралы тауларын Қазылық деп атағаны ертеден белгілі. Бұл атау «Қорқыт ата» дастанының қалыптасу кезінен бастап, ХХ ғасырға дейін жиі айтылып жүрген. Оған «Қорқыт ата» кітабындағы «Қазылық ұлы ер Жүгенек» жыры мен ХIХ ғасырда өмір сүрген қазақтың атақты ақыны Күдеріқожа Көшекұлының «Қарқаралы – Қазылық» атты толғау жыры куә бола алады: «Қарқаралы – Қазылық, жататұғын жазылып», – деп айтылады (бұл жөнінде 2015 жылы шыққан «Қарқаралы – Қазылық» атты ғылыми танымдық кітабымда толығырақ жазғанмын). «Қазылық» – қырғыздардың «Манас» эпосында да аталып отырады. Атақты түрколог В.Радлов Қазылық тауы Қазақстан жерінде екенін келтірген. Сонымен қатар, «Қазылық» атауының ертеректе қазақ арасында кеңінен бір тараған мағынасы билік айту, төрелік ету. «Қорқыт ата» кітабындағы «Қазылықұлы ер Жүгенек» жырында Қазылық қожа – уәзір ретіндегі кейіпкер. Бұдан «қазылық» пен «уәзір» бір мағынада, яғни, қазақша айтқанда би мағынасына келеді. Сонда Қарқаралы өңірі – ежелден қазылық ететін, яғни, төрелік айтылып, билік жүргізетін орын болған десек, қателеспейміз.

Жер-су аттарын өздерінің барған, қоныс аударған жерлерге қайталап қойып отыру жалпы түркі тектес елдерге тән қасиет. Өйткені, олардың басым көпшілігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қыстайтын жерлеріне де, жаз жайлайтын жерлеріне де қайталап, бірдей ат қойып отырған. Мысалы: «Қарқар» атауы Сарыарқада – Қарқаралы, Жетісуда – Қарқара жайлауы, Кавказда – Қарқар өзені, Қазылық атауындағы «қаз» түбірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауы, Сарыарқада – Қазылық таулары (Күдері қожа жырында аталатын «Он екі Қазылық, бес Түңдік»). Темір кенін өндіруде көшпенділердің ертеден бай тәжірибесі болғаны зерттеулерден талайдан бері мәлім. Қазақстан территориясында ашылған көптеген кен орындары табылған. Олардың, әсіресе Орталық Қазақстан жерінің оңтүстік-шығысы, яғни Қарқаралы өңіріндегі жазғы жайлау мекендерінде екені қазір де анықталып отыр. Мұны қазіргі жер, тау атаулары да еске түсіреді. Мысалы, Қарқаралының оңтүстік-шығысындағы: Темірші, Кентау тағы басқалары. Кезінде Махмұт Қашғари өзінің сөздігіне темір кені өндірілген жердің атына сәйкес «темурлук» (Темірші) терминін енгізген.

Түркі дәуіріндегі саяси оқиғаларға тікелей қатысы бар бұл өлке кезінде Қарқара хан билігінде болған. Ортағасырлық «Худуд ал-алам» белгісіз автордың қолжазбасында қырғыздардың әдет-ғұрпына ұқсас Қарқара хан (немесе Қарқархан) елінің бар екендігі көрсетіледі. В.Минорский орналасу географиясы тұрғысынан бұл жерді Семей қаласынан оңтүстікшығысқа қарай 350 шақырым қашықтықтағы Қарқаралы өңірімен салыстырады.

Шыңғыс хан империясы тұсында Жошы хан билігіндегі Қарқаралы – Ұлытау өңірі тарихының әйгілі бір кезеңі болып табылады. Бертін келе Қазақ хандығы тұсында да Қарқаралы маңайы ханның Ордасын белгілеуге үш жүздің жиналатын жері болған. Абылайды хан сайлауға қазақтың үш жүзінің басын қосқан үлкен мәжіліс Қарқаралы – Қазылық, Қайыңсауда өтіп, Ақ Орданың алғашқы қазығы Қарқаралының қалың орманды «Қаратоқа» алаңында қадалған деген дерек бар. Бұл жерде «Қаратоқа» атауының да мәнісі бар. Қаратоқа қазақ шежіресінде Арғынның Қарпықтан тарайтын үлкен атасы. Бұл «қарпық» – түркі дәуіріндегі Алтай қарлықтарының қазақ ішінде сақталып қалған атауы. Бұл тарихи-географиялық талдаудан көретініміз: ежелден Қарқаралы өңірі бабалар тарихының бір құрамдас бөлігі бола тұрып, қазылық атауымен тарих сахнасына шыққан. Сонда Қарқаралының ежелгі атауы – «Қазылық». Көшпелілердің жаз мекені Қарқаралы – Қазылық таулары болған. Сөйтіп, Қарқаралы – Қазылық тауларымен тұтас бір елдік мекен болып табылады.

Қарқаралы қаласының қазақ тарихында ерекше орын алатын тұсы оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресте алдыңғы шепте болған Алаш қозғалысының қайнар бастауында тұратындығы. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған «Қарқаралы петициясы» XX ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаның бірі болды. Петиция талаптарында қазақ қоғамының өмірлік маңызы неғұрлым өткір проблемалары нақты да қысқаша тұжырымдалған түрде баяндалған еді. Жоғары дәрежелі мемлекеттік органдардың атына петиция жолдау қазақ халқының, оның ішінде Қарқаралы қазақтарының жоғары саяси сана-сезімін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресушілердің алдыңғы легінде болғандығының көрінісі еді. Бұл петицияны ұйымдастырушылар – Алаштың арыстары Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаевтар болғаны мәлім. Қарқаралы петициясының саяси-тарихи маңызы зор. Осы Петиция арқасында патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Ондағы талаптарды орындауға патша үкіметі құлық таныта қоймаса да, қазақтардың Ресейдің I, II Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайлануына еріксіз мүмкіндік берді. «Қарқаралы петициясын» ұйымдастыру және патша үкіметіне оның кейбір талаптарын орындату – кейін қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен Алаш зиялыларының бүтіндей бір легін дүниеге әкелді және осы аталған қозғалыстың бастауы болды. Оған бір топ Алаш қозғалысының өкілдерін: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұрмақов және тағы басқаларын айтуға болады. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының қай-қайсы болсын өздерінің қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресі мен іс-қызметі Қарқаралы қаласынсыз өткен деп айту қиын. Оның бер жағында Құнанбай қажының мешітін, биыл 175 жылдық мерейтойы аталып отырған ұлы Абайдың жас кезінде талай рет Қарқаралыда болуын да айтпай кетпеске болмас. Прогрессивті-демократтық бағытта болып, қарапайым халықтың құқығын қорғау жолында әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшыраған әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қарқаралы өңірінде еркіндіктің символына айналғанын білеміз. Олай болса, Қарқаралы – ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысының алтын бесігі десек орынды.

Кеңес дәуірінде де дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, Ұлы Отан соғысының батырлары Н.Әбдіров, М.Мамыраев, П.Теряев, А.Қосыбаев және Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің де Қарқаралы топырағынан шыққаны мәлім.

Ендігі бір тоқталатын мәселе, Қарқаралының республикалық, тіпті халықаралық дәрежеде туризмді дамытудағы әлеуетінің жоғары екендігі. Патша үкіметі заманынан бастап, Қарқаралы өңірінің табиғаты мен сұлулығына көңіл аударыла бастаған. Атақты саяхатшы П.Семенов-Тян-Шанский редакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан «Ресей империясының географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі» Қарқаралының атағын асқақтатты. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығына, әлі де зерттелмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға бастаған болатын. Орыстың саяхатшысы Г.Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде бұл өңірге саяхатында сол кездегі көпес Рязанцевтің үйінде тоқтағанын жазады. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Қарқаралы округінде екі рет: 1855 және 1863 жылдары болған. Қызмет бабындағы сапарында ол халықтың ауызекі аңыз-әңгімелерімен, ән-жырларымен таныса отырып, ондағы мал шаруашылығы жөнінде қызықты материалдар жинаған. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жері шұрайлы, жайылымы малға, қойнауы кенге бай Қарқаралы Орта Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды. Мұнда саяси тұтқындар жер аударылды. Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Мұнда талантты әншілер мен артистер (Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, М.Уәлиева) өз өнерлерін, ал Қажымұқан Мұңайтпасов күрес бәсекесін көрсетіп тұрды.

Сонымен қатар, қазіргі кезеңде туризмді дамыту бағыты кеңінен қолға алынып, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркіне қарасты 112 мың гектардан астам жер болса, соның 21 мың гектары туристік мақсатта пайдаланылып отыр. 2018 жылы 35 мың адам бақылау пунктерінде болып, олардың ішінде шетелден де қонақтар болғандығы тіркелген. Кейін тағы да 2 туристік кешен салынған. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінен 5 жылға жалға жер алып, шаңғы базасы ашылды. Мұнда туристер мен жергілікті тұрғындар кез келген уақытта келіп, тыныға алады. Ал, келешекте бұл алаңда үлкен шаңғы жарыстарын ұйымдастыру жоспарланған. Таулы аймаққа тынығып келушілер үшін заманауи демалыс орындары да жеткілікті. Қазірдің өзінде 27 нысан жұмыс істейтіндігі туралы мәлімет бар. Айта берсек, мұндай деректер жеткілікті және оларды бір мақала көлемінде түгендеу мүмкін емес.

Тоқетерін айтсақ, осындай бай тарихы мен мәдениеті, сұлу табиғаты бар Қарқаралыны қаладан ауыл дәрежесіне түсіру қаншалықты әділетті? Қазіргі әлемде пандемия жайлаған күрделі заманда «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаншалықты іс-шаралар жүзеге асырылып, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қалпына келтіруге қыруар қаржы жұмсалуда. Бір қолымызбен осындай игілікті шараларды жүзеге асыра отырып, екінші қолымызбен халқының саны кем екен деп, қасиеті мен киесі және заманауи құндылықтары мол Қарқаралыны ауыл дәрежесіне түсіріп тастауымыз қаншалықты орынды?! Экономикалық тиімділігі туралы айтсақ, онда туризмді дамыту әлеуетінің өзі-ақ өзін толық ақтап қоймай, республика қазынасына мол пайда келтіретіні анық.

Ендеше, Қарқаралы жұрты және жоғарыда әкімшілік-аумақтық мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдардағы қызметкерлер осы мәселеде сан қумай, сапаға жүгінер деген ойдамыз.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі.

Басқа материалдар

Back to top button