Қарағанды әлеуеті – Президент назарында
Кеше Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Президент облыс орталығындағы 1200 орындық жаңа мектеппен және білім жүйесіндегі білім беруді ұйымдастырумен танысты. Одан кейін бірқатар өндіріс орындарын аралап, инвестициялық жобаларды көрді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барды.
МЕКТЕПКЕ АБАЙ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ
Жаңа білім ошағына жақын маңдағы мектептерден 900 оқушы ауыстырылған. Бұл үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары туралы баяндалды. Одан соң бастауыш сыныптың кезекші сыныптарын аралады.
Мемлекет басшысының назарына мектепте заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-лаборатория, роботтық техника және зияткерлік бөлмелер, мектеп телестудиясы мен медиастудия ұсынылды. Бұған қоса, мектепте ART-студия және хореографиялық зал бар.
Президент жаңа мектеп-гимназияға Абайдың есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады. Оқу ошағы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады. Мектеп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткізілетін болады. Мұндағы 700 орындық акт залы оған мүмкіндік береді. Іші Абай шығармаларымен безендірілген.
Сонымен қатар, Президентке коронавирус пандемиясы кезіндегі оқу үдерісі жөнінде мәлімделді. Жаңа оқу жылында өңірдегі 504 мектепте 204 мың оқушы, оның ішінде, 22 мың бірінші сынып оқушысы білім алуда.
Контингенті 300-ден аспайтын 279 мектеп штаттық режимде білім беруде. Мұндай оқу орындарында 29 мыңға жуық оқушы бар. Бастауыш және бесінші сынып оқушылары үшін 6166 кезекші сынып ұйымдастырылған. Бұл сыныптарда 77 мыңнан астам бала оқиды. Бүкіл білім беру мекемелерінде санитарлық режим күшейтілген.
ЖАҢА ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫНДА
Президент Қарағанды қаласындағы жаңадан салынған теннис орталығына барды. Бұл орталықта бір мезгілде 650 бала жаттығады. Нысанның инфрақұрылымы әлемнің ең озық стандарттарына сай. 11 корт, оның 7-і – жабық. Мұнымен қоса, жалпы және арнайы дене шынықтыруға арналған залдар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықтың техникалық жабдықталуы туралы егжей-тегжейлі әңгімеленді. Атап айтқанда, орталық ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыстарын өткізуге, сондай-ақ отандық спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
– Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық балалардың үлкен тенниспен шұғылданып, денсаулығын күшейтуге ықпал етеді. Бұл көпқырлы әрі ыңғайлы нысан. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмішұлы Өтемұратовқа ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Орталықтың жалпы ауданы – 7,8 мың шаршы метр. Оның құрамында мәжіліс залы мен 2 кафетерий, қонақ үй кешені бар. Шаһар шаруашылығын дамытудың үздік әлемдік тәжірибелеріне сәйкес теннис орталығының айналасындағы 1,5 гектар аумақ толығымен абаттандарылып, көгалдандырылған. Нысан құрылысына жеке инвесторлар 2,4 млрд.теңге көлеміндегі қаражат салған. Қазақстанның теннис федерациясы орталықты әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, операциялық басқару қызметін үйлестіреді.
Президент үстел теннисі орталығының жұмысына да көңіл аударды. Жаңадан ашылған спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлердің бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP-орындар қамтылған.
Заманауи үстел теннисі орталығының ашылуы оқу-жаттығу жұмыстарына, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге қолайлы. Бұл өз кезегінде ел спортшыларының шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Орталықта күніне 400 адам үстел теннисін ойнайды.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықтың санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Орталықтың саламатты өмір салтын насихаттауға, аймақтағы үстел теннисімен шұғылданатын адамдардың қатарын арттыруға зор ықпал етеді деп сенім білдірді.
– Тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисінің президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Қазақстанның үстел теннисінің бас бапкері Эльмира Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады, – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Орталық құрылысына Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясы 1 млрд. 950 млн. теңге қаржы жұмсаған. Биыл Қарағанды облысында 85 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
КЕЛЕШЕК – ЗАМАНАУИ ӨНДІРІСТЕРДЕ
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке және шетелдік инвестицияларды тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорнының жұмысына тоқталды.
Техникалық газ өндірумен айналысатын «ЛиндеГаз Қазақстан» ЖШСнің, күн электростанциясы бағытында қызмет ететін «ҚазСолар-50» ЖШСнің, жылу өткізбейтін құбырлар өндіретін «Изоплюс» ЖШС-нің және шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура» ЖШС-нің жетекшілері Мемлекет басшысына өз зауыттарының жұмысы және өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жоспарлары хақында ақпарат берді. Сонымен қатар, бүкіл әлемде қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, пандемия кезіндегі жұмыс жағдайы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қайырымдылық істері жөнінде мәлімделді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазСолар-50» компаниясының өкілімен әңгіме кезінде жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына мән берді.
– Балама электр қуатын қолдаймын. Жолдауда біртіндеп көміртек пайдалануды азайту саясатын жүргізу керек екенін атадым. Мұның болашағы зор. Әлем солай дамуда. Германияға барғанымда осы орайда неміс компанияларының басшыларымен сөйлестім. Жалпы олармен ынтымақтастыққа ден қою керек деп есептеймін. Күн электр энергиясы болашақта бірқатар проблеманы шешетін қуатты көзге айналады, – деді Президент.
Содан кейін канадалық заманауи технологиямен өнім дайындайтын Steel Manufacturing ЖШС-нің өндіріс аумағын аралады. Зауыт жылына латуньннан жасалған 30 миллион бұйым шығарады.
ЗАУЫТТЫҢ ТЫНЫСЫ – КЕҢ
Жоғары сапалы ферросилиция өндірісі өнімінің қоспасы болат, шойын қорыту кезінде металдардың механикалық және коррозиялық төзімділігін жақсарту үшін қолданылады. Бұл зауытқа арнайы ат басын бұрған Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндіріс процесі мен өндірісте, құрылыста, кеме, әуе көліктерін және автомобиль жасауда пайдаланылатын дайын өнімдер көрсетілді.
Зауыттың қуаттылығы жылына – 180 мың тонна өнім. Технология ферросилиция мен ферромарганец өндіруге мүмкіндік береді. Жобадағы отандық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.
Зауыттың акционерлері Е.Нығматулин, А.Кемертелидзе және Ж.Аппаз аталған жобаның жергілікті және жаһандық сұранысты қамтамасыз ететінін айтты. Атап айтқанда, қарағандылық ферросилиция Қазақстаннан бөлек, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің нарығына шығарылады.
Кәсіпорынның өнімі сапасы жағынан ең жоғары әлемдік талапқа сай. Пандемия кезінде компания өнімнің сатылу аумағын 15 елге арттырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеруге үлес қосты. Қазіргі таңда зауыт өнімі әлемнің 37 еліне экспортталады.
Компания COVID-19 пандемиясының бірінші толқыны кезінде жұмыс кестесін вахталық әдіске көшіріп, барлық қажетті жағдай жасағанының арқасында қазіргі өндіріс көлемін сақтап қалды.
Президент өндірісті басқару орталығын аралап көріп, Qaz Qarbon ЖШС-нің жаңа жобасымен танысты.
– Бұл өте қажетті және жақсы жоба. Құтты болсын! Қазақстанды индустриаландыруға қомақты үлес қосқанын айтпағанның өзінде, ел экономикасының маңызды активі саналады. Өндірісті жылдам көріп шықтық. Бірақ, бұған қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Бақылап, көмектесетін боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымына табыс тіледі.
МАҚСАТ – ӨНДІРІС ҚУАТЫН АРТТЫРУ
Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатындағы мырышпен және алюминимен қаптау цехының жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Вадим Басин Президентке өндіріс процесін ұйымдастыру және жабдықтау жұмысының қағидалары туралы айтты.
Цех мырышпен қапталған орамды және табақша өнімдерін өндіреді. Цехтың жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
Мемлекет басшысы цехтың дайын өнімдері мен жұмыс жүктемесін көрді. Мырышпен қапталған табақшаларға конструкциялық материалдар өндірісі мен құрылыста сұраныс жоғары. Металлургия өндірісіндегі бұл өнімнің қосымша құны қымбат.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Наир Биджу Мемлекет басшысына кәсіпорынды дамыту, жаңа кокс батареясы құрылысының жоспары, экологиялық қалдықтарды азайту жөнінде қабылданған шаралар жайында мәлімет берді.
– Бұл – қазақстандық металлургиядағы көшбасшы кәсіпорын. Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Біз өндіріс қуатын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Маған жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жаңғырту, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайында баяндады. Кәсіпорынның міндеттері аз емес. Сондықтан, оны ретіне қарай шешу керек. Ол жөнінде бұған дейін Премьер-Министрмен сөйлестім. Облыс әкімімен де бірқатар мәселені талқыладық, – деді Президент.
аkorda.kz материалдары негізінде әзірлеген Қызғалдақ АЙТЖАН.