Жаңалықтар

Жаңа жүйе жемісі Жарты жылда әкімшілік сотқа мыңнан астам адам жүгінген

Өткен жылдың 1 шілдесінен жұмысын бастаған мамандандырылған әкімшілік соты бүгінге дейін облыста 500-ге тарта іс қараған. Жаңа сот азаматтар мен бизнесті қолында билігі бар мемлекеттік органдардың асыра сілтеуінен проактивті қорғауды көздеген болатын. Өзге сот істеріне қарағанда бұл соттың ерекшелігі – судьяның міндетіне аталған процесте дәлелдемелерді іздеп қана қоймай, кеңес беру де кірген болатын.

Әлбетте, кез келген жаңа жоба болмаса іс болсын, түпкілікті нәтижесімен қызықты. Әсіресе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекет пен азаматтар арасындағы дауларды реттейтін болғандықтан, әдетте жылдан жылға созылып, ақтық шешім шыққанға дейін екі жақ тараптың да төзімін тауысатын сот ісінің жаңа келбетке енуі тұрғындардың қызығушылығын тудырғаны рас.

Деректерге сүйенер болсақ, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 2021 жылдың 1-шілдесінен мыңнан аса әкімшілік іс тіркелгенін айтады аталған мекеменің кеңсе меңгерушісі Назира Кашкеева.

Назира КАШКЕЕВА, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі:

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында мыңнан астам әкімшілік істер тіркелді десек, 412 әкімшілік іс шешім шығару арқылы қаралды. Оның ішінде 180 әкімшілік іс бойынша қойылған талаптар қанағаттандырылып, 232 әкімшілік іс бойынша талап қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маман сондай-ақ, талап-арыз берушілердің дені құқықтық сауаттылықтарының жеткілікті деңгейде болмауы салдарынан бірнеше жыл қатарынан бастары дауға қалып жататынын айтады. Осы орайда әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ, заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу екенін айту керек.

Мәселен, сотта қала әкімдігінің 1993 жылғы тұрғын үй беру туралы шешімін даулау туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралған. Сотқа дайындық барысында заңды түсіндіріп, сот алдын ала пікірін білдіргеннен кейін тараптар уақыт созбастан келісімге келген. Сот барысында осы тәрізді татуласу рәсімдері кеңінен қолданылады. Тіпті, судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар жүргізеді. Бұл өз кезегінде шағымданып келген тарап үшін өте қолайлы. Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім беру арқылы шешеді. Облыстық мамандандырылыған ауданаралық әкімшілік осындай 63 әкімшілік іс бойынша татуласу рәсімдері арқылы даулар шешілген.

Әкімшілік сотқа жүгінген қарағандылық Ольга Захарова бұған дейін ҚР Жер кодексінің түрлі баптарына сілтеме жасап, үйіне іргелес жатқан жерді жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартқан әкімдікке шағынданған. 10 жыл қатарынан жерді тиісінше пайдаланып келгендіктен, әрі рұқсат қағазы болғандықтан, әкімдіктің мұндай шешімін күтпегендігін айтады. Таныстары мен туыстары сотқа жүгінудің бос әуре екенін, бәрібір іс әкімдіктің пайдасына қарай шешіледі десе де, тәуекелге бел буып, сотқа шағымданғанына еш өкінбейді.

– Істі қараудың бірінші кезеңінде судья менің мәселеме өз бағасын беріп, істің мән-жайын жан-жақты зерделеді. Сонымен қатар, дау тудырған жерге өзі барып көріп, дұрыс шешім қабылдады. Нәтижесінде, әкімдікке менің жерді жалға алу мерзімін ұзарту өтінішімді қайта қарауды, бірқатар бөлігінде жарамсыз деп тануды міндеттеді. Нәтижесінде, іс бейбіт түрде шешіліп, әкімдік шешімдерінің негізділігін көрсететін бір де бір дәлелдеме ұсына алмағандықтан, дау мен үшін оңтайлы шешілді, – дейді ол.

Жұмысын бастағалы бір жыл болмаса да, мамандандырылған әкімшілік соттың көрсеткіштері осындай. Әрине, нәтижесін айту әлі ерте болса да, азаматтардың көңіліне елімізде әділ соттың барына сенім ұялатқанын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button