Коронавирус

Министр үлгі көрсетті

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ бір айдан астам уақыт бұрын COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны өзіне салдырды.

Естеріңізге сала кетейік, отандық ғалымдар (коронавирусқа қарсы QazCovidin® вакцинасын әзірлеушілер) осыдан 2 ай бұрын COVID-19-ға қарсы вакцинаны өздеріне салдыру жөнінде шешім қабылдаған алғашқы еріктілер еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық вакцинаны кандидаттық вакциналар тізіміне енгізіп, клиникалық сынақтар жүргізуге рұқсат берді.

– Ақпараттың БАҚ арқылы таралуын қаламадық. Бірақ, бұл туралы ғылыми институттың директоры айтқан екен. Иә, ақпаратты растаймын. Содан бері бір айдан астам уақыт өтті. Өздеріңіз білетіндей, қазір COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Оны әзірлеумен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты айналысты. Әуел бастан осы жобаның әр кезеңін қадағалап, клиникаға дейінгі зерттеулердің нәтижесімен күнделікті танысып отырдым. Сондай-ақ, сараптама нәтижелері мен вакцинаның тиімділігін байқадым. Сондықтан, отандық вакцинаны өзіме салдыру туралы шешім қабылдадым. Содан бері біраз уақыт өтті. Қазіргі уақытта жағдайым жақсы, ешқандай кері әсері болған жоқ, ыстығым қалыпты, – деді министр.

БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген азаматтардан 688 өтініш келіп түсті. Вакцинацияға қатысатын еріктілер тобы құрылып, олар скринингтен өтті. Оны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы ересек еріктілердің қатысуымен 17 қыркүйекте басталған болатын. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтайтын зерттеудің бірінші кезеңіне коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысып жатыр. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші кезеңге 200 ерікті қатысады деп жоспарланған.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button