Жаңалықтар

Жерлесіміз топ жарды

Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған оқытушылардың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті.

 

«Біздің орталықтар жыл сайын 39 мыңнан астам ересек адамдарға қазақ тілін үйретеді. Бұл бір қарағанда аз болмағанымен, қазақ тілін күнделікті тұрмыс құралына айналдырып сөйлеп кеткендер санына шаққанда, көңіл көншітпейді. Неге? Бәлкім, тіл үйрету тәсіліміз уақыт талабына сай жауап бере алмай жүрген шығар?! Әлде тәжірибе мен әдіс-тәсілдеріміз жеткіліксіз бе? Атқарылып жатқан қыруар шаруаны бекерге шығару мақсат емес, дегенмен, сұрақ көп, жауап аз. Бұған қоғам да белсене атсалысуы керек. Кейде «тілге қажеттілік» деген мәселені жиі айтамыз да, сол қажеттілікті тудырушы өзіміз екенін естен шығарып ала береміз. Ахмет Байтұрсынұлының тіл үйретудегі өшпес мұраларын жалғастыру – парызымыз», – деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба байқаудың ашылу салтанатында.

Елімізге танымал ғалым, педагог, әдіскерлерден құралған қазылар алқасы тіл үйретуші мамандардың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатында Алаш арысы идеяларын жүйелі жалғастыра білуін, оның тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін өз жұмысында үйлесімді қолдануын бағалады.

Бәйге қорытындысында Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жансая Хасенова қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, Бас жүлдегер атанды.

Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Мөлдір Болат II орынға ие болды. Қызылорда облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары Айдана Махамбетова мен Алина Сейтім бәйгенің III орнын бөлісті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button