Азаттыққа үн қосқан азамат
Жылдар жылжып, айлар аунап, күндер өтсе де желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпейді. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын-сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастарымыздың ерен ерлігі ел есінде. Тәуелсіздік жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті, қайсар жастар қан төкті, көз жасын көл етті. Сол оқиғаның бел ортасында болған кейіпкеріміз көз жасы еркінен тыс парлап аққан сәтін әлі күнге дейін ұмытқан емес. «Көздің жасы мүсәпірліктен, қорқақтықтан емес, мына күші жеткен әлемнің ойына келгенін істегеніне, еш нәрсенің ақ-қарасына көз жеткізбей қоғамның шыңырауына тастап жібергеніне төгіліп еді», – дейді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Әлібай БӘКЕЕВ.
Солақай саясаттың соққысы тигенде Әлібай Қалибекұлы небары 22 жаста еді. Есінен ескірмейтін естелік Қарағанды шаһарында орын алған болатын.
– Желтоқсанның жаңғырығы уақыт өтсе де ұмытылмайды. Ол кезде мен Қарағанды медициналық институтында V курста оқимын. Студенттер, жұмысшы жастар облыстық партия комитеті ғимаратының алдына жиналдық. Жиналған жастардың сағат сайын саны арта түсті. Ойымызда ештеңе жоқ, ұсынысымызды орындасын деген ниетпен тұрған бізді ішкі істер саласының қызметкерлері қоршап алды, – деп еске алады Әлібай Бәкеев.
Сосын ішкі істер қызметкерлері бірнеше жастың қолын қайырып, арнайы көлікке тиеп, тергеу бөліміне жөнелтеді. Ондағылар бірден тергеуге көшкен көрінеді.
– Тергеушінің алдында мен үн қатпай отыра бердім. Тергеуші менің табанды түрде тіл қатпай және біршама абыржып отырғаныма қарамастан сұрақтарымен мазалап, ойларын машинкамен тықылдатып жаза бастады. Енді бір сәт маған сұстана, қадала қарап: «Сен, біз неге қамауға алғанымызды білесің бе? Егер, білмесең айтайын, сен биылғы жылдың 17-18 желтоқсандағы студенттердің наразылығына қатысты және ұйымдастырды деген күдікке ұшырадың» деп сұрағын жаудырған тергеушімен арадағы әңгіме қолайсыз жағдайда жалғасты. Желтоқсан көтерілісіне қатысты бірнеше сұрақ қойды. Уәжімді айтқым келген менің сөзіме көңіл де қойған жоқ, тергеуден танбады. Тергеуін жүргізіп болған соң, мені алып кетуге әмір етті, – дейді Әлібай аға.
Көп ұзамай кейіпкеріміз оқудан шығарылады. Туған ауылы Қоңыратқа келгенде әкесі Қалибек Бәкеевті жиналысқа салып, ісін қарағанын естиді. Жиналыс үстінде асыл әкесі, әділетсіздікке төзбей партбилетті үстелдің үстіне қойып, түбінде әділдік орнайтындығын айтып сыртқа шығып кетіпті. Комсомол қатарынан, оқудан шығып, ауылда жүргенде әскер қатарына алынады.
1987 жылы әскерде жүргенде қайта оқуға шақырту хабарын алады. Сөйтсе, қайран әке, баласының болашағына алаңдап оқу орнынан барып кешірім сұраған екен. Әскери борышын өтеп келген соң 1989 жылдың жазында оқуын жалғастырып, тәмамдайды. Одан кейінгі уақыттарда мамандығы бойынша халықтың санитарлық-эпидемиологиялық игілігі саласында еңбек етіп келеді. Өмір қиындықтары әркімнің шамашарқына қарай қызығы мен қуанышы да ілесе жүреді.
Өмір сондай тас қияға өрлейтін, өрлететін талабымен қызық. Тәуелсіздік дәуірі тұсауын кесіп, тұғырға қондырған ұлтжанды, кесек бітімді, тау мінезді тұлғаның әлі де егемендік жолында білімі мен білігін, қайраты мен қабілетін, қажет болса, жаны мен қанын аямауға әзір екендігін аңдадық. Әлібай Бәкеевтің бір ғана тілегі бар. Ол: «Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болғаны» дейді.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы