Еліміздегі дәрі-дәрмектерге бірыңғай баға белгіленбек

Қазақстан іс жүзінде бәсекелестікті кеңейтуге мүмкіндік беретін монополияға қарсы саясаттың жаңа бағыттарын белгіледі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров VIIІ Еуразиялық монополияға қарсы форум барысында айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.

Аталған форум барысында Марат Омаров агенттік жұмысының үш стратегиялық бағытына тоқталды.

«Бүгінгі форум біздің елдеріміздің монополияға қарсы органдары арасында тәжірибе мен білім алмасу үшін маңызды сараптамалық алаң. Қазақстан іс жүзінде бәсекелестікті кеңейтуге мүмкіндік беретін монополияға қарсы саясаттың жаңа бағыттарын белгіледі. Біз үш бағытты белгіледік: жекешелендірудің жаңа тетіктері, мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту», — деді Марат Омаров.

Ол жақын арада жекешелендіру тетігі қайта қаралатынын, атап айтқанда, жекешелендіруге жататын нысандарды іріктеудің негізгі көрсеткіштері белгіленетінін жеткізді.

«Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын арттыруға келетін болсақ, БҚДА мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік принципін ұстанады. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың түпкілікті бенефициарларына талдау жасалады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар мен квазисектордың сатып алулары шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың қосымша құралы ретінде қарастырылатын болады»,- деді ол. Спикердің сөзінше, бұл жерде бәсекелестік ортаға бірлескен әсер етудің негізгі тетіктерін, көрсеткіштерді анықтау қажет. «Көрсеткіштерге келетін болсақ, ЭЫДҰ елдерінде реттеу арқылы жасалған реттеуші кедергілер PMR (Product Market Regulation) көрсеткіштерімен өлшенеді. Біз оларды Агенттіктің тиімділікті бағалау жүйесіне енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді Марат Омаров.

Сондай-ақ Агенттіктің алдында жаңа міндеттер тұр.

«Агенттік нарықтардың тиімділігін арттыруды, еркін бәсекелестік үшін қолайлы институционалдық және ұйымдастырушылық жағдайларды жасауды, бағаны мемлекеттік реттеуден нарықтық баға белгілеуге баса назар аударуды жоспарлап отыр. Біз дәрі-дәрмек бағасын кезең-кезеңімен реттеуді ұсынып отырмыз. Қазір нарық қатаң реттеледі, тіркелген дәрілердің толық тізімі бойынша баға белгіленді. Бірінші кезеңде дәрі-дәрмектің 220 саудалық атауын, оның ішінде рецептсіз сатылатын препараттарды реттеуден шығару жоспарлануда»,- деді спикер.

Айта кетейік, Алматыда VIII Еуразиялық монополияға қарсы форум өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан сарапшылары қатысты.