Жаңалықтар

Нұра кентінде 6 отбасы баспаналы болды

Нұра кентінде кезекте тұрған 6 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған.

34 жастағы Гүлсара Шахарбаева 2014 жылдан бері кезекте тұрған. Ол “толық емес отбасы” санаты бойынша пәтер алды. Гүлсара жалғыз ұлын тәрбиелеп отыр.

– Мен басқа қалада вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін ата-анаммен бірге тұрдық. Көптен күткен баспанамызға ие болдық, қуанышымызда шек жоқ. Баспанамыз кең, жарық, жөндеу жұмыстары жақсы, – деп қуанышымен бөлісті Гүлсара. – Көшуге дайындалып жатырмыз, қазірдің өзінде жиһазға тапсырыс беріп қойдық.

43 жастағы Жанар Бейсенова үш бөлмелі пәтер алды. Жанар жаңа баспанасына заттарын тасымалдай бастаған. Ол да “толық емес отбасы” санаты бойынша кезекте тұрған.

– Тұрғын үй кезегінде 2013 жылдан бері тұрдым. Пәтерде барлық жағдайлар бар, – деді әйел. – Ұлым екеумізге үйіміз өте ұнайды.

Жаңа үйлерге қажетті инфрақұрылым тартылған. Тұрғындар орталықтандырылған су беру жүйесімен, септиктермен қамтамасыз етілген. Пеш бөлек бөлмелерде орналасқан, титан да бар.

Биыл Нұра ауданында кезекте тұрғандарға 16 пәтер берілді. Кезекте әлі 448 адам тұр. Аудан орталығында екі пәтерлі 20 үйдің құрылысы жалғасуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button