Сәруар

Мен Сәуле Бақтайқызымен 2010 жылы таныстым. Жезқазған қаласына іссапармен барып, қаланың шеткері аумағында орналасқан қарттар үйінде жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысуым керек болатын. Бардым. Көрдім. Жұмыс сапасы көңіліме қона кетті. Атам қазақ айтатын «Қыздың жиған жүгіндей» деген тәмсілдің шынайы көрінісі – осы жерде. Директормен сұхбаттасу барысында мердігер компания басшыларымен кездесу жасау жөнінде өтініш білдіріп едім, ол кісі бірден:

– Иә, қыздар қазір келеді. Хабарласып қойғанмын, – деді. Аң-таңмын. Қыздары несі? Әдетте, құрылыс компанияларына қыздар басшылық жасай қоймайды ғой… Әлде, мына кісі компания құрамындағы сылақшы-сыршы қыздар туралы айтып тұр ма?

– Түсінбедіңіз-ау деймін. Маған мердігерлердің өзі керек.

– Түсініп тұрмын. Сәуле мен Тұрсынай қазір келеді.

Сонда ғана, дәл осы қарттар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ютария LTD» ЖШС басшылары туралы айтып тұрғанын түсіндім.

…Өзін «Сәуле Бақтайқызымын» деп таныстырған сымбатты келіншектің аңсар-алаңы – облыстық басылымның тілшісінде емес, жұмыс барысында. Менімен сөйлесіп тұрып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен құрылысшыларға ескерту жасауды ұмытпайды. Маған жете көңіл бөле қоймағанына ренжіңкіреп тұрсам да, директор келіншектің іс-қимылына сүйсініп тұрмын. Арасында құрылысшылардың жанына барып, әлдебір нұсқаулар беріп келіп, әңгімесін жалғастырады.

Бес қабатты ғимаратты аралап шықтық. Құрылыстың қыр-сырын біле қоймасам да, жұмыс барысының жинақылығы мен сапасынан мін таппай келемін. Әлден уақытта өзі де ыңғайсызданды-ау деймін:

– Таныстыруды ұмытып кетіппін ғой. Мына кісі – Тұрсынай Шахмұратқызы. Компанияның өндіріс жөніндегі директоры, менің оң қолым, а – деп, сенімді серігін таныстырды да: – Тұрсынай, қонақ жігіттен ұят болар. Кеңсеге барып, әңгімемізді шәй үстінде жалғастырайық, – деді.

…Әңгіме тиегі ағытылды. Әлбетте, өндіріс саласында жүрген қыз-келіншектер қайсар мінезді, табиғи нәзіктікті тәрк еткен болушы еді. Сәуле Бақтайқызының қарапайымдылығы мен жібектей мінезі таңдай қақтырып отыр маған. Жанарынан мейірім шуағы есіп, айналасына сәуірдің сәруар сәулесіндей жылылық шашып отыр.

Қостанай облысының Ресеймен шектесетін шалғай аулында дүниеге келген қыздың тағдыры жез бұлағын ағызған Жезқазғанда тамырланған екен. Мамандығы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанымен, еңбек жолын мемлекеттік қызметте бастайды. 90-шы жылдардың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «шағын және орта бизнесті қолдау» жөніндегі бастамалары көңіл көкжиегінен қонымды орын алады да, тәуекел жасайды. Бір-ақ күнде «өндіріске, бизнеске кетемін де, бағымды сынаймын» деп, кәдесый, кенді өлкенің символикалық нышандарын өндіретін шағын цех ашады. Мемлекет қамқорлығының арқасында өндірісін кеңейтіп, тігін цехын ашу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Тігінші болу бала күнгі арманы еді. Алғашында «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысы бойынша арнайы киімдер тігумен айналысқан шағын цех бара-бара өндірістік қорғану құралдарын өндіру, қосымша құрылыс жұмыстарымен де айналыса бастады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының Жезқазғанға сапары барысында «Ютария LTD» компаниясының тігін цехында болып, өндіріс басшысының игі бастамаларына оң баға беруі Сәулені ерекше қанаттандырды.

Кешегі шағын цех үлкен фабрикаға айналды.

– Іс басындағы адамды сенім қанаттандырады. Өзіңнің жігеріңе деген сенім болмайынша, ең оңай атқарылатын жұмыстың өзінен нәтиже шығару мүмкін емес, – деп бір қайырды.

Сөз басында Сәуле апайды тым нәзік деп қалдым ба? Енді ол ойымнан айнып отырмын. Осынша ауқымды жобаны іске асырып, іргелі өндіріс компаниясын басқару үшін нағыз ерге тән жігер керек-ау. Әрине, адамды толық танып шығу үшін уақыт керек. Мен Сәуле Бақтайқызын танығаныма он жылдың жүзі болса да, әлі күнге толық игеріп болмаған сияқтымын. Әйтеуір, бойында 1001 қасиет бар екенін білемін. Іскерлік. Жинақылық. Өткірлік. Мейірімділік. Жомарттық. Жауапкершілік. Елжандылық… Хакім Абай айтқан «Толық Адам» болу үшін қандай ізгі қасиет керек адам баласына, соның барлығы Сәуленің бойында бар деп айта аламын. Сонда да жете таныған жоқпын.

Іскерлігін айтыңыз… Шағын цехтан бастау алған ұлы мұраты бүгінде жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді қамтитын ауқымды өндірістік кешенге айналды. Жалпы, шаруасы дөңгелеп берген өндіріс ошақтары Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда ашылып, өңірлерден филиалын ашып жатушы еді ғой. Ал, біздің Сәуле Жезқазғанда «бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған» «Ютария LTD» компаниясын Нұр-Сұлтанға алып барды. Қазір «ASTANA Ютария LTD» аталатын алып кәсіпорын еліміздің мұнай, металлургия, тамақ өнеркәсібі, әскери салаларын арнайы киімдермен жабдықтап отыр. Міне, ілкімді іскерліктің жемісі!

Қайырымдылығын айтыңыз… Жылына компонияның 3 миллион теңгеден астам қаражаты қайырымдылық акцияларына жұмсалады. Жезқазғанда иесіз қалған ғимаратты компания меншігіне алып, қысқа мерзім ішінде ине-жіптен жаңа шыққандай қалыпқа келтірді де, кәсіпорын қызметкерлеріне баспана ретінде ұсынды. Жетімді жебеп, мүгедекті елеп тұратын мейірімінде шек жоқ десе болғандай. Шалғайдағы туған ауылын да есінен бір сәтке шығарған емес. 2018 жылы Приречное (Қостанай облысы, Қарабалық ауданы) селосындағы өзі оқыған орта мектепке 1 миллион теңгенің ІТ сыныбын тарту етсе, өткен 2019 жылы «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында өзінің алтын ұясына 2,5 миллион теңгеге спорттық-ойын алаңын алып берді.

…Бүгін «ASTANA Ютария LTD» ЖШС құрылтайшысы әрі Бас директоры Сәуле Бақтайқызы Шәуенова ханым жаңа жасқа толып отыр. Қыздың жасын сұрамаймыз да, айтпаймыз.

Арқаға күз ерте түсіп, көктем кеш шығады ғой. Алайда, Жезқазған, Нұр-Сұлтан қалаларында Сәуленің төңірегінде жүргендер сәуірдің сәруар сәулесіне малынып, бой жылытып жүр. Қызығамыз…

Ерсін МҰСАБЕК.

Суреттерде:

1. Сәуле Бақтайқызы;

2. «Ютария LTD» ЖШС тігін цехы.