Жаңалықтар

Инклюзия кабинеттері ашылады

Қарағанды облысында инклюзивті білім беруді дамытудың Жол картасы іске асырылуда. Инклюзияны қолдау бойынша төрт ресурстық орталық және мектептерде арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Олардың саны әлі де артатын болады. Алдағы бес жылда осындай құрылымдарды барлық білім беру ұйымдарында ашу міндеті қойылды. Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА инклюзивті білім беруді дамыту жайлы айтып берді.

– Бүгінде 70 балабақша, 290 мектеп және 35 колледж инклюзивті біліммен қамтылған. «Болашақ» Корпоративтік қорымен бірлесіп, инклюзияны қолдау бойынша 4 кабинет ашылды. Оның екеуі – Қарағандыда және Жезқазған мен Теміртауда. «Дара» КҚ қолдауымен 4 ресурстық орталық құрылды. 2025 жылға дейін барлық білім беру ұйымдарында инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған, – деді облыстың білім басқармасының басшысы.

Гүлсім Шабданқызының айтуынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тьюторлар көмектеседі. Олармен дефектолог мұғалімдер мен логопедтер де жұмыс істейді. Облыста психологиялық-педагогикалық түзету қызметі дамитын болады. Осы орайда жыл соңына дейін Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында екі жаңа кабинет ашу жоспарлануда.

Жиында сондай-ақ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету туралы баяндады.

Оларды әлеуметтік қолдауға биыл облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландыру көбейгенін атап өтті.

Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда 2246 сурдотехникалық құрал, 2719 тифлотехникалық құрал сатып алынды. Мүгедек адамдар протездік-ортопедиялық бұйымдармен, гигиена құралдарымен қамтамасыз етіледі. Желтоқсан айында 119 адамға арналған электр жетегі бар кресло-арбаларды жеткізу жоспарлануда. Шипажайкурорттық емделуге 4119 адам жолдама алып, тағы 50 адам жыл соңына дейін жолдама алады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары екенін атап өтті.

– Инклюзивті білім беру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Оңалту құралдары мен қызметтерді сатып алу рәсімдерінің сапасын жақсарту және ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Барлық әкімдер жүйені реформалауға бағытталған шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, – деп талап етті аймақ басшысы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button