Бас тақырып

90 жылдыққа – 90 газет

Келер жылы қазыналы Қара­ғанды 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қаладағы Жұмабек Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы мейрамға той таралғысын жасады. Мерейтойға орай 90 газетке жазылды.

 

– Қарағандының көне тарихы Арқадағы адуынды басылым «Ortalyq Qazaqstan»-мен тығыз байланысты. Газет бетінде қаланың құрылуынан бастап, қаншама еңбектің нәтижесі, адам тағдыры, бейнесі, суреті жарияланды. Ұлттың рухын көтеруге үлес қосты. Жылда газетке мұғалімдердің мақаласы шығып тұрады. Кейінгі екі жылда мектебімізде жақсы жұмыстар атқарылды. Соның барлығы газет бетінен жарық көріп, мерейімізді үстем етті.

Газет – дәуір үні. Әр дәуірдің өзіндік талабы, міндеттері болады. Осы жолда журналистер қауымы замана ағымына сай еңбек етуде. Газет бетінде кез келген тақырыпқа сай тұщымды дүниелер жарияланады. Әріптестеріміз Қарағандының 90 жылдығына орайластырып, 90 газетке жазылуды дұрыс көрді, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Әбдікамалова.

Осылайша Жұмабек Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымының ұстаздары, сүйікті газетінің оқырманымен ғұмырлы болғанын құп көріпті. Білім ордасындағы 120-ға жуық білім саласының қызметкері «тарихымыз жазылатын «Орталықтың» әр нөмірін сақтап, жинап жүреміз» дейді.

Тәшенев мектебінің тамаша бастамасын өзге білім ордалары жалғастырып жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді…

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button