9 мың тонна сүт өндіреді
Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде «Eurasia Invest» компаниясы салып жатқан 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасының қуаты жылына 9 мың тонна сүт өндіруге жетеді. Кәсіпорын іске қосылса, 180 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жасаған жұмыс сапары барысында танысты.
Облыс әкімі компания басшысымен бірге болашақ ірі нысанның қадасын қақты.
«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын атап өтті. Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алыныпты.
– Жоба – бірегей, бір кешенде бірінші кезеңде 1200 бас, содан кейін екі есеге көбейеді. Жем-шөп базасы меншікті. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді. Ауыл шаруашылығында үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы таныстық. Техника сатып алдық, жабдықтарымыз – ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық. Біз Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, нәтижесін көріп отырмыз. Ал, 2024 жыл жемісті жыл болды. Себебі, өзіміз үшін ірі жобаларды жүзеге асыруды бастап кеттік. Жеңілдетілген несиге өтінішімізді қолдады. Үкімет пен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін шексіз алғыс айтамыз, – дейді Иван Георгиади.
Дерекке сүйенсек, кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салу да жоспарда.
– Бұл – өте қажетті және маңызды жоба. Жақында Нұра ауданында 1200 ірі қараға арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Биыл Осакаров ауданында егістік алқабы 450 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,5 мың гектарға артық.
Кейінгі жылдары өңірде мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де өсіп келеді. Ірі қара мал, қой мен ешкі, жылқы басы да көбейген. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Оған Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауылдық округтерінде және Молодежный кентінде іске асырылған «Жайлау» жобасы көмектескен. Биыл Есіл ауылдық округі де қатарға қосылмақ.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»