Центральное ауылының әкімі республика бойынша ең айқын және адал ниетті деп танылды
Қазақстанда “Үздік ауыл әкімі” байқауының қорытындысы шығарылды. Шараны “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды. Мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды ынталандыру болып табылады.
Қарағанды облысы атынан аймақтық кезеңнің жеңімпазы – Бұқар жырау ауданы Центральное ауылының әкімі Самат Мейірманов қатысты. Республикалық деңгейде ол “Халыққа ашық әкім” номинациясын жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық кезеңде үздік ауыл әкімі атағына үміткерлер ауылдық аумақтарды дамыту бойынша эссе мен жобалау жұмыстарын ұсынған болатын. Ақтық сайыста әңгімелесу өтті.
Самат Мейірманов мемлекеттік қызметте жетінші жыл еңбек етеді. Өзінің жобалық жұмысында ауыл әкімі спорттық инфрақұрылымға назар аударды. Ол бассейнді қалпына келтіріп, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жабдықтауды ұсынды.