Құрман ҚАЛЫМОВ: «Сәкен театрын өрге сүйреуге әзірмін…»
Театр – тірі ағза. Онда бәрі шынайы, дауыс та, сезім де, көңіл-күй де. Мұнда келіп қойылым тамашалаған адам, жанының көп кірбіңінен арылады. Ол үшін миға салмақ салып, сахна мен актердің жан дүниесін сезіну қажет. Оның үстіне, індеттің кесірінен жарты жылға жуық театрлар онлайн жұмыс істеді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры 8 қазаннан бастап, жаңа маусымын ашатынын естіп, қатты қуандық. Осы жөнінде кеңірек білмекке театрдың жуырда тағайындалған жаңа басшысы Құрман ҚАЛЫМОВТЫ әңгімеге тарттық.
– Құрман Өмірбекұлы, Қарағандыға қош келдіңіз! «Әуезов – әкем, Сәкен – көркем театры» деген сөз бар. Арқа төсіндегі 90 жылға жуық тарихы бар іргелі рухани ордаға басшы болып келгенде қандай күй кештіңіз, қорқыныш болды ма?
– Қорқыныштан гөрі үлкен жауапкершілік болды. Қасиетті театрдың есігінен күтіп алған күзетшіден бастап, кабинетіме кіргенше алдымнан шығып, жылы шырай танытқан түгел ұжымның тағдырына жауапты екенімді бар жүрегіммен сездім. Өйткені, мұнда рух мәселесі бірінші орында. Театрдағы 225 қызметкердің 45-і актер болса, қалған 180-іміз сол 45 актердің бар жағдайын жасаймыз. Сахнаны әрлеу, костюм тігу, гримдеу, сценарий жазу, ұйымдастыру және басқа да толып жатқан жұмыстар бар. Солардың шығармашылығын қолдап, қойылым арқылы елге жеткізгісі келгенін айтуға жағдай жасауға міндетті екенімді ұқтым. Олардың идеясын тыңдап, шығармашылық жағынан шыңдалуына көмектесіп, сүйеуім керек екенін, әрқайсының жақсы көңіл-күйде жүруін қадағалауым қажеттігін түйсіндім. 15 жылдай осы салада қызмет етіп келемін. Бұған дейін де екі іргелі театрда жемісті жұмыс істедім. Жинаған тәжірибем мен бар күш-жігерімді салып, Сәкен театрын өрге сүйреуге әзірмін.
– Жаңа маусымда көрерменді немен қуантасыздар?
– Облыстың бас санитар дәрігері 50 адамға ғана рұқсат беріп отыр. Оның өзінде, гигиеналық талаптар толық сақталуы керек. Ал, жаңалықтың үлкені – Т.Ибрагимов пен М.Әбілдің «Жас Абай» премьерасы. Арқаның ақсарайы атанған театр ұжымы жаңа маусымын 8 қазанда хакім Абайдың 175 жылдығына орай осы қойылыммен ашады. Бұл қойылым марқұм Сансызбай ағамыздың кезінде де сахналанған. Бірақ, көрерменнің құмары қанбаған тәрізді. Абайдың бұған дейін көбіне қартайған шағы сомдалды. Мұнда «Абай жолы» романының I томындағы оқиға желісімен бала Абай дана Абайға айналады. Қоюшы режиссеры һәм суретшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Н.Жұманиязов пен Е.Тұяқов. Сонымен қатар, режиссер Бек Мұқатай сахнаға дайындаған Дулат Исабековтің «Актрисасы», Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған атақты режиссер Қуандық Қасымов сахналайтын Жолтай Әлмашұлының «Ғұлама ғұмыр» сынды үлкен премьералары күтіп тұр. Көрермен «Ғұлама ғұмыр» премьерасын 23-24 қазан күндері көре алады. Осылайша, жаңа маусымда бай әрі мазмұнды репертуарынан комедиялық, трагедиялық және тарихи жанрдағы түрлі жаңа қойылымдар көрерменге ұсынылады. Елдегі жағдайға байланысты аптаның бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері күніне бір қойылымнан ұсынамыз. Оның ішінде ұлттық классика мен әлемдік шаһқар туындылар бар.
– Болуы ықтимал індеттің екінші толқынына театр сақадай сай шығар?
– Шындығында індет ойнайтын дүние емес. Осы аты жаман аурудың кесірінен театрды бірнеше жыл басқарып, академиялық атақ алуына үлкен еңбек сіңірген, ғажайып әртіс, керемет басшы Сансызбай ағамыз бен театр репертуарындағы бірнеше спектакльдің авторы һәм режиссері тамаша талант иесі Сламбек Жұмағали ағамыздан айрылдық. Олардың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда. Осындай жағдай қайталанбас үшін індет қайта өршісе, театр қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жібереміз. Жалақылары сақталады. Сондай-ақ, жаңа маусымда Сламбек ағамыз сахнаға әзірлеген «Еңлік-Кебек» пьесасын да ұсынбақпыз.
– 90 жылдық мерейтой да алыс емес. Дайындық қалай жүруде?
– Дайындық ойдағыдай. Құдай қаласа оған жаңа тың серпінмен жетеміз деген үміт бар. Еліміздің іргелі театрларын, режиссерлар мен суретшілерді шақыруды ойлап отырмыз. Биылғы 89 маусым 90 жылдық мерейтойға дайындық іспетті. Жаңа маусымдағы қойылымдар маған дейін жоспарланып, бекітілген дүниелер. Келер жылға жаңа серпіліс, тың дайындықпен аяқ басуға ниеттіміз.
– Қызмет жолыңызды актер ретінде бастап, талай жетістікке жеттіңіз. Ал, басшылық қызметке қалай келдіңіз?
– 2003 жылы Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов және Әзербайжан Мәмбетовтен Нұр-Сұлтан қаласында курстан өттім, сол тұлғалардың тәлім-тәрбиесін алдым. Сахна тілі, шеберлік және басқа да актерға қажетті жақсы қасиеттерді жоғары оқу орнындағы ұстаздарыммен қатар осы абзал жандардан алдым. 2007 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында 6 ай актер болдым. Кейін арман қуып, Нұр-Сұлтанға қайта барып, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында актер, труппа жетекшісі болдым. Театр басшысы, белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбек өзіне орынбасарлыққа шақырды. Оның талап-талғамы өте биік болатын. Менің бойымнан ұйымдастырушылық қабілетті байқаған болуы керек, шамасы. Сол қызметті 11 жыл атқардым. 6 директормен жұмыс істестім. Кейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына басшы орынбасарлығына ауысып, онда біршама уақыт жұмыс істеп, сосын осы Орталық Қазақстандағы киелі қара шаңырақ Сәкен театрына келдім. Ерсайын Тәпенов, Жақып Омаров, Әлімбек Оразбековтей атақты тұлғалардың еңбегі сіңген, тарихы бай қасиетті шаңырақ – бұл. Кезінде Әуезов театрымен тәжірибе алмасып, Әзербайжан Мәмбетов ағамыз Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» спектаклін қойған екен. Қазір мұнда Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов сынды театр майталмандары мен бірқатар жас талантты әріптестерім бар. Енді, бірге елдің рухын көтеруге жұмыла жұмыс жасаймыз.
– «Отан – от басынан басталады» демекші, осындай жетістікке жету үшін үйдің де береке-бірлігі маңызды. Отбасыңыз жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?
– Өзім кербез Көкшетаудың Зеренді ауданында туғам. Көпбалалы шаңырақта өстім. 9 баланың 7-шісімін. Сондықтан көпшілмін. Әкем механизатор болып жұмыс істеді. Ағаш пен темірдің шебері болды, айтқыш-тын. Егер, оқып білім алғанда не мықты инженер, я жақсы жазушы болатын еді. Өте көп кітап оқитын, өйткені. Өзімнің 2 ұл, 1 қызым бар. Айбар, Әліхан, Аянат. Үлкен ұлым Айбар 7 жасынан бастап, Қ.Қуанышбаев театры сахнасында баланың рөлін сомдады. Еліміздің біраз жерінде гастрольдік сапарда болды. Кейінгі ойнағаны Қазақстанның Халық әртісі Т.Теменовтің Ш.Айтматовтың «Жәмила» повестінің желісімен сахналанған «Аққудың көз жасы» қойылымында Сейіттің рөлі. Болмысы актерлыққа бейім, өзі де осы жолды таңдағысы келеді. Келіншегім Панар Кәрібекова музыка саланың кәсіби маманы.
– Көрерменге қандай тілегіңіз бар?
– Театрға келіп тұрыңыздар. Біз сіздердің талғамдарыңызға сай дүниелерді ұсынуға тырысамыз. Айнаға қараған адам өзін көреді. Ал, театрға келіп қойылым тамашалаған жан өзінің жанына үңіле алады. Өзін мазалап жүрген сауалға жауап табуы мүмкін. Сондықтан, айнаға көп қарай бермей, театрға келіп өз жаныңызға үңіліп тұрыңыз.
– Уақыт бөліп, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге рахмет! Жаңа қызметте толағай табыс тілеймін!
Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.