Руханият

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы»

Ұстаз әрқашан өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, пәнін жетік білетін, тәжірибесі тоғысқан, оқушыларға үлгі болатын адам.

Жаңартылған білім мазмұнындағы оқытудың инновациялық технологиялары мен белсенді оқытудың басты мақсаты – оқушы ойына шабуыл жасау, кез келген затқа, суретке сын тұрғысынан ойландыра отырып әрекет етуге, қиялдауға, тың ойлар айтуға, қорытынды шығара білуге баланы ынталандырады. Оқушыларды шағын топтарға бөле отырып еркін жұмыс жасауларына мүмкіндік туғызу, бір-бірімен ынтымақтаса отырып ортақ шешімге келуге, ауызбіршілікке тәрбиелеуді көздейді.

Биыл еліміздің барлық мектептері 10 балдық бағалау жүйесіне көшті. Сонымен қатар, Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Әліппенің» мектеп бағдарламасына қайтарылатынын мәлімдеген болатын. Қайта оралған оқулықтың Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде жасалып жатқаны бастауыш сынып мұғалімдері мен ата-аналар үшін ең үлкен жағымды жаңалық болып естілді.

Ұстаздық етуден асқан ұлылық бар ма? Уақытыңмен санаспай, бағытыңнан адаспай ұстаздық ете білу де асқан шеберлік.

Күлиза Хұсманқызы 1992 жылы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептен қызмет жолын бастады. Бұл еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болып жатқан алғашқы жылдардың бірі еді. Кейін 1997-2000 жылдары №68 жалпы білім беретін мектепке ауысты. Ал 2001 жылдан бастап №77 мектеп-балабақша кешенінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеуде. Осы уақыттарда 6 рет бастауыш сынып түлектерін орта буынға шығарып салды. Орта буынға өткен оқушылары әр кез өзінің бастауышта алған білімін үлкен жетістікпен ұштастыра білді.

«Ұстаздық – өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау». Ұстаз үшін әр сабақта оқушының белсенділігі мен жетістігін көруден асқан қуаныш жоқ. Сабағың сәтті өткен сайын өзің де шығармашылық шабыт оянып, одан сайын ізденіп ашыласың, оқушы бойынан өз еңбегіңнің жемісін көріп шаттанасың, баламен бірге қуанасың. Шығармашылыққа бейім, ізденімпаз, белсенді оқушыны үнемі қолдап отырады. Күлиза Хұсманқызының сыныбында Арман Шаяхметов «Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі – тәрбие көзі» атты шағын кітапша жасап, оны мектептегі Бауыржан батыр музейіне және өз сыныптастарына тарту етті. Ал Төлеубек Бексұлтан «Заттардың қасиетін зерттеп» тәжірибе жасап картоптан крахмал алатынына көз жеткізді. Болатов Расул Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап, шағын жинақ кітапшасын дайындады. Оқушылардың жұмысы республикалық «Зерде» шығармашылық жоба орталығына жіберілді.

Сабағын оқушылардың іс-әрекеті барысында сын тұрғысынан ойлана алатындай, бірін-бірі тыңдап ой пікірлерімен бөлісіп, бағалай алатындай етіп жоспарлайды. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген хакім Абайдың сөзі Күлиза ұстаздың педагогикалық ұстанымы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button