Ресми

Тарихи сәт табалдырығында

Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының сайлауалды штабы өз жұмысын бастады.Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова оның құрамына өткен сайлауға тікелей қатысқан және тәжірибесі бар белсенді тұрғындар, саяси кеңес мүшелері, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғамдастық өкілдері кіргенін атап өтті. Сонымен қатар, штаб жанынан жастар қанаты құрылды. Ол жастар арасында үгітнасихат жүргізбек.

Қадиша Базарбайқызының айтуынша, бүгінгі таңда халықтың түрлі топтарын қамтитын нақты іс-қимыл жоспары жасалған. Штаб қызметінің желілік кестесі әзірленді. Партияның Қарағанды облыстық филиалы басшылығының қатысуымен бірқатар шаралар өткізу көзделуде. Оның арасында, көшпелі мәслихаттар бар. Бұған қоса онлайн-форматтағы жиын да жоспарда бар. Көшпелі кездесу кезінде қауіпсіздік ережелері сақталатын болады.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев партияның XX съезінде: «Партия қоғамнан келіп түскен ұсыныстарды ескерді. Біздің сайлауалды бағдарламамызды бүкіл ел дайындады деп айтуға болады!» деген еді. Бұл құжатта қазақстандық қоғам өмірінің барлық салалары қамтылған. Білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамсыздандыруға, отбасыларды, әйелдерді, жастарды, аға буынды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте сайлауалды бағдарламаның әрбір қадамы, оның әрбір жобасы қаржылық тұрғыдан ескеріліп, елдің мүмкіндіктерімен үйлескен. Біздің сайлау науқанының басты ұраны – «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» Бұл – еліміз үшін күрделі кезеңдегі қоғамымыздың басты біріктіруші мотиві мен құндылықтарын көрсетеді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткен жетістіктің үш негізгі қағидаты бар. Бұл – жауапкершілік, партиямыздың бірлігі, ортақ мұраттар мен мақсаттарды ұстану, – деп атап өтті штабтың таныстырылымы барысында Қадиша Оспанова.

Ол партия Төрағасы Тұңғыш Президенттің Nur Otan партиясының барлық кандидаттары сайлау науқанына белсенді түрде қатысуы керектігін атап өткенін еске салды. Осыған байланысты барлық үгіт-насихат жұмыстары адал және ашық диалог түрінде өрбуі тиіс. Партия кандидаттары 20/80 формуласын ұстануы қажет. Яғни, кездесу кезінде партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге 20% және сұрақтарға жауап беруге 80% формуласын ұстанулары керек. Естеріңізге сала кетейік, өткен праймериз барысында “Nur Otan” партиясының Қарағанды облысындағы филиалдарына халықтан бір жарым мыңнан астам аманат-арыз келіп түскен. Олар мұқият пысықталды. Жалпы, 19 сайлауалды бағдарлама әзірленді, оның ішінде, бір облыстық, тоғыз қалалық және тоғыз аудандық бағдарлама бар. Өңірлердің ерекшелігі ескерілді. Неғұрлым өзекті проблемалар, оларды шешу жолдары айқындалды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button