Бас тақырып

Отбасы – бірлескен жоба

Отбасында идиллия орнағанда ғана тыныштық болмақ. Дастархан толы жарыңның қолынан шыққан дәмді ас, сый-құрметке толы әңгіме, жанашыр сөздер, үлкеннің кішіге мейірім шуағы, кішінің үлкенге ерекше құрметі. Бұл – біз армандайтын бақытты отбасының келбеті. Бірақ, өмірде үнемі осылай бола бермейтіні – өкінішті.

 

Өмір – өткінші. Отбасы осы өмірдің, қоғамның негізгі іргетасы десек, жақсы болмағың да, жаман болмағың да отбасына тікелей байланысты. Психологтар кез келген баланың өмірде жолының болуы немесе болмауын осы отбасында алған тәжірибесімен тікелей байланыстырады. Олар өздерінше басқаша түсіндіргенімен, қазақ «ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» дейді.

– Отбасы – бұл белгілі бір моральдық-психологиялық климат. Бала үшін бұл адамдармен қарым-қатынастың алғашқы мектебі. Демек, ата-ананың мінез-құлық модельдері де маңызды. Балалар көбінесе басқа
адамдардың, әсіресе олармен тығыз байланыста болған адамдардың мінез-құлқын қайталайды. Бұл ішінара басқалар сияқты өзін-өзі ұстауға саналы әрекет, ішінара бейсаналық еліктеу, өзге біреуді басқалармен сәйкестендірудің бір аспектісі, – дейді психолог-маман Сара Ибадуллаева.

«Бүкіл тіршілік иесін бір Алла
жаратқан. Соның ішінде осы құмырсқаға осынша мейірі неге түскен деп ойлаймын. Қыста құмырсқа дамылдайды. Илеуін қараңыз. Иі қанған ғимарат деуге болады. Біздің үйіміздің, күйіміздің иі қанбаған ба деп ойлаймын», – деп жазыпты, белгілі публицист Мағауия Сембаев.

Сонда күнделікті айтылып, дабыл қағып жүргеніміз – құрылмай жатып, ортасына түскен шаңырақ, ата-анасының сәтсіз тәжірибесінің нәтижесінде өмір бойы көңілінде дық қалған көңілі жарым бала, жартыкеш қоғам. Соның бәрі отбасында әбден тәрбие көріп, иі қанбаған баланың отбасылық өмірге қадам басуынан болмай ма?! Публицист айтқандай, иі қанбаған үй, иі қанбаған отбасы содан шығады емес пе?!

Жалпы, қазақтың әдет-ғұрпында әйелі ерінің барша істеріне бойұсынуы керек. Бұл ер адамды сыйлаудағы маңызды ғұрыптық дәстүр. Мұның әр жағында, қыз баланы әсте кемсіту емес, керісінше, ұлдарынан гөрі ерекше жақсы көріп, еркелету, сол арқылы, болашақта өзге отбасының түтінін түтетіп, ұрпағын өргізетін ерекше бір құбылыс ретінде қарап, болашақ өмірге дайындап жатқаны айтпаса да түсінікті. Қазақ отбасында қызды жазалау әсте кездеспейтін құбылыс.

Осы ғасырдан ғасырға созылған әдет-ғұрып қазіргі отбасыларда сақталады ма? Дәл сол қалпында, қаймағы бұзылмастан жетті десек, әлбетте қателесеміз. Уақыт өзгерді, құндылықтар дәл сол қалпында қалмаса да, уақыт легіне ілескен өмір салты өзгерістер енгізді. Қазіргі заманауи отбасы өзара тиімділікке негізделген серіктестік, бір-бірінің осал емес, керісінше мықты тұстарын толықтыратын синергетика. Ал, қарым-қатынас жақсы болуы үшін бұдан қысылудың еш қажеті жоқ.

Бұндай қарым-қатынас моделі делі кездейсоқ пайда болған жоқ. Нарық заманы өз ережесін белгіледі. Ерімен қатар, әйел де отбасының табысын арттыруға көмектесіп, мансаптық бедел жасауда. Сонда, кемшін кетіп жатқан не? Ол – ерінің менмендікке салынбай, жарының өзіне көмектескісі келген ниетін дұрыс түсініп, ал, әйелдің қанша жерден табыс әкеліп, отбасының бір жыртығын жамауға көмектескенімен, әуел бастағы міндеті – отбасы жылуы мен бала тәрбиесін, еріне деген құрметін ұмытпауы. Сонда ғана отбасының ортақ мақсаты мен миссиясы орындалмақ. Отбасы – бірлескен жоба. Оны жалғыз сүйреу мүмкін емес. Қазіргі заманауи отбасы – менікі мен сенікін қосып, біздікін жасау. Сонда ғана бақытты отбасы болмақ. Ал, бақытты отбасында өскен сәбидің қоғамға кірігіп, оның толыққанды бір мүшесіне айналу мүмкіндігі жоғарылай бермек. Иі қанған қоғам иі қанған отбасынан басталады емес пе?!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button