АймақҚарқаралы

Қарттардың тілегі – ел амандығы

Әрбір отбасының дана қариясы, ақылшы әжесі атанып отырған қазыналы қарттардың қоғамдағы алар орны ерекше. Ардагер деп ардақ тұтып жүрген қарт адамдар қашан да елдің тыныштығы мен бірлік-берекесін тілейді. Осындай тілеуқор қарқаралылық ардагерлер қоғамдық шаралардан да тыс қалмайды.

Өздері күнделікті жиналып, бас қосатын, бос уақыттарын тиімді өткізетін Ардагерлер үйін өз күштерімен шама-шарқынша жөндеп алған. Шахмат, дойбы, теннис ойнап, газет-журналдар оқиды. Одан бөлек, 500-ге таяу кітап қоры да бар. Ауданда ұйымдастырылатын мәдени-ізгі шаралардан да тыс қалмайды. Сенбілікке шығу, ағаш отырғызу, мерекелік шараларға атсалысуды өздерінің өскелең ұрпақ алдындағы өнегелі борышымыз деп біледі. Ардагерлер үйіне тұрақты келетін 30-ға жуық қарт адам бар. Өлке тарихына қатысты лекциялар оқылып, мешіт имамдарымен имандылық тақырыбында кездесулер ұйымдастыруды жақсы жолға қойған.

– Қай уақытта болсын қарттардың қоғамнан ойып тұрып алатын өз орны бар. Дегенмен, бүгінгі күнде елеусіз қалып жатқандаймыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне тынымсыз еңбек ете отырып, саналы ғұмырларын арнаған ардагерлерге қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Халықтық тәлімтәрбие әженің ақылы, атаның өнегесімен беріліп келеді. Қамкөңіл, бала мінезді қариялардың көңілін тауып жүрген кішіпейіл бауырларымыз, біздің отыратын үйімізді жөндеуге демеушілік жасаған кәсіпкер Шынар Мақашева, ұлағатты ұстаз, қайырымдылық шараларына атсалысып жүрген Арай Дайырбекқызына алғысымыз зор, – дейді, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бабайбеков.

Тіршіліктегі тынысы таусылмаса, адам баласының қартаюы – табиғи заңдылық. Ал, қарттардың тілегі – ел амандығы. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Қарттар – кісіліктің төресі. Осындай қадірқасиет болмыстарына тұнған қарқаралылық қарттар елдегі болып жатқан тың жаңалықтардан да хабардар болып, талқылап, ой-пікірлерін қосып отырады. Дегенмен, әттеген-ай да, жоқ емес. Бұл кісілер отырған ғимаратқа бір ғасыр уақыт болған. Жағдайы сын көтермейді. Төбесінен су ағады. Есік-терезелері ескі. Бөлмелері жөндеу көрмеген. Осындай жағдайда отырса да көңілдерін түсірмейді. Күнделікті келіп, әңгімедүкен құрып, уақыттарын өткізеді.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button