Жаңаарқа жүрісінен жаңылмайды
Жаңаарқа — даму сипаты жағынан ауыл шаруашылығы бағытындағы аудан. 34,6 мың тұрғынның экономикалық белсендісі — 16,9 мың адам. Демек, жартысына жуығы — жұмысқа жарамды, ал, жұмыссыздық деңгейі – 3,6%. Бүгінде аудан жұртшылығы жылды 106 миллиард 490 миллион 900 мың теңгемен аяқтауға күш жұмылдыруда. Ол үшін өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, құрылыста, сауда-саттық саласында көздеген межеден көріну керек. Бүгінгі беталысты бағамдау үшін аудан басшысы Юржан БЕКҚОЖИНДІ әңгімеге тартып, бірнеше сауал қойған едік.
ІЗГІЛІК – ЕЛДІК ҮЛГІСІ
– Әлемді әбігерге салған індет Қазақстанның да «қабырғасына» қатты батты. Жаңаарқа жұртшылығына да жеңіл соқпағанын сеземіз. Соған қарамастан, осы бір күрделі кезеңде жаңаарқалықтар жағымды жарқын бастамаға ұйтқы болып, елдіктің үлгісін көрсетті…
– Иә, елдікке сын болған сындарлы сәтте есті жедел жиып, індетті еңсеру өз алдына, аудан жұртшылығы еңсе түсірмеуге түрткі болатын игі істің ұйтқысына айналды. Басқасын былай қойғанда, шипалы сусын – қымызды ауыл болып жинап, ауданнан тыс бірқатар емдеу мекемесіне де дүркін-дүркін аттандырып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Атын атап, түрін түстемегеніме ешкім «есімім ескерілмей қалды» деп өкпелей қоймас, ең бастысы – елдіктің өнегесі көрсетілді. Сол үшін аудан халқына тағы да облыстық басылым арқылы шексіз алғыс айтамын.
Тек аудан халқының атынан барлығы 90 пульсоксиметр алынды. Демеушілер мен қайырымдылық қорлары көмек қолын созып, тіпті, облыстың өзге өңірінде қызмет қылып жүрген аудан өрендері қомақты қаражат шығарып, соның нәтижесінде 2 инфузомат пен 54 оттегі концентраторы, 2 «SV-300» өкпенің жасанды желдеткіш қондырғысы, 3 «ІМЕС12» мониторы, 1 «Clear Vue» ультрадыбысты диагностикалық жүйесі, 2 дезинфекциялық камера, 3 түйіспесіз термометр ауданның емдеу мекемелеріне тапсырылды. Арнайы өтініммен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алынған аппарат пен әртүрлі құрал-жабдық, арнаулы автокөлік өз алдына.
Індет өршіген талма тұста ауданда жалпы 277 адам сырқатқа шалдықты. Сол сындарлы сәтте 90 орындық – пульмо-провизорлық, 20 орындық инфекциялық бөлімше ашылды. Балалар бөлімшесіндегі 15 төсек-орын қажеттілік туындаған жағдайда ашылу үшін резервте дайын тұрды. Спорт мектебінде қосымша 20 кереуеттік күндізгі стационар, 2 мобильді бригада істеді. Амал не, ауру андыздаған алмағайып уақытта 37 (КВИ – 9, қалғаны – пневмония) ауылдастан айрылып қалдық.
Қазір де қамсыз емеспіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына 6 инфузионды шприцты насос, 1 цифрлы жылжымалы флюорографиялық рентген кешені, бала мен нәрестенің өкпесіне жасанды жел жіберетін 2 аппарат, жаңа туған нәрестеге интенсивті терапия жасайтын 1 инкубатор, 1 тасымал инкубаторы, 1 стационарлық цифрлы диагностикалық рентген аппараты, мәйіт сақтайтын 2 орындық мұздатқыш, 3 пациент мониторы сияқты медициналық құрал-жабдыққа өтінім беріп, келісім-шартқа отырдық. Аудан аумағындағы 13 дәріханада індетке қарсы керекті дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жасалды.
ЕБІН ТАПҚАН, ЕСЕ ЖІБЕРМЕЙДІ
– Енді шаруашылық мәселесіне ойыссақ. Ауданның сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне көңіліңіз тола ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығына айрықша назар аударып, бұл саладағы негізгі міндеттер қатарында «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету» деп, қадап айтты. Саладағы маңызды мәселелерге тоқталып, шешімін күткен қадауқадау шаруаның түйінін тарқатып берді.
Ауданның тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуінің стратегиялық бағыт-бағдарын белгілеп отырған басшы ретінде айтарым: жағдай жаман емес, қай салада да азды-көпті ілгерілеу байқалады. Жасырып қайтейін, көңілімнің толатын да, толмайтын да тұсы бар. Оқырманға барынша түсінікті болуы үшін сөзімді дәйекті дерекпен сабақтайын.
Сегіз айдың қортындысы сенімге серпін беріп отыр. Негізгі капиталға 9959,7 миллион теңге инвестиция салынды, бұл – жоспардан 54,1% артық. Жыл аяғына дейін базалық инвестиция көлемі былтырғыдан 2 миллиард теңге артық болады деп күтілуде. 6 миллиард 774,2 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, бұл – жоспардан 33,6% көп. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда артық 0,859 мың шаршы метр тұрғын үй (+8,1%) пайдалануға берілді.
Ауданда 2440 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оларда 5469 адам, демек экономикалық белсенді халықтың ширегінен астамы (27,3%) жұмыспен қамтылған. Пандемияның салқыны осы салаға қатты тиді. Соның салдарынан, жыл басынан бері бұл салада өндірілген өнім мен атқарылған жұмыс көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,5% артқанына қарамастан, бөлшек сауда айналымы ақсаңқырап (90,2%) қалды.
Бизнестің беті бері қарайтын да күн туар, ең бастысы, «бас – аман, бауыр – бүтін» болсын! Өткен кезеңдегі өлім-жітім былтырғымен салыстырғанда (1000 адамға – 9,65%) ептеп көңілге қаяу салғанымен, аса алаңдайтындай шепке шыққан жоқ. Ана өліміне жол берілмеді. Туберкулез ауруымен тіркелген адам қатары екі есе азайды. Осының бәрі сындарлы сәтте жұдырықтай жұмылған аудан жұртшылығының, бел шешпей денсаулық күзетінде тұрған 327 медицина қызметкерінің, оның ішінде 45 дәрігер мен 184 медбикенің еселі еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бұл салада барлық қызметкерге баспана берілді.
Жалпы жетістіктің игілігін жұртшылық көруге тиіс. Әңгіме орайында айта кетейін, орталықтандырылған су жүйесін жетілдіру бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуде. Қазір оның ұзындығы 346,2 шақырымға жетті. 34 елді-мекеннің 14-іне орталықтандырылған су желісі тартылған. Ауданда тұратын 34 600 адамның 31 140-ы, яғни, әрбір он адамның тоғызы орталықтандырылған су жүйесінің қызметімен қамтылған.
– Күрең күздің алғашқы айы аяқталып қалды. Қаһарлы қыс қыр астында тұр. Қыстан қысылмай шығу үшін қандай қам-қарекет жасалуда?
– Қысқа әзірлік – әдетте, жылу беру маусымы аяқталысымен басталатын науқан. Биыл оған 451,4 миллион теңге қаражат қарастырылды. Ол жылу-су және электр желісін, сорғы, қазандық, генератор, кәріз, тағы басқа торап-құрылғыны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге жұмсалды. Ауданда 8 жергілікті жылу қазандығы және 47 жеке жылу қондырғысы бар. Қажетті көмір қоры жасалды. Білім, мәдениет, медицина, спорт саласы қысқы жылу беру маусымына толық дайын.
ӨНДІРІС – ӨЗЕКТІ БУЫН
– Жаңаарқа – тоғыз жолдың торабында тұрған аудан. Оның сыртында өндірісі тағы бар. Экономиканың осы саласы қалай өркендеуде?
– Жалпы өнеркәсіптік өнім көлемінің негізгі бөлігі тау-кен өндірінің үлесіне тиеді. «Сарыарқа Energy» ЖШС – көмір, «Қазақмыс» компаниясының филиалы – мыс кенін, «Арман» ЖШС марганец кені мен концентратын, «Орда Group» және Global Chemicals Industries ЖШС барит кенін өндіреді. Ауданда жер қойнауын пайдаланушы 14 кәсіпорын бар. Қазір бесеуі жұмыс істеп тұр, екеуі консервацияда, төртеуі зерттеу жұмысын жүргізуде, екеуі биыл өндірісті бастағалы отыр және 1 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.
Өңдеу өнеркәсібіне жататын «Зергер СБ» және «Самға 2050» ЖШС теміржолда жылжымалы құрамды жөндеумен айналысады. «Ануар» АӨК нан, ұннан кондитерлік өнім өндіреді. «Арқа Құрылыс 2009» ЖШС – асфальт-бетон қоспасы мен қиыршық ұсақ тас, «Жаңаарқа құрылыс жабдықтау» ЖШС шлакоблок кірпіш, төсемтас, жиектас, темір-бетон құрылыс материалын шығарады. «Жаңаарқа жылу» КМК – жылу беру, «Тазасу» КМК мен «Теміржолсу-Қарағанды» ЖШС ауданды сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қызметін көрсетеді.
Кейінгі кезде жалпы өнеркәсіптік өнім көлемі жыл сайын тұрақты артып келеді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард 337,1 миллион теңге болса, былтыр 6 миллиард 359,5 миллион теңгеге жетті. Ал, биылғы 8 айдың қорытындысында 4 миллиард 210 миллион 200 мың теңге болды.
Қазір өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына 3 жоба енгізіліп, жүзеге асырылуда. Оның біреуі – былтыр Қуат Ахметовтің «Бірлестік» шаруа қожалығы қолға алған «Етті қайта өңдеу, ет өнімін өндіру және асыл тұқымды еділбай қойын өсіру» жобасы. 2022 жылы оны іске қосқанда 20 жұмыс орны ашылып, жылына вакуумдық қаптамада оралған 79 тоннаға дейін ет өнімін өндіруге мүмкіндік туады деп күтілуде. Сосын «Қужал Ресурс» ЖШС айналысып жатқан қуаты жылына 0,7 тонна алтын-күміс қорытпасын, 10,8 мың тонна қорғасын концентратын, 4,3 мың тонна мырыш концентратын өндіруге жететін «Қужал» кен орны базасында бағалы металл мен полиметалл байыту өндірістік кешенін салу» жобасы 2023 жылы жүзеге асқанда жаңадан 140 жұмыс орны ашылады.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында (2020-2025ж.ж.) ULY DALA Co. ЖШС мұрындық болған «Салқындатқыш қоймалары бар мал сою цехын, кейін етті қайта өңдеп шұжық өндіретін 10 000 бас малға арналған шаруашылық кешенін құру» жобасын өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін наурызда құжаттары облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасына ұсынылған еді. Тамызда өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған шешім шығарды. Жоба келесі жылы жүзеге асқанда 74 жаңа жұмыс орны ашылады, жылына 1164 тонна ет өнімі өндіріледі.
Кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс 2 жоба тағы бар. ERG Recycling ЖШС «Шығыс Қамыс» кен орнында жылына 220 мың тонна марганец кенінің қалдығын өңдеп марганец концентратын алатын, құрылыс материалын шығаратын өндірістік кешеннің құрылысын келесі жылы бастағалы отыр. Сондай-ақ, «ЖаңаАрқа Марганец» ЖШС осы кен орнында марганец өндіріп, жылына 60 мың тонна концентрат алмақшы. Биыл тамызда өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Бұл 2 жоба жаңадан 130 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА – МЕРЕЙЛІ ШАРА
– Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қалай? Әсіресе, «екі қолға – бір күрек» таппай жүргендердің жолын ашқан құнды құжат – «Жұмыспен қамтудың жол картасына» кеңірек тоқталсаңыз…
– Ауданда 9 мемлекеттік бағдарлама бойынша жылдық жоспары 4 миллиард 675 миллион 59 мың теңге болатын 91 жоба іске асырылуда. 8 айда 2 миллиард 48 миллион 939,6 мың теңге игерілді. Егер әр бағдарлама бойынша жобаны жіктесем, былай болып шығады: «Нұрлы Жер» – 13, білім беру – 5, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – 1, тілдерді дамыту мен қолдану – 2, «Өңірлерді дамыту» – 52, «Денсаулық» – 3, индустриялық-инновациялық даму – 1, «Еңбек» – 5, «Рухани жаңғыру» – 9. Жұмыспен қамтудың жол картасына, өтінішіңе орай, жеке тоқталайын.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2 миллиард 70 миллион 13 мың теңгеге 44 жоба, оның ішінде 1 миллиард 73 миллион 150 мың теңгеге 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар 13 ауылдық елді-мекенде білім беру, абаттандыру, жылумен, сумен және электрмен жабдықтау, автожол жөндеу бағытында қолға алынған. Жұмажанов және Ынталы ауылын, Атасу кентін абаттандыру аяқталып, 52,7 миллион теңге қаржы игерілді. Ақтүбек ауылында – мектеп, Атасу кентінде 4 балабақша 112,5 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу өтті. Атасу кентінде ұңғымаға, су құбырына, құдық пен мұнараға, кәріз жүйесіне – ағымдағы жөндеу, Қызылжар кентінде су тазалау станциясын ауыстыру, Қылыш ауылында ұңғыма қазу жұмысы жүргізілуде.
Электр қуатымен жабдықтауды жақсарту мақсатында 6 ауылдық елді-мекенге жалпы 106,5 миллион теңге қаржы қарастырылды. Коммуналдық меншікке өткен TOLAGAY ЖШС Талдыбұлақ ауылдық округінде жарық мәселесін қолға алып, 35 миллион 840 мың теңгеге тозығы жеткен электр желісін ауыстырып, 16 шақырым 500 метрін тыңнан тартты. Байдалы би ауылдық округінде де бірқатар жұмыс жүргізілуде. Айталық, көптен көпшіліктің көңілін күпті қылып келген КТП мәселесі осы бағдарлама арқылы түбегейлі шешімін тапты. Оны 1 миллион 889 мың 285 теңгеге жүзеге асырған ULAN жеке кәсіпкерлігі. Ақтүбек ауылдық округіне қарасты Атасу станциясында көшеге шам орнату толық аяқталып, түнгі ауылдың ажары кіріп қалды. Орынбай ауылында электр трансформаторын ауыстыруға республикалық бюджеттен 3 миллион 919 мың теңге қаражат қарастырылып, «ЖаңаАрқаҚұрылысЖабдықтау» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды.
396,6 миллион теңгеге инженерлік-көлік инфрақұрылымына – ағымдағы жөндеу, 7 ауылдық елді-мекендегі жалпы ұзындығы 22,9 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу, барлығы 11 жоба іске асырылуда. Биыл Байдалы би ауылдық округінің Атасу ауылында бір үлкен жоба сәтімен аяқталды. Жол салуда 48 миллион 200 мың теңге толық игеріліп, аталмыш жұмысты жергілікті «АрқаҚұрылыс2009» ЖШС жоғары жауапкершілікпен, сапалы атқарды. Алты шақырым жерге тас төселіп, оның бір шақырымы асфальтталды. Соңынан компания өз қаржысы есебінен 20 тонна асфальтты тегін жекізіп, әкімшілік қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының ат салысуымен бұрыңғы асфальттың ойылып қалған жері тегістелді.
С.Сейфуллин ауылдық округінде, Орынбай ауылының ішінде бірқатар автокөлік жолы жобаға келіп қалды. Сонымен қатар, инвестициялық жобамен Атасу кентінде жаттығу залы бар жабық жүзу бассейні және 464 орындық мектеп салынуда. Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру барысында жаңадан 340 жұмыс орны ашылып, оның ішінде 167 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен орналасты. Сөйтіп, жұмыссыздық деңгейі 3,5% төмендеп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа ықпал етті. Мемлекеттік бағдарлама осылайша мерейлі шараға айналды.
ЖАЛЫҚТЫРҒАН ЖАРЫҚТЫҢ «ЖЫРЫ»
– Ауданға айтарлықтай ауыртпалық салып тұрған қандай проблема бар?
– Дәл қазір біз үшін белең алып отырған түйіткілді мәселе – тұтынушыға электр қуатын ырғақты жеткізудің жәйі. 6100 абонент және 60 бюджеттік мекеме электр қуатын тұтынады. Ауданды – «ЖезРЭК» АҚ, теміржол бойын «Жезқазған дистанциясы» АҚ электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ал, оны тұтынушыға жеткізіп беретін тасымалдаушы – «Сакен и К» ЖШС. Оған қарасты электр желісінің жалпы ұзындығы 783 шақырым: 580 шақырымы – 10 киловольттық, 203 шақырымы – 0,4 киловольттық.
Міне, осы тасымалдаушы компания қызметінің қиюы қашқан. Оның 2 жылға жуық уақыт бойы жұмыскерлеріне жалақы төлемегені бүгінде жалпақ жұртқа жария болып отыр. Қазір «Сәкен и К» мекемесіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізілуде. Біз де қарап отырған жоқпыз. Ұзақ уақыт жалақы алмаған азаматтардың жағдайына бейжай қарамай, демеушілер тарту арқылы мүмкіндігінше қаржылай және әртүрлі көмек көрсетілуде. Барлық мекеме басшыларымен бірлесіп, бұл мәселені оң шешу үшін мақсатты жұмыс жүріп жатыр.
Жаңаарқа ауданы бойынша жарық жағы үлкен мәселе, басты проблемаға айналып отырғаны рас. Бірақ, бір ескеретіні, жекеменшік компанияға әкімдік қаражат қарастыра алмайды, ал электр желісі коммуналдық меншікке өтсе республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаржылай көмектесуге болар еді. Қазір оны коммуналдық меншікке алудың жолы қарастырылуда. Күн тәртібіндегі бұл өткір мәселе облыс және аудан әкімінің тікелей бақылауында. Алдағы уақытта коммуналдық меншікке алынысымен міндетті түрде қаражат бөлініп, тиісті жұмыс жүргізіледі. Аудан халқы жағдайының жақсарғаны бәрімізге тиімді.
– Юржан Асанұлы, ой-пікіріңізді бүкпесіз ортаға салған ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.