Бас тақырыпҚарқаралы

Қарағандылық кәсіпкерлер арабтарға құрт сатпақ

Қарқаралы ауданының кәсіпкері Сламбек Қынаятұлы өндіретін сүт өнімдеріне шет елде қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде құрт жеткізуге Біріккен Араб Әмірліктерінен тапсырыс түскен. 


Сламбек Қынаятұлы бір жыл бұрын «Бастау» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, өз ісін бастаған. Курс түлегі Ауыл шаруашылықты қаржылай қолдау орынан 18 млн теңге көлемінде несие алды. Алған ақшасын ол сүт өңдеу цехін сатып алуға жұмсаған. Жобаны аймақтық кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеген: бизнес-жоспар құрудан бастап жобаны іске қосуға дейін. 
– Қарқаралыға келген шет елдік туристер менің өнімдерімнен дәм татып, құртты қатты ұнатты. Біріккен Әмірліктерден келген қонақтар кетерде өздерімен бірге құрттың бірнеше түрлерін алып кетті. Өз елдеріне барған соң сараптама жасап оның табиғи өнім екеніне көздері жетті. Енді бізбен серіктестік орнатқысы келеді, тапсырыс жасап та үлгерді. Қазір құжаттарды дайындап жатырмын. Біздің ұлттық тағамымыз басқа елдерде танымал болатынын мақтан тұтамын, – деді Сламбек Қынаятұлы. 
Кәсіпкердің айтуынша, серіктестік орнату туралы ұсыныс Германиядан да келген екен. Ол елге ерекше технологиямен жасалатын майды жіберу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қарқаралыдағы цех 11 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Кәсіпорын күніне 2 тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. 
Ауылдық кәсіпкер бұдан әрі де дамуды көздеп отыр. Өзінде тұрақты түрде шикізат болуы үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды мал алуды жоспарлауда. 

Дереккөз: karaganda-region.gov.kz

Басқа материалдар

Back to top button