Жаңалықтар

Қоқыс та – табыс көзі

Үнем туралы сөз қозғағанда, үйдегі жарықты өшіріп жүру, керексіз затты сатып алмауды ғана ойлайтынымыз жасырын емес. Алайда, пайдаланған затты қайта өндеу арқылы пайда тауып бюджетке қаржы құю жағы кенжелеп тұр. Сол қалдықты шетелдіктер табыс көзі қылса, бізде қала ғана емес, ауыл мен дала да қоқысқа толған…

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, қоқыс мәселесінің сөз болып жатқанына бірнеше жыл болды. Энергетика министрлігі 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым да салды.

Сонымен бірге 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуге тиіспіз деді де. Қазақ даласында бүгінге дейін жиналған 22 млрд. тонна қалдықтың 96 миллион тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар екен. Бұл арнайы есепке алынған қоқыс алаңдарына төгілгені. Есепке алынбай тау болып үйілген күлқоқыс қаншама?!

Біз осылай улап-шулап жүргенде дамыған елдер жоқтан бар жасап, ебін тауып қоқыстың өзінен еселеп пайда табуда. Мысалы, Швецияда тұрмыстық қоқыстан электр қуатын өндіреді. Сингапур қоқыстың 90 пайызын қайта өндейді. Бұл көрсеткіш Германия мен Жапонияда 30 пайызды, АҚШ-та 27 пайызды, Швейцарияда 25 пайызды құрайды екен. Францияда алюминий, әйнек пен қағаз өнімдері түгелге жуық қоқыстан алынады. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал, Бельгия 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолмақол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

Жапондықтар болса қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Онда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл да төлейді.

Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыстық қалдықтардан түрлі улы газдар бөлініп, ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өндіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті, жасанды аралдар салып жатыр.

Еуропа елдерінде қалдық заттарды, қоқысты әр түрлі тасымалдағыш ыдыстарға сұрыптап салу баяғыда қалыптасқан. Олар мұнда шыныны, полиэтиленді, тұрмыстық қалдықтарды, тіпті, қолданылған батареяның өзін жеке-жеке жинайды. Біз болсақ, арнайы ыдыстарды көре тұра, барлығын бір қоқыс жәшігіне төге саламыз. Кемшін жеріміз – осы. Қайта өңдеуге жататын, бірақ сайын далада шашылған пластмасса құтылар 500, полиэтилен пакеттер 200, консерві қалбырлары мен шыны сынықтары 1 мың жылға дейін шірімей, жерде жатады екен. Тек темір-терсекті ғана теріп, оны Қытайға өткізумен ғана шектеліп жүрміз. Ал, жеріміз қоқыс полигонына айналып барады. Кесірінен табиғат зардап шегуде. Егер тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратсақ, одан пайда көріп қана қоймай, қоршаған ортаға тигізген залалымыз да аз болар еді.

Әдебиет Белгібайұлы.

Басқа материалдар

Back to top button