АймақСәтбаев

Жөндеу жүйелі жүргізілуде

Биыл кеншілер қаласында төрт мектепке жөндеу жүргізу көзделген. Оған 177 млн. 467 мың теңге қарастырылған. Тиісті тендер өтіп, бәсекеде бағы жанған мердігер білекті сыбанып, іске кірісіп те кетті. Жөндеу жұмысындағы 45 адамның 22-сі «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасына сәйкес, жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды.

Жуырда шаһар басшысы Асқар Ыдырысов мамырда басталған жөндеу жұмысының мән-жайымен танысты. Барлық нысанда жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Тек №15 мектептің шатырындағы күмбез пішіндес бөлігін жөндеу жағы ғана ептеп қиындық тудыратын түрі бар. Сондықтан, мердігер мекеме басшылығы бірқатар басқа қаладағы осындай ғимаратты жөндеген құрылысшылармен хабарласып, ақыл-кеңес алуда. Қала басшысы жаңа оқу жылы алдында алашапқын болмау үшін мердігерлерге барлық жұмысты тамыздың алғашқы аптасында тиянақтауды тапсырды. «Ең бастысы — жөндеу сапасынан мін табылмауға тиіс» деді ол.

– №3 жалпы орта білім беретін мектептің қасбеті жаңартылып, шатыры ішнара жөнделеді, №5 жалпы орта білім беретін мектептің қасбеті қалпына келтіріледі. Бұл нысандардағы шаруамен «Жаңа құрылыс 2012» ЖШС айналысуда. «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі №15 жалпы орта білім беретін мектептің шатырын ауыстырады, ал «Астана Премимум Строй» ЖШС №19 мектеп-лицейдің қасбетін және су құбырын жөндейді. Қала әкімі айтқан мерзімде жөндеуді аяқтауға мүмкіндік бар, біздің тараптан берік бақылау болады, – дейді, қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button