Бас тақырыпРуханият

Қазақты сүю неден басталады?

«Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», – деген Елбасымыздың сөзінде мән бар. Өйткені, «ханның жақсы болмағы қарашаның елдігінен» емес пе?! Демек, елдіктің белгісі – мемлекеттік нышандарға ыждаһаттылық пен құрметтен басталуы тиіс-ті.

Көк Ту желбірегенде, Әнұран айтылғанда төбе құйқамыз шымырлап, алпыс екі тамырымызды қуалап, бойымызды билейтін Рух бар ма бізде? Тосылып қалдыңыз ба? Мен де. Әйтсе де, Әнұран шырқалғанда, әркім қалғып-мүлгіп, селсоқ тұратынын көрген сайын осы бір суық сауал көкейде сумаңдайды.Ұрандағанда делебесі қозып, атқа қонатын кешегі Ұлы дала ұрпағының Ту желбірегенде осынша ұнжырғасы неге түсіңкі? Өзге елдердің туы көтеріліп, әнұранын естігенде сол елдің азаматы ебіл-дебілі шығып жылайды. Кәдімгідей қызығасыз. Адамның өзінде жоққа қызығатыны рас екен. Өйткені, ащы шындыққа тәтті өтірікті араластырмай тура қарасақ, мұндай Рух бізге жетпейді. Бәрінде демей-ақ қояйық. Бірақ, көпшілігімізде бұл рухтың өзі түгілі, жұқанағы да жоқ. Неге? Өліп қалған ба, әлде тұла бойымызда өнбеген бе? Беймәлім. Ойланып көріңізші… Ал, біле-білсек, Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айғағы, барымыздың белгісі, ұлттығымызды ұлықтайтын бірден-бір кие, белгі. Тәуелсіздіктің тұмардай қасиеті емес пе? Ел екеніміздің, жұрт екеніміздің айшығы. Қазақты сүю осыдан басталады.

Шындығын айтайық. 2007 жылы 4 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы Заңының күшеюі кейінгі кезде Туымызбен күл-қоқыс шығарып, Рәміздердің іш киімде бейнеленуін біржола тыйды. Тәубемізге түстік. Сосын 4-маусымда Рәміздер күнін бүтін ел болып атап өтетін жағдайға жеттік. Ресми түрде. Десек те, жүрегіміздің тым-тым түкіпірінде бұйығып ұйықтап қалған ұлттық белгілерімізге деген сезімді шырт оята алмай келеді. Себеп? Мәселенің төркіні тереңде.

Әр нәрсе тәрбиеден басталатыны рас. Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желі арқылы белгісіз бір балабақшадағы балдырғандардың Әнұран естілісімен, шыңғыра жүгіріп, қаз-қатар тізіліп, кішкентай қолдарын жүректерінің тұсына қойып, Әнұранды қосыла айтқанын көріп ет жүрегіміз елжіреп қоя берді. Дәл мұндай құрметті бұрын-соңды көрмеген соң шығар. Әйтеуір, тұла бойды жып-жылы леп шарпып өтті. Ол – жұдырықтай балдырғандардың пәк жүрегіндегі Әнұранға деген құрмет-ізеті еді. Егер, осы бетінен жеңылмаса, келешекте қазақты жанымен сүйер ұрпақ өсіп-өнеріне күмән жоқ! Жасыратын несі бар, тамсандық. Бұғанамыз бекіп, топшымыз қатайса да, Рухымыз мұндай жоғары емес-ті. Мойындайық.

Содан кейін жүректегі отансүйгіштікті түртпектеп оятатын – идеология. Кеңестің көйлегін киіп, суын ішкен аға ұрпақ пен орта буын жақсы білеміз. Сол кездегі солақай болса да, идеология мықты-тын. Мықтылығы сонда, кеңес қуғынына ұшыратып, опат қылған өз туған атамызды емес, Ленин «атамызды» әспеттеп төрге портретін іліп қойғанбыз. Қызыл ту, қызыл галстукті кір шалдырмаймыз. Қазір көк Ту мен Әнұранға сондай құрмет көрсете аласыз ба? Қайдам?! Күмілжіп қаламыз иә. Көрсете алармыз, ресмилендіріп. Алайда, онда шынайылық жоқ. Себебі, бізде «мынау ұлтың, мынау жұртың, мынау туың, мынау әнұраның оны ешбір есепсіз, сүюге міндеттісің!» дейтін ұстаным жоқ. Соның салдары – Елтаңбамыз белгіленген тиын-тебенді жерде жатса, көтеруге қомсынып, басып өте шығуымыз. Білсеңіз, тиынды емес, Елтаңбамызды басып барамыз. Киемізді таптап өттік. Елтаңбаға құрметі жоғары азамат ондайға бармайды. Ең алдымен, ол тиынды ақша деп емес, елімнің елтаңбасы деп жерден алар еді. Міне, мәселе қайда?! Бұл күні осындай тәлім-тәрбие, ұстаным, қағидат жетіспейді. Қарнымызды аштырып, қанымызды қарайтатыны да – осы.

Рәміздер күні қарсаңында көкейдегіні осындай рәуішпен жеткіздік. Мақсат – мұқату емес. Санаға сәуле жіберу-тін. Іште пікір өлгенше…

Қызғалдақ Айтжанова

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button