Үміт үркінішті жеңеді
Қараша айының көтерген жүгі жылдың белін қайыстырып-ақ тұр. Хәкім Абай «Қыстың басы» деп суреттеген сұсты айлардың бірі ғой: қабағы ашылмай, түнеріп тұрғанының өзі үркінішті-ақ.
Қараша демекші, былтыр тура осы айда «Абай» шахтасында апат болып, алты кенші көз жұмған болатын. Арада бір жыл өткенде қара жердің астында болған жарылыс бес шахтердің өмірін тағы да жалмады…
Таныс кеншінің әңгімесін тыңдағаным бар еді. Сонда оның айтқаны арқаны аяздай қарыған. «Шахтаға түсерде, – деген-тін ол, – бізде тек «аман шықсақ» деген ой ғана болады…».
Иә, кеншінің жұмысы қауіп-қатерге толы. Көрдей қараңғы шахтада жалғыз ғана Жаратқанға, сонан соң шамының жарығына сенеді. Ал, шынтуайтында, ол жұмыс беруші компанияның қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз еткен қамқорлығына сенуі керек еді ғой…
Өкінішке қарай, бұл мәселе шешімін табудың орнына уақыт өткен сайын ушығып бара жатқандай. Кеншіңіз шахтаға «Аман шығам ба?», деп жанын шүберекке түйіп түсетін болса, біз байғұс «Енді жарылыс болмаса екен» деп байыз таппай отыратын жағдайға жеттік.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қара жамылған бес шаңыраққа барып, көңіл айтты. Біле-білген адамға бұл жүрекке салмақ салатын, бойдағы қуатты сорып алатын қиын шаруа. Сүйенішінен айырылған отбасының қайғысына ортақтасып, онан соң осы қаралы жағдайға қандай да бір қатысым бар деп сезінудің өзі ел басқарған азаматтардың мойнындағы батпандай жүк.
«Ажал айтып келмейді» дегендей, апат та аяқ астынан ғой. Мұны алдын ала болжап болмас. Мәселе осының алдын алуға келгендегі құнттылықта ғой. Міне, осы жерде жұмыс беруші тарапынан кеткен олқылықтардың зардабы орасан зор болып тұр.
Бейбіт күнде шаңырақты шайқалтқан жаманаттың болмауына жауапты жұмыс берушінің мәселесі май шаммен қаралады деп сенеміз. Жалпы, мұндай жағдаяттардың енді қайталанбауы үшін жасалып жатқан шаралардың түбіне тереңірек үңілген керек. Яғни, еңбекшінің қауіпсіздігіне келгенде кез келген компания қолдағы бардан аянбауы керек; сараңдық танытқан заң алдында сазайын тартуы тиіс.
Әлбетте, мұндай түбірлі өзгерістер, түбегейлі реформалар «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» ұғымының толықтай салтанат құрғанында ғана іске асады.
Алпауыт компаниялар әрбір адамның өмірі үшін уайым жегенде ғана еңбекші қауым үшін қауіпсіз орта орнайды. Ал мұның өзі адам баласына жасалуға тиіс игілік атаулының құрамдас бір бөлшегі.
Дәл осы қарашаның жиырмасы күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында таңдау жасаған әрбір азаматтың санасында осы жайт та сағатша сартылдап тұруы керек деген ойдамыз.
Қайрат ӘБІЛДА
ҚАРАҒАНДЫ