Адамзаттың Алғашқы Ақыны (Эссе-трактат*)
(Соңы. Басы ).
ГОМАРДАН* БҰРЫН ҺӘМ ОДАН КЕЙІН
Гомардың алдында туу оңай ма, о да көретін көресінін көреді. Ол түгілі, біздің алдымызда туған Абай Хакімді айтпағанда, кешегі Мағжан, Қасымдардың өзі не көрмеді?! Алғашқы Ақынның мына бір жарық жалғанға келуі сол екен, енді онымен жағаласып, қолөнерімен айналысатындар мен базардағы бақалшы, саудагер, алыпсатарлардың арасынан да «О! Греция!» – деп қызыл тілін безейтін өлеңшілер шыға бастады. Өлеңдерінің төрт тармағында да бір мін жоқ. Ұйқасы да, теңеуі де алғашқы ақыннан бір де кем емес, құлағыңның құрышын қандырып, көңіл күйіңді тап басады. Со кезде осылай тақпақ айтушылар мен олардың да талантына табынушылар қара құрттай қаптай жөнелді. Халық ақын кім, ақын емесі кім екенін айыра да алмай қалды (әлі күнге дейін солай болып тұр)…
*Гоме́р (көне.-грек. Ὅμηρος, б.э.д. VIII ғасыр.) — грек ақыны, «Илиада», «Одиссея» дастандарының авторы.
Алғашқы Ақынның ата жауы сол кезде өз ортасынан – жаза алмайтын жазармандардан шықты! Ең алғаш «әдеби орта» дегенді ойлап шығарған осы Ақын еді. Онда өлеңді жан-тәнімен сүйетін құл иеленушілер мен философ-ойшылдар, сенаторларлар мен сылқым әйелдерге дейін жүр… Александр Блоктың «около литературные женщины» деп жүргені сол кезде-ақ шыққан. «Около литаратурные мужчины» дегендер де көп еді, олар әлі де аз емес… Бәйгеге түскен һас жүйрік соңынан ентелеп келе жатқан етжақынын қалдырып кетем демейді – озып кетеді ғой?! Қалып қоятын – тұғырлардың өздері…
Бірақ, біздің осы Алғашқы Ақынымыздың да оңып тұрғаны шамалы, қасындағы ит пен құстың бәрін бауырына тартып, өзіне етжақын дос-жаран көріпті. Адам баласынан озып, алғашқы болып туса да, біздің Мағжандай «Ақында адамзаттан дос болмайтынын» білмеген! Мағжанның өзі соны заманының дауасыз дерті жүрегіне шауып, өкпесі өшерде әзер сезді-ау деймін… Сол ататегі нашар, айтар сөз, ағытар сыры да шамалы құлдан шыққан жазармандар Ақынға неше түрлі пәле жауып, Императорға барады: «Мынау Сізді менсінбейді! Сіздің саясатыңызға, мемлекетке қарсы!» – дейді. Біреулерге жазған удай ащы эпиграммаларын жинап алып: «Сіз туралы жазған өлеңі – осы!» – деп алдына жайып салады. Ашулы Император Ақынды өмір-бақи түрмеде отырғызуға бұйырады. Сол күні жалғыз Греция ғана емес, ақыл-ойы әлі толыса қоймаған бүкіл адамзат баласы Алғашқы Ұлы Ақынынан айырылған еді! Орда бұзар отызға да тұяқ іліктіре алмай, абақтыда шіріп өлді байғұс…
Орыстың бүгінгі бір тегеурінді, ойлы азаматы Александр Невзоров: «Достаточно одной ошибки в ДНК, и получается ДНР» – депті. Не деген керемет сөз еді! ДНК мен ДНР-дің арасы – бір-ақ тұтам деп тұр! О, сұмдық! Мына дүниедегі кесапат пен келеңсіздіктің, қара пәле мен қасіреттің бәрі адамның ата-тегіндегі бір иттіктен, шикіліктен күшіктеп жатыр. Әлемдік саясаттан бастап, әдебиеттегі халтураға дейін… Ататектегі осы бір шикілік кежегесінен кейін тартып, әлі күнге дейін адамзат дамуын кәдуілгідей бөгеп, тежеп тұр! Халықтың түбіне халықсымақ – тобыр, ақынның түбіне ақынсымақ дәлдүріш жетеді!
..Енді Ақынның ата жаулары көшедегі көрінген дәлдүрішті көкке көтеріп: «Міне, нағыз ақын жаңа туды!» – деп шулай жөнелді – мінезі де жібектей! Қой аузынан шөп алмайтын қоңырдың өзі… Өзімізбен қатар жүріп, қонаққа барады, шарап ішеді. Біз не істесек, о да соны істейді. Біз күлсек, бұ да сақ-сақ етіп, қосыла күледі. Біз жыласақ, бұ да егіле жылайды, талант, қашанда халықпен бірге!»
Нағыз ақындарды көпе-көрінеу тұқыртып, Мемлекеттік сыйлықтар мен байшыкештердің сый-жоралғысын кемталанттарға қалай болса, солай үлестіру осы кезден басталды…
Көзі тірісінде осы Алғашқы Ақынды жамырай жамандап, түрмеге жіберген замандастары: «Біз оны пір тұтқанбыз!» – деп шыға келді. Жанымыз қалмай сыйлап, бір нанды, тіпті, бір шөлмек сыраны да бөліп ішкенбіз! Оның жан-жүйесін біз ғана түсініп едік, түбіне туасы топас, қанқұйлы Император жетті ғой!».
Әйелдердің біразы: «Есіл ақын, қайран, ерен ақын пәлен деген, түлен деген өлеңін мені көріп жазып еді!» – десті. Мен болмасам, оны жазар ма еді? Жазбас па еді…».
Ақ қағазды жаңа шималай бастаған бір дәлдүріш: «Мен оның бауырында өсіп, өркендеп едім. Со кезде не көп, қарақұрттай қаптаған жазарман көп. Қайран, көкем, соның бір де біреуін көзіне ілмей, маған ғана іш тартып еді… Марқұм асыл еді, мәрт еді-ау! Ондай жан енді туар ма?! Тумайды ғой, тумайды! Оқып жүрген кітабым да со кісінікі», – деп соқты, мынау менің киіп жүрген көйлегім де соныкі…».
Талант бәсекелесімен жарысып, озады. Дарынсызда бәсеке, жарыс деген болмайды: «күндес…» қана болады… Олардың ауыл маңынан алысқа ұзай алмайтыны, қалың жұрттың атыжөнін де жөнді біле бермейтіні де содан. Сәкен «Шырқ айналар, шіркін, тауық, Жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып, Топырлайды жолыңда…» деген өлеңін әдебиеттегі осындай, дарынсыз, пәлеқұмар, оңбаған типтерді көріп жазған. Өзінің түбіне бір күні солардың жететінін білген! Қара ормандай қасиетті халықтың арасында мұндай қулар болмайды ғой!
Қазақтың жаман-жәутігін басына шығарып, жақсысын ағаш атқа байлап, жамандау, тіпті, оның алтын басын өлім өтіне байлау – көрші орман жұртынан жұқты. Орыс төңкерісі мен жаппай жазалаудан (репрессия) кейін бұл күнделікті тірлікке, дағдыға, «күнкөріс көзіне…» айналып кетті. Содан бері қазақ Тәңірі арқасына аруақ қондырып, елден ерек жаралған біреу болса, «е, соны қойшы…» дей салатын болды. Болмыс-бітіміміздің сан саласына, өнеріміз бен әдебиетімізге қараңыз: содан қалған жаманға жан тартып, еті өліп, жақсыны жатырқау сезімі біздің бойымызда бұрқ-бұрқ етіп, бұлықсып басылып әлі жүр… Жуық арада өше қоймас…
Қолына қалам алған кісіге талантты жазушылармен араласып, сұхбаттасып, шама келсе, олардың өзімен бәсекеге түссе, соның ләззатына бұ дүниеде түк жетпейді. Суреткер болғысы келетін кісіге дәніккен дәлдүріштермен де бірге жүрген жөн болады. Соларды көріп, дарынсыз жазарман болғанша, талантты оқырман болудың қадіріне жетесің, бұл, әрине, ләззат емес – тағылым… Мен сондай талантты оқырмандарды көп көрдім, әдебиет жөнінде әңгіме айтса, классиктердің өзін шаң қаптырады. Халық деген – осы. Ол Абайдың заманында да болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Бірақ, ол кезде біз болмаймыз ғой…
Айтпақшы, Совет өкіметінің адамзат тарихындағы айтулы істері көп-ақ. Оның бір қасіреті – 70 жыл бойы бар ісі өнер адамдарымен болды! Алдына салып, Ібір-Сібірге айдап жіберді, асып, атты… Оларға құл иеленуші қоғамның өзі істемеген айуандықтың бәрін істеді! Қандай қоғам болса да, ол – халықтың өмір сүру формасы болса, өнер – сол халықтың шыр-шыр еткен жан дауысы емес пе еді?! Мейлі, ол феодалдық-патриархалдық, капиталистік, фашистік, тоталитарлық, авторитарлық қоғам бола ма, бәрібір! Кемеліне келген Батыста мұндай оңбағандық болған жоқ. Азуын Айға білеген Американың өзі «орта білімді» Иосиф Бродскийдің орыс әдебиеті туралы дәрісін ұйып тұрып тыңдады… Совет өкіметі осы болашақ Нобель сыйлығының лауреатын «ақын емес…» деп мойындамай қойған!
Коммунизмнің кіндік шешесі Карл Маркстің өзі «Ақындарды еркелету керек!» – деген. Оны пролетариат көсемі Ленин де, генсек Сталин де, Хрущев, Брежневтер де елең қылған жоқ. «Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесінің» қасіретін осы өнер адамдары тартты! «ПолитБюроның Ахматова мен Пастернак хақындағы пікірі базардағы қатын-қалаштың өсегімен қалыптасты» – деп жазды бір орыс жазушысы. Құм жиылып – тас, құл жиылып – бас болған қоғамның олардың өнерін саралап, бағалауға өресі жетпеді! Анасынан арда туғаны үшін жазықты болды бәрі… Шәмшінің әнін айтып жүріп, өздерінің һәм бала-шағасының тойларын дүркіретіп өткізді. Шәмшіні кісі деген жоқ! Сол әнді өздері жазғандай, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр әлі…
«Ақын өлтіру ойынының» (Жұматай Жақыпбаев) неше түрлісін көріп келеміз. Исрайыл Сапарбай маған бір әңгіме айтып еді. Бұ кісі Сыр-Ағамен (Сырбай Мәуленов) сырласып, көп жүрген. Оған Сыр-Ағаң тірі пендеге айтпаған жан сырын айтқан екен. Әңгіме Қасым хақында. Қасым соғыстан он екі мүшесі сау оралған көрінеді. Қаршадайынан Сарыарқаның сары аязы мен ұйтқи соққан боранына төзіп, төтеп берген ақыннның асау жаны соғыстың не бір сойқанына да сыр алдыра қоймапты. «Сен мұны біле жүруің керек» – деді. Менің Қарқаралыдан – Қасым топырағынан екенімді меңзегені…
Ол майданнан классик болып оралады – «Дауылдай өртке тиген өлеңімен!». Ол да Моцарт секілді қатарынан қара үзіп шыққан жалғыз қара еді. Қасында ыржыңдап күліп, түртіп қашып, ішінен тынып Сальерилері де жүрген.
Солар бір күні жиналып алып, Қаскеңе «мейірі түсіп…» қонаққа шақырады. Арақ деген аждаһаның Алаш даласына алғаш қобыз тартып келген кезі: «Қасеке! – дейді – біз саған тәнтіміз! – дейді – талантыңа бас ұрамыз!» – дейді. «Сіз озып кеттіңіз! Біз қалып қойдық, – дейді – Құдайға шүкір, қалсақ та, қасыңызда жүрміз ғой… Сізге еріп жүрміз! Осы кездесуімізді жуайық, бір шалқиық. Ішейікші!» – деседі.
Ішкізіп, ішкізіп… қысты күні Алматының сызды көшесіне тастап кетеді!
Өкпеге дерт сол күні жабысады. «Олар он шақты ақын еді, – деді Исрайыл көкем – аты-жөндерін айтпаймын… Өлсем, өзіммен бірге кетеді… Ел ішін алатайдай бүлдіріп нем бар?! Онсыз да…».
Мен де қолқалап сұрамадым. Кім екендерін ішім сезеді… Мен де айтпаймын, енді… Өлсем, менің де ішімде кетеді! Бірақ, дүниеге бізден кейін келетін буын олардың кім екенін, меніңше, ішінен сезуге тиіс…
Осы таяуда, осы біздің тұсымызда, бітімі ерекше бір тума талант асылып өлді! Не болды?! Ел аман, жұрт тынышта соншама не көрінді оған?!.. Баяғыда біреудің боданы болдық. Төңкеріс болды. Аштық болды. Репрессия болды. Енді не болып жатыр?! Ешкім ештеңе білмейді… Ешкім ештеңе айтпайды!
ПАЙҒАМБАР
Ақынның өлеңі ғана емес, өзі де – Поэзия. Жылағаны мен күлгені, жүріс-тұрысы, аузынан шыққан сөзі де. Бірде Алғашқы Ақынның өлеңіне әбден көңілі кеткен Император өзіне шақырып алып, ерекше құрмет жасайды. Алтын сарайын аралатып көрсетеді. Сонан соң, алтын тағының алдына кеп: «Менің орныма бір сәт отырып көрші», – депті қайтер екен дегендей. Сонда Ақын жұлып алғандай: «Ұлы Мәртебелі Тақсыр!» – депті – мен онсыз да өз тағымда отырмын ғой!».
Ол өзін патшадай сезінген. Құлша сезінсе, оның көкірегінен адамзатты сансыз сауалға салатын «Өлең деген Сөз патшасы» (Абай) – Құдайдың бір құбылысы тумайды ғой. Ол күндердің күні Гомер мен Эсхил, Гете мен Байрон, Пушкин мен Блок, Неруда мен Мағжан, Мұқағали, Цветаева мен біздің Фариза отыратын орында елден бұрын отырғанын сезген еді…
Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарға арнап алғаш өлең жазған ақын Гете еді. Оған ол тұтас бір жыр «Батыс-Шығыс Диванын» арнайды. Діні бөлек болса да, ділі лүпілдеп, осы кісімен бірге соққан-ды. Енді адамзаттың Алғашқы Ақынының «Бостандық» деген өлеңін қайталап бір оқып көрсеңіз, оның да бір пайғамбарлық миссия атқаруға бейілді екенін байқар едіңіз. «Жер тап-тар ғой – себебі, Қалай сезбей келгем осы мен оны? Улап-шулап, қажытты ғой мыналар, Ұшқан құсқа ілесіп, ұшып кеткім келеді. Ғарышқа барып, қара жерге, Түсіп кеткім келеді!» – дейді! Адамзаттан бөліп алып, Алласы жарылқаған Пайғамбарлар ғана ғарышқа ұшып, қара жерге түседі ғой!
Пушкиннің «Пророгы» тіпті, ғажап: «…И он мне грудь рассек мечом, И сердце трепетное вынул, И уголь, пылающий огнем, В грудь отверстую водвинул. Как труп в пустыне я лежал, И бога глас ко мне воззвал: «Восстань, пророк, и виждь, и внемли, Исполнись волею моей, И, обходя моря и земли, Глаголом жги сердца людей».
Ақынның айнақатесіз образы, адамзат тарихында атқарар азаматтық миссиясы тұр осы өлеңде! Пушкиннің ессіз қара тобырға қарап: «Молчи, бессмысленный народ, Поденщик, раб нужды, забот! Несносен мне твой ропот дерзкий, Ты червь земли, не сын небес, Тебе бы пользы все…» дегені бар ғой? Осы жерде біреулердің Адамзаттың Алғашқы Ақынына мұрнын шүйіріп: «Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!» – дегені есіңе түседі… Адамзаттың Алғашқы Ақынының түбіне осылар жеткен! «Барлық ақын – баласы бір адамның» деген сөзді Мұқағалидың аузына Алла салған екен ғой! Шынжыр балақ, шұбар төс, аға сұлтан Құнанбайдың баласы Абай неге «Туған жер, өлген мола жібермейді, Әйтпесе, тұрмас едім осы маңда! – дейді? Қасым замандастарын тәрк етіп, Тәңіріне тіл қатып: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деген. О, Жаратқан Ием! Өзің ғана жарылқай гөр, біздей жазықсыз құлыңды!..
ӨЛЕҢ МЕН ӨРКЕНИЕТ
Қасым оқуларында болып, facebook-ке қарауға қол тимеп еді. Кешегі Асқар Жұмаділдаевтің «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деген сөзінен кейін әңгіме ушығып бара жатыр екен. «…технократияға да әуелі Поэзия қажет. Онсыз технократия – өте қауіпті құбылыс. Бұған не дейсіз, Құс баласы?!» деп Шығыстан Тыныштықбек ақын суырылып шығыпты. Басқа ақындар әлі үнсіз… Олардың өздері бүкіл ғұмырын арнаған Ұлы Мәртебелі Поэзияға жау шапқандай ел дүрлігіп жатқанда, мына дүниеде түк болмағандай бей-жай қалғаны несі?! Енді, бізді осы сауал ойландырып отыр.
Мен де Асқар Жұмаділдаевті тани қоймаймын, бетпе-бет жолықпаған кісім. Бірақ, оның ақпарат құралдарына беріп жүрген емен-жарқын, жүрекжарды лебіздеріне жаныммен тәнті еді. Әсіресе, Абай поэзиясы, Абай дүниетанымы, Хакімнің болмыс-бітімі хақындағы ой-пікірлеріне баяғыдан ішімнен бас иіп жүргем. Өзі қазақ поэзиясының айтулы классиктерінің бірі һәм бірегейі Тұмағаның (Тұманбай Молдағалиев) туған күйеу баласы. Мұндай ірі тұлғаны ұлттық поэзияға қарсы немесе оны түсінбейді деп айту ұят қана емес, обал болады! Мен бір білсем, бұ кісі қазақ жырының ғана емес, әлемдік поэзияның озық үлгілерін жан-тәніне сіңірген адам болуы керек. «…Мен күй тыңдасам, не классикалық музыка тыңдасам… мысалы, «Тәттімбет», «Жұмыр қылыш», «Көрұғлы», «Жолаушының жол қоңыры»… өзінен өзі ой келе бастайды…» деп о кісі босқа айтып отырған жоқ. Сутегі атом бомбасын ойлап тапқан ұлы физик А.Сахаровтың өзі Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенконың тоталитарлық қоғамның шаңырағын шайқалтқан тегеурінді тентек жырларына өмір бойы сүйсініп өткен! Осы математиктің Хакім Абайға деген махаббатының өзі қандай! Абайды ақындардан да терең түсінеді ғой бұ кісі! Асқар Жұмаділдаев өлеңдегі өзеуреген халтураға қарсы ма десем, «…ақындардың жазатын 3-4 тақырыбы бар: «Махаббат, Туған жер, Отан». Басқа тақырып жоқ. Махаббат деген ең оңай тақырып. «Сүйдім-күйдім» деп бәрі жазады емес пе? – дейді. Ол Ұлықбектің «Киіз кітабы» мен Темірханның «Көк түріктер сарынын», Жәркеннің Жәйіртау туралы шерлі жырларын оқымаған ба? Ақындар айтысын қойшы… Ол поэзия емес, шоу ғой!
Бізді көш соңына қалдырып кеткен отыз елдің өздері қазақтың қара өлеңімен қанжыға қағыса алмайды! Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген. Мемлекет инвестицияны, міне, осы қара өлеңге құюы керек еді. Орта ғасырдағы Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жырларындай ұлы құбылыс бізден басқа ешкімде жоқ қой?! Соны әлемдік жырдың айналымына түсіре алдық па? Түсіре алмадық қой! Гомерден бастап, Евтушенкоға дейін қазақша сайрап тұр! Әрісі 300 жыл, берісі 70 жыл төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған орман жұрты Абайдың өзін өз деңгейінде орысша аудара алмады ғой? Мағжан ше? Қасым, Мұқағалилар ше?!
Қазақ жыры неге елден ерек? Біздің маңдайымызға көшпелі өмір сүру салты жазылған. Атқа мінген қазақтың арқасына аруақ қонып, аузынан өлең төгіледі! Қазақтың шетінен «ақын» болып жүргені – содан… Бірақ, дүниеге Абай келгеннен кейін Ақынға деген көзқарас күрт өзгерген. Қазақ оны әлі байқаған жоқ… Жапондардың интеллектуалдық деңгейінің өсіп кеткені сонша, бір-біріне өлеңмен қолтаңба бере береді екен, бірақ, өздерін «ақынмын» деп айтпайды… Жапон жырының аруағынан именеді! Бізде, мүлде, олай емес, қазақта «… Өлең жазған адамның бәрі – ақын, Бірақ, Абай қайтадан тіріле ме?!» деп еді Мұқағали. Біз: «…тіріледі! Ол – бізбіз!» дейміз кеудемізді керіп! Ал, керек болса?! Біз диалогқа жоқ халықпыз. Біздікі – ылғи монолог… Асекең, міне, осыны айтып отыр.
Иә, біз де Өркениет өріне шығуымыз керек, алпинистше көкке көтеріліп немесе құмырсқаша өрмелеп… Сөзбен салғыласып отыра бермей!» (Асқар Жұмаділдаевтің сөзі). «Тілсіз (ойсыз, сөзсіз) ешқандай да есеп шықпайды. Ал, Тілдің ең көркем де көсемі – Поэзия. Поэзия адамның жанын нұрландырады. Математикада ондай қасиет болмайды. «Итке темір не керек» демекші, жаны нұрланбағандарға математиканың да еш қажеті жоқ» – деген Тыныштықбек бауырымның сөзінің де жаны бар. Сондай заман келе жатыр, өйткені…
Поэзияның тұла бойы – математика! Математиканың жұлын-жүйесі – поэзия ғой, Асекең қыза-қыза келе «Қазаққа ақын емес, технократ керек! Ертең сенің балаң сөзіңді мойындамайды!», «Қазақта математик туралы бір өлең бар ма?» – депті. Сол сөзі шамыма тиіп кетті… Неге жоқ, бар ондай өлең!
АҚЫРЗАМАННЫҢ «АБЖАД ЕСЕБІ…»
Физика-математика – несібіңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,
Сіз шығара алмайсыз, кешіріңіз!
Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана – мұныкі, Алу ғана.
Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлу менен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.
Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте, Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүн,
Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!.
ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС – ТҰРАН-ИРАН-ҰРЫМ
Құс жететін самғап ұшып,
Қанаты әбден талғанда,
Көрген де оны,
көрмеген де арманда.
Тұран бар-тын,
Иран бар-ды,
Рим бар –
Кім бар еді басқа мынау жалғанда?!.
Лүп-лүп етіп асқақ алып жүрегі,
Сол Үшеуі Жерді ұстап тұр еді.
Даламның да бөлек еді-ау өңі онда,
Ғаламның да басқаша еді реңі.
Тұлпарлар да жердің түбін шарлаған,
Сұңқарлар да көкте еркін самғаған.
Тығылып кеп бір аяр сұм, арда ұлдың,
Арқасына пышақ сала алмаған!
Сол заманда алған еді ел есе,
Ер болар ма елдің мұңын жемесе?
Ақындары патша болған олардың.
Патшалары ақын болған – немесе!
…Махаббат жоқ!
Мұнда бәрі – ойнас!
Тұл!
Қымыз ішіп, бал жесе де, тоймас құл!
Тұран тұрған қасиетті бұ жерден,
Ер Тоңғадай* Ұлан тумай қоймас бір!
Туады олар, айтады әлі өлеңді,
Ұшпаққа алып шығады әрі ол елді.
Сол уақытта біз болмаймыз бұ жақта.
Өзегіңді өртейтіні сол енді…
*Алып Ер Тоңға – Тұран елінің баһадүрі
ҚҰЛАҒЫМДА – ҚОБЫЗ САРЫНЫ
Әшейін, пендең ем ғой, перің емен,
Қобыздан басқа күнде нені көрем?
Түбінен құлағымның жоқтау айтып,
Сарыны-ай, түу түкпірден еңіреген?
Алаштың қайғы-мұңы толайым кеп,
Айналып жүр ме маған соғайын деп.
Бір сарын жүрегімді арбап күнде,
Жүр маған Қобыз келіп қонайын деп.
Бір қайғы бір қайғыны қозғайын деп,
«Қолыңа қобыз алсаң, сөз дайын» – деп
– Сол шіркін жүрегіме кіріп алып,
Меніңше, жүр-ау тағы боздайын деп.
Жүрмеймін жиі ел жүрген ортада көп,
Айтпаймын балаларға қорқа ма деп.
Қорқыттың зар сарыны, құлағымнан,
Барады қалай шауып қолқама кеп?
Серік АҚСҰҢҚАР
1970 жыл, Қызыларай – 03.02.2019 жыл, Қарағанды.