Жаңалықтар

Тақырып өзегі – интернеттегі алаяқтық

Қарағанды облысының полиция департаментінде интернет-алаяқтар туралы бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Бас жүлдені № 15 орта мектептің оқушысы Ангелина ГАЗДИЕВА жеңіп алды. Интернет-алаяқтар пайдаланатын әдістер туралы үздік бейнеролик байқауына мектеп оқушылары, студенттер, блогерлер мен журналистер қатысты. Шығармашылық жарысқа үш банк демеушілік етті.

Қатысушылардың жұмыстарын БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері және банк саласының қызметкерлерінен құрылған қазылар алқасы қарады. Тақырыптың толық ашылуы, ұсынылған ақпараттың өзектілігі, автордың шығармашылық көзқарасы бағаланды.

– Қазіргі уақытта интернеттегі алаяқтық – қылмыстың ең көп таралған түрі. Осы бейнероликтер арқылы алаяқтардың айла-амалдары туралы ескерту үшін біз осы байқауды жарияладық, – дейді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. – Барлық қатысушыларға рақмет! Біздің бірлескен ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп ойлаймын.

Байқау қорытындысы бойынша №15 орта мектептің 11 сынып оқушысы Ангелина Газдиева Гран-при иегері атанды. Ол iPhone 13 Pro ұтып алды.

– Мен төрт жыл бойы бейнемонтажбен айналысып келемін. Балаларға да, ересектерге де жаңа нәрсе бере алатын тек ақпараттық бейнероликтер түсіремін. Байқаудың шарттарын білген кезде мені бұл тақырып өте қызықтырды. Адамдар менің бейнеролигімді қарап, интернет-алаяқтық деген не және онымен қалай күресуге болатынын білуі үшін мен өз үлесімді қосуды ұйғардым. Жеңіске жетемін деп күтпедім, қалған жұмыстар да жоғары деңгейде болды деп ойлаймын. Әрине, мен қуаныштымын, – дейді бас жүлде иегері.

Бірінші орынды Айсұлтан Жақыпов, екінші орынды Бекжан Есенов, үшінші орынды Елена Сахарчук иеленді. Оларға конкурсқа қатысушылардың дипломдары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, байқауда бақ сынаған Айзат Мұстафина, Ержан Райханов, Әлихан Семби, Валентина Драгне, Әлімхан Сәрсенбаев, Ержан Досжановтарға ҚР ІІМ рәміздері бар қол сағаттары тарту етілді

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button