Жаңалықтар

Күләш әнінің рухы қалықтаған күн

Ақтоғай аудан орталығындағы К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) оқушыларға білім берумен шектеліп қалмай, рухани-мәдени бағытта дамуына да жан-жақты көңіл бөлуде. Соның бір айғағы 17 мамыр күні қазақ ән өнерінің көшбасшысы, КСРО Халық әртісі, қазақтың бұлбұлы атанған жерлесіміз, күміс көмей, жез таңдай әнші К.Бәйсейітованың құрметіне арналған «Қазақтың бұлбұлы – Күләш» атты аудандық байқау өтті.

Ақтоғай топырағы есімдері алты Алашқа әйгілі ақын-жыршы, әнші-күйші, би-батырлар мен мемлекет қайраткерлерін дүниеге әкелген киелі мекен. Қазаққа талай талантты берген Ақтоғай топырағы һас өнердің жанартауы іспетті. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын жырлағандай алыптар бастаған өнер көшін бүгінгі ұрпақ үзбей жалғап келеді. Биыл даңқты әнші жерлесіміз Күләш Жасынқызының туғанына 110 жыл толып отыр.

Шараны аудан әкімі Салтанат Мірәсілқызы ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Байқауға Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Г.Төлеубаева, ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Қ.Асқаров арнайы шақырылып, төрелік етті.

Лепбук – бұл қалташалары, есігі, терезелері бар жинамалы кітапша. Бастауыш сынып мұғалімдері Ә.Бегетаева мен А.Еденова жетекшілік ететін «Лэпбук» үйірмесі «Күләшқа 110 жыл» тақырыбында жоба құрастырды. Бұл Күләш апамыздың өмірінің әр парағынан сыр шертіп тұрғандай.

Мектебіміздің ортасынан ойып тұрып орын алған, Күләш Жасынқызының мұражайының ішінде сақталған құнды жәдігерлерді 8-сынып оқушысы А.Зекен мен А.Қабдолла екі тілде таныстырып өтті.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, осы шараға Н.Әбдіров, С.Ибраев, Ж.Кеңесбаев, Ж.Ақбай атындағы мектептің ұстаздары да қызу дайындықпен келген екен. Оқушыларының қолдан жасалған туындылары қатысушылардың назарын өзіне аударып, менмұндалап тұрды.

Келесі кезең мектебіміздің жанашыр ата-аналарының демеушілігімен безендірілген акт залында жалғасын тапты. Байқауды мектеп директоры Қ.Айткенованың алғысөзімен ашылып, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істерге тоқталып өтті.

Байқауда «Өнер бағының жұлдызы», «Өнегелі өмір», «Жырымды Күләшқа арнаймын» номинациялары бойынша эссе, ән, арнау жанрлары бойынша 8-11 сынып оқушылары бақ сынады. Байқау қорытындысында жүлделі орындар анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

«Өнегелі өмір» номинациясы бойынша жүлделі орындарды мынадай оқушылар жеңіп алды: Н.Түсенов – Бас жүлде, Е.Мағау – І орын, Е.Ақжолтай, Ж.Есентай – ІІ орын Ә.Болатбекұлы,И.Сабыржан, Д.Белғазы, Н.Нығыметов, Н.Жақсылық, А.Ұзақбай, Ж.Боранбай – ІІІ орын иеленді.

«Жырымды Күләшқа арнаймын» номинациясы бойынша бас жүлде Е.Серікбекке (Нүркен Әбдіров), І орын А.Ыбыкенге (Әлихан Бөкейхан) ІІ орын С.Мұздыбайға (Сатибек Ибраев), Ж.Мағзұмға (Әлімхан Ермеков), ІІІ орын М.Аманжолұлы (Ақышұлы мектебі), А.Қизатқызына (Жабас Кеңесбаев) бұйырды.

«Өнер бағының жұлдызы» номинациясы бойынша І орынды (“Қарлығаш” әні) М.Тайтаева, ІІ орынды Д.Түлкібай (Ыбырайдың әні «Гакку»), ІІІ орынды А.Нұралықызы («Ақтамақ» әні) жеңіп алды.

Сондай-ақ, мектебіміздің «Сахна сазы» үйірмесінің оқушылары әдеби-композициялық қойылым қойып, мектеп өнерпаздары би билеп, әннен шашу шашты. Аудандық Өнер мектебінің «Әуен» ансамблі, ауданымыздың белгілі әншісі Б.Мақшонова өз өнерлерін тарту етті.

Қарағанды облысы білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығы директорының Құрмет грамотасы К.Айткенова, Б.Ынтықбаева, Г.Мұрасоваға табысталды. Г.Мұхтарова, А.Шарипова, А.Еденова, Г.Жұмаханова, Б.Ғабдуллина Алғыс хатпен марапатталды.

Байқауға қатысушылар рухани сусындап, Күләш әлеміне саяхат жасап, әсерлі көңіл күймен тарқасты.

Палмара ЕРМЕКОВА,

К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебінің мұғалімі.

АҚТОҒАЙ ауданы

Басқа материалдар

Back to top button