Жаңалықтар

Үміт арқалаған үш ақын

Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық жас ақындар байқауына өңірден үш ақынды іріктеп, олардың өлеңін үкілеп қостық. Ендігі, үмітіміз зор.

Халқымыз сөз өнерінде ерекше бір құдіретті күш, қасиет бар деп білгендіктен, өлеңді айтылатын асыл сөздің ең биік нұсқасы, шырқау көгі, асқарлы асқақ шыңы мен ақиық мұзартына балаған. Ақын өлеңге сөздің ең бір ажарлысы мен реңдісін, үздігі мен үлгілісін, келістісі мен керімдісін, айшықтысы мен нақыштысын, төресі мен сересін, үндестігі мен үйлестігін талғап, таңдаған. Шын мәніндегі ақынның қаламынан туған ой көркемдігі белгілі бір қалыпта астаса үйлесім тапқанда ғана өлеңнің ойды тербеп, бойды билейтін, жаныңды рухани байытар азық боларына еш күмәнің қалмасы анық.

Биыл – Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Соған орай, Педагогикалық ғылымдар академиясы жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырыпты. Жас ақындар байқауына елдің барлық аймағынан 16-29 жас аралығындағы ақындар қатысады.

Байқаудың мақсаты – әдеби шығармашылыққа қабілетті, талантты ақынды анықтау және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.

Байқау қорытындысы айдың аяғында Алматыда шығарылады. Сол байқауға Қарағанды өңірінен 31 ақын қатысуға өтініш білдіріпті. Жас ақындар хакім Абай мен оның шығармашылығына қатысты өлеңдердің тақырыптық, идеялық мазмұны мен көркемдік деңгейіне ерекше көңіл бөлген.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Ерсін Мұсабеков, ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Мирас Асан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы бойынша деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нұртілеу Сиязбаев қазылық жасап, қарағандылық жас ақындардың өлеңін саралады. Нәтижесінде аймақтан Абай Ораз, Ерасыл Сайлауғалиев, Қырмызы Алламбергенованың жырлары жіберілді.

Республикалық мүшәйра жеңімпаздарының өмірбаяны мен еңбегі жеке жинақ болып басылып, оларға хакім Абайдың бейнесі салынған жейде мен нақыл сөзі жазылған сөмке, жазу дәптері табысталады.

Педагогикалық ғылымдар академиясы ұйытқы болуымен Абайдың 175 жылдығына арналған мүшәйраның облыстық кезеңі осындай нәтижемен аяқталды. Үкілеп қосқан ақындар үмітті ақтаса игі…

Жанар РАМАЗАНОВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button