Ресми

Министр әуе рейстерінің кешігуіне алаңдаушылық білдірді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдап, компания басшысына бірқатар міндеттер жүктеді. Бұл туралы министр Telegram парақшасында хабарлады.

Фото: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен алынды

Министр Қайырбек Өскенбаев әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен бірге билеттердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірген. Кездесу барысында министр жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды.

«Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін 5 жаңа ұшақ сатып алынады деп күтілуде. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 ұшақпен, Air Astana – 3 самолетпен толықтырылады. Жалпы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде», – дейді министр. 

Министрдің айтуынша, авиакомпания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірген. Кездесуді қорытындылай келе, ИИДМ басшысы халыққа оңтайлы жағдай жасау үшін әуе кемелері паркін ұлғайту және қазақстандық авиакомпаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру қажет екенін айтты. Бұл Президенттің үнемі назарында екенін еске салды. 

Басқа материалдар

Back to top button