Ермеков туралы еңбек
Қазақ халқын бостандық пен теңдікке жеткізу жолында конституциялық күреске төтеп беріп, азаттықтың іргетасын қалап кетуші алашордашылардың соңғы тұяғы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор Әлімхан ЕРМЕКОВ туралы деректі фильм жарық көрді. Жақында ғана тұсауы кесіліп, «Хабар» арнасынан көрсетілген туынды – Ермеков туралы тұңғыш кино болса керек.
Ұзақтығы 45 минутқа созылатын деректі фильм әлқиссасына Әлихан Бөкейханның «Жер, жер және жер! Жерсіз Отан жоқ!» деген сөзін алыпты. Қазақ шекарасының тұтастығын сақтап қалуда Әлімхан Ермековтің еңбегі былай тұрсын, асқан білімдарлығы мен ақылман, парасаттылығы, ержүрек қайсарлығы жатқандығын тәтпіштеп айтып жатудың өзі артық шығар. Елдің еркіндігі үшін күрескен тұлғаның өмірі мен ғылымдағы жетістіктері, мемлекеттік жолдағы қайраткерлігі ұштастырылған туындының біраз бөлігі Қарағандыда түсірілгені байқалады. Алаш арысы Әлімхан Ермековке Алашорда үкіметінің вице-президенті деген баға берілген онда. Және 58-ші статья бойынша жазықсыз жапа шеккен арыстың Қарағандыдағы өміріне қатысты тың деректер бар. «Алаштың ақырғы ақиығы» аталған фильмнің авторы әрі жауапты жетекшісі – Назгүл Әбутұрапова болса, идея авторы – Зауытбек Тұрысбеков, жоба жетекшісі – Болатбек Баймешев. Фильм Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген.
Жәнібек ӘЛИМАН.