Жаңалықтар

Құрметті журналистер!

Елімізде екі оқиға орын алды. Ең алдымен, Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, нәтижесінде 1 учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заңбұзушылықтың жолын кесті.

Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды.

Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде.

Бірақ арандатушылар, әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті.

Бұл үшін, Заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін.

Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті.

Қазір жағдай тұрақты.

Екінші жағдай бойынша.

23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сатпаев қаласының Ішкі істер басқармасына, 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті.

Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды.

Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.

Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етті, жанжал шығарды.

Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты.

Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды.

Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда.

Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды.

Құрметті журналистер! Құрметті отандастар!

Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан, жалған ақпараттарға сенбеңіздер! Және оны таратпаңыздар! Тек ресми ақпаратқа сенініздер!

Ішкі істер министрлігі үнемі мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Басқа материалдар

Back to top button