Залалсыздандыруда іркіліс жоқ
Індеттің таралмауының һәм оны жоюдың бірден-бір жолы – залалсыздандыру болса, қазіргі таңда бұл істе іркіліс жоқ. Кеше облыс орталығында сол мақсаттағы ауқымды жұмыс ұйымдастырылды. Оған қажетті техника мен қондырғылар толық тартылды. Арнайы бір көліктегі дезинфекциялық ерітіндінің көлемі – 2,5 тонна. Оны 20 адамнан құралған әр топ белгілі бір аумақты залалсыздандыруға бір күнде жұмсайды. Мұндай көліктің саны – бірнешеу. Топтағы әр сарбаздың арқасында – салмағы 30 келі тартатын ерітінді. 200 сарбаз әр күн сайын 20-25 шақырымды жаяу жүріп, қала аумағын залалсыздандыруда. Бұл жұмыс бір айдан астам уақыттан бері толассыз жүргізіліп келеді.
Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар, аулалар, балалардың ойын алаңдары ұдайы залалсыздандырылады. Кеше дәл сондай ауқымды залалсыздандыру шарасы орталықтағы Бұқар жырау көшесінен, дәлірек айтқанда, 45 орамнан басталып, бірнеше шақырымға жалғасты. Бұл залалсыздандыруға әскери қызметшілер мен әскер қатарына ерікті түрде шақырылған сарбаздар жұмылдырылды.
«Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Қанат Дайыров мұндай залалсыздандырудың үздіксіз атқарылып жатқанын айтады.
– Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік бөлімшелерге берген тапсырмасында қалаларды, аудандарды, елді мекендерді залалсыздандыруға баса назар аудару қажеттігі айрықша аталып өтілген. Осы мақсатта Қарулы күштер сапындағы әскери қызметшілер күн сайын залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс сенбі, жексенбі күні де тоқтамайды. Бір апта бұрын біздің қатарымызды еріктілер толықтырды, – дейді ол.
Көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда, мәселен, сауда үйлерінің кіреберістеріне, есіктердің тұтқаларына және басқаларына, бір сөзбен айтқанда, адам қолы тиетін жердің бәріне ерітінді себіледі. Дәл сондай дезинфекциялық жұмыстар тұрғын үй кешендерінде де жүргізілуде. Бұл өңдеу жұмысынан кейін сол жерде вирус болса, ол бірден жойылатынын атап отыр мамандар. Сондықтан, осы аралықта тұрғындардың қозғалысы барынша шектелуі тиіс.
Бүгінгі таңда реагенттер бойынша туындаған мәселе жоқ. Онымен «Қарағанды Су» кәсіпорыны қамтамасыз етеді. Зертханалар реагенттерді толықтай тексерістен өткізеді. Содан соң құзырлы орындар өкілдерінің бақылауымен әскери қызметшілерге беріледі.
«Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде ешбір қиындық орын алған жоқ. Қарағанды қаласының тұрғындары бұған түсіністікпен қарайтынын атап өткім келеді. Кей аулаларды өңдеуге барғанда тұрғындар балконға шығып қол соғып, құрмет көрсетіп те жатты» – дейді Қанат Дайыров.
Өз еркімен әскер қатарына келген запастағы лейтенант Темірлан Орынтай осы әрекеті арқылы Отан алдындағы азаматтық парызын өтейтінін айтады.
– Президенттің Жарлығынан соң өз еркіммен әскери қызметке келдім. Бұл әрекетіме еш өкінбеймін. Өз еліме қызмет етіп жатқанымды мақтан етемін, – дейді запастағы лейтенант. Қарағанды политехникалық университетінің әскери кафедрасында дәріс алған жас жігіт әскери қызметке орналасуға бет бұрыпты. Алайда, елдегі қазіргі жағдайда еріктілерді әскерге шақыруға үн қос ып, өз еркімен әскер қатарына келген екен.
Қызғалдақ АЙТЖАН