Мал – бар, жайылым – тар
«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған.
Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруа шылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан.
Бейтарап сарапшылар жасаған бейресми рейтинг бойынша Қарағанды облысы «латифундистік облыстар» төрттігінде көш бастап тұр. Ал, ауыл халқы қолындағы азын-аулақ малын жаятын жайылым таппай, дал болуда. Жасыратыны жоқ, шаруаның өзегін талдырып, атқарушы биліктің «бас ауруына» айналған бұл мәселе облыстың барлық аудандарында бар. Облыстың жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, өңірде 1 млн. 748 мың гектар жайылым тапшы. Бұл дегеніміз – аймақтың ұсақ шаруашылықтарына (шаруа қожалықтарынан басқа) тіркелген 243 мың ірі қара көкке тоя алмай, мөңіреп тұр деген сөз. Оған 357,8 мың қой-ешкінің маңырап, 116 мың жылқының кісінеп тұрғанын қосыңыз…
Кең байтақ жерімен әлемде 9-ыншы орыннан ығысып көрмеген Қазақстан жайылым көлемі бойынша 6-ыншы орында екен. Сонда, біз айтып отырған тапшылық қай тапшылық? Мәселенің мәнісіне үңіліп, себебі мен салдарын салмақтап көрген едік. Иә, проблема бар. Сонымен…
АУЫЛДА ДА «АЛПАУЫТТАР» БАР
Көженің қоюын сораптамас бұрын ашығын айтайын, мен келтіріп отырған дерек пен дәйектің дәлдігіне өзім де сенбеймін. Өйткені, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы беріп отырған дерек пен аудан әкімдіктерінен алған ақпаратымыздың арасында алшақтық бар. Бұл ақпараттарды қарызға ақша сұрағандай жалынып жүріп, әрең алғанымызды және түртіп қойыңыз. Мәселен, жуырда ғана Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің жұмыс сапары барысында Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов аудан бойынша 261 мың гектар жайылым тапшы екенін айтады. Бұл туралы ақпарат еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып та кетті. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан аттай қалап алған ақпаратымызда Нұра ауданы бойынша жайылым тапшылығы 138,6 мың гектар екені көрсетілген. Арнайы сұрау салып, ауданның жер қатынастары бөлімінен де ақпарат алдырған едік, бөлім басшысы К.Теміров мырза аудан аумағында 1 млн 704 мың 159 гектар қосалқы жер бар, оның 18 мың 946 гектары жайылым екенін жіпке тізгендей жіктеп берді. Кімге, кімнің ақпаратына сенеміз сонда?
Жарайды, біздің айтпағымыз бұл емес. Мың мен миллиондарды тізбектеп санаңызды сарсытып жібермейін.
Қазақстан халқының 41%-ы (7,7 млн. адам) ауылда тұрады. Ауылда тұрған соң, шалқыған шаруашылық ашып, дәулетін тасытпаса да, қорасында 10-15 сиыр ұстап, қотанында 20-30 қой бағып отыр. «Дәулеттімін» дегені желісіне 5-6 құлын байлап, саумал сапырып, қымыз ішіп отырған жайы бар. Міне, сол бір отбасының сусыны мен сойысын айырып отырған бес-он малы күйіс қайырудан қалып барады. Неге? Ауыл маңында жайылым жоқ. Елді мекендер аумағында 5 шақырымдық радиуста ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің (ірі шаруа қожалықтары) қоныстануына тыйым салған заң қабылданғалы қашан. Оның талабы орындалып отырған жоқ. Жүрегі – түкті, тірегі – мықты алпауыттар ауылда да бар, өйткені. Ауыл әкімі мен мамандардың, ауылдастардың ескертпе-талабын жүре тыңдайтын олардың табын-табын сиыры мен үйір-үйір жылқысы ауыл маңын қу тақырға айналдырып жіберген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының да: «Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр», – деп ашық айтып, өткір сынға алып отырғаны да – осы алпауыттар.
..Қазақстанда 187 млн. гектар жайылым бар. Екі миллиардқа жуық халқы бар Қытайдағы жайылым көлемі – 262 млн. гектар ғана. Айырма алшақ емес. Бұрын дәл осы жайылымда 36 млн. қой өргізіп, 100 саулықтан 100 қозы алғанымызға адам сене ме?! Қазір Қазақстанда төрт түлікке құс пен талпақ танауды (шошқа) қосып санағанда – 30 миллионға жетер-жетпес тұяқ бар екен. Сонда жайылым тапшылығы қайдан шығып отыр? Яғни, мал тұяғы жетер жердегі жайылым тапшылығы малдың санына да, жердің көлеміне де байланысты емес, жерді тиімді пайдаланбаудан шығып отыр деген батыл байлам жасай беруімізге болады.
Қарағандыны көшбасшы төрттікке енгізіп отырған латифундистерден кейінгі орта-ірі шаруашылықтардың бас-басында 8-10 мың гектардан жер (жайылым, шабындық) бар. Ол жерге не өзінің, не өзгенің малын түсірмейді. Ауыл маңын шаңдатып, елдің ішін ылаңдатып жүре бермек. Болмаса, өзіне тиесілі жерді өңдеп, өнімін көбейтпек ниеті де жоқ. Міне, осы фактор ауылдағы қарапайым шаруалардың аула маңындағы аз ғана малының азығына ортақтасып отыр.
Бір ғана мысал… Редакциямызға Ақтоғай ауданы, «Сарытерек» ауылдық округіне қарасты «Кенелі» елді мекенінің тұрғындары (аты- жөндерін атамауды өтінген) қоңырау шалып, дабыл қақты. Ақтылы қой өргізіп, 3-4 үйір жылқы матап отырған дәулетті жерлестері (бұл кісінің аты-жөнін атамауды біз жөн көрдік) түгел малын ауылдың басында ұстап отыр. Жері бар, жайлауы бар, жағдайы бар деседі шағымданушы жұрт. Бірақ, ауылдан ұзағысы жоқ. Ауыл тұрғындары – наразы. Бұл көлемде дәл осы фермерге талабын орындатып, айтқанын істететін кісі табылмай тұрғанын айтады «Кенелі» ауылының тұрғындары.
Кешегі өткен референдум қолбайлау болғанын, бұл ауылдың мәселесімен айналысуға енді қамданып жатқанын айтқан «Сарытерек» ауылының әкімі Қанат Серкебаев:
– Проблема жоқ емес, бар. Шамамыз келгенше айналысып жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 6 шаруа қожалығымен меморандумға қол қойдық. Бұл үшжақты меморандум нәтижесінде 3200 гектар жайылымға ауыл тұрғындарының малы жайылатын болады. Дәл қазіргі уақытта «Сарытерек» ауылы бойынша 8 мың гектар жай- ылым тапшылығы бар. Жақында ғана жергілікті әкімдік балансына аула малдарының жайылымы үшін 1 мың гектар жер берілді. Сонда әлі де 7 мың гектар жайылым мәселесін шешуіміз керек. «Кенелі» елді мекенінде мәселені де осы меморандум жолымен шешетін боламыз, – дейді.
Осы мақаланы әзірлеу барысында барлық деңгейдегі (облыстық, аудандық, ауылдық) 10-15 шенеунікпен пікірлестік. Барлығының бір ғана жауабы бар – проблема бар, шешіп жатырмыз. Бірақ, бірде-біреуі аса ірі көлемде жер иеленіп, ойына келгенін істеп отырған жерлестері туралы жақ ашпайды. Ауыл алпауыттары ықпалды екен.
ҚАЗЫЛҒАН ҚҰДЫҚТЫҢ ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА?
Шалғай алқаптардағы жер телімін игеру, жайылымдарды тиімді пайдалану деген мәселе күн тәртібінен ығыспай келе жатқалы біршама жыл өтті. Түбегейлі шешімін тауып, оңалып кеткен жағдай жоқ. Шамалы қиындыққа тап болсақ, үкіметті кінәлап, билікті сөге жөнелетін кінәмшілдығымыз тағы бар. Жерімізді берді. Құлан жортпас құба жоннан құдық қазам десеңіз, агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау тәртібі енгізілді. Электр желісі тартылмаған мекенге қоныстанамын десеңіз, күн сәулесі қуатымен жарық беретін панельдер тұтыну мәселесі де субсидияланды. Бір ғана 2020 жылдың өзінде Қарағанды облысында құдық (ұңғыма) қаздырған 283 шаруа қожалығына 477 920 000 теңге төленді. Ал, күн батареялары бойынша 939 шаруашылықтың өтінімі 3 136 966 560 теңгеге субсидияланған. Сондай-ақ, жылжымалы вагонға (шопандарға арналған) тапсырыс берген 38 шаруашылықтың 60 800 000 теңгелік өтінімі қанағаттандырылды. 2021 жылы да бұл бағытқа мемлекет қазынасының аз қаржысы жұмсалған жоқ. Ұңғыма бұрғылау үшін 213 шаруашылықтың 270 миллион теңгелік жобасы қаржыландырылды. Мемлекеттің осынша көлемдегі қыруар қаржысы қайда кетті? Құдық қазған шаруашылықтардың сол ұңғымасынан бір жылқысы бір шелек су ішті ме? Күн батареялары күнге қақталып, қора-қопсының арасында ол жатыр. Сонда кім кінәлі? Мемлекет қазынасын желге ұшырған әлгі шаруашылықтар әлі күнге ауылдан аулақ көше алмай, бала-шағасының нәпақасын айырып отырған қарапайым халықтың мал өрісіне залалын тигізіп ол отыр. Қазулы құдық – жайлауда. Батарея – сарайда. Вагонға қыста соғымның етін сақтап жүрміз. Жер иесіз қаңырап жатыр. Мал тұяғы тимеген жер жабайыланып, тоза беретінін көзіміз көріп отыр. Оны дәлелдеуге ғылыми тұжырым келтірудің де қажеті жоқ. Жайылым болсын, шабындық болсын, күтім керек.
Күтім демекші, құжат жүзінде ғана «жер өңдеп», сол «өңделген» жерге қаншама миллион субсидия алып жүрген алпауыттар тағы бар. Тура Қазақстандағыдай мемлекеттік қамқорлық қай елде бар екенін барлық дереккөздерін ақтарып, таба алмадым. Сонда да, бізде жер жетпейді, жайылым тапшы. Рас, бізде заң – солқылдақ. «Игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтарамыз» деп ала-шапқын болғалы да үшінші жылдың алтыншы айы аунап барады. Әлі нәтиже жоқ. Соңғы үш жылда тиімді пайдаланылмаған, игерілмеген қанша гектар жер мемлекетке қайтарылды? Бұл сұрақты осы салаға жауапты мемлекеттік органның барлығына жолдағанбыз. Мардымды жауап ала алмадық. Облыстық жер қатынастары басқармасынан ғана: «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде пайдаланылмайтын жайылымдарды анықтау бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасуда. 2021 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 235,1 мың гектар жайылымдық жер анықталды. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген мазмұнда жауап алдық. Сіз не түсіндіңіз? Ширек ғасыр сөз сауған мен түк түсінбедім. Түсінбеген соң, жауаптың бір әріпін өзгертпей, сөзбе-сөз беріп отырмыз. Әйтеуір, «бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр» дейді. Жұмыстың тоқтап тұрмағанына қуандық. 1 235,1 гектар жер анықталыпты. Жобалауымша – игерілмеген жер. Бірақ, ол мемлекетке қайтарылды ма? Ол туралы тіс жармайды-ау…
Оны қойшы… Жаңа Қазақстан құруға кірісіп, тарихи өзгерістер табалдырығында тұрмыз. Талап табанды болса, пайдаланылмаған жер қайтарылар. Ал, әлгі құдық қазам деп құрдымға кеткен, батарея алам деп желге ұшқан қыруар қаржыны кім қайтарады?
НЕСИЕГЕ АЛҒАН МАЛДЫ НЕСІМЕН АСЫРАЙДЫ?
«Мал көбейді» деген – жай сөз. Біздің елдегідей мүмкіндік әр елде болса, алты құрлықтағы барлық мемлекет аграрлық елге айналып кетер еді. Тай-торпақ, тауығымызды, талпақ танауымызды қосқанда кеңес дәуіріндегі 36 миллион қойдың санына жетпегенімізді жоғарыда айтып өттім. Сонда не істеу керек? Бір ғана амал бар – жерге де реформа керек. Ұлттық аграрлық саясат қалыптастыратын уақыт қоңырауын әлдеқашан соққан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің үнемі айтып, қатаң тапсырып-ақ жүр. Нәтиже кешеуілдеп жатыр.
Ірі жер иеленуші заңды тұлғалардың «басып қалған» жерлеріне түпкілікті талдау жасалып, кәдеге жаратпай отырған бөлігін мемлекет меншігіне қайтармайынша, жайылым тапшылығы жойылмайды. Жаңаарқалық жас фермер Саламат Сақтағанов (аты-жөні өзгертілді) 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 22 миллион теңге несие алыпты. Мақсаты – мал өсіріп, ата кәсіппен айналысу.
– Бірнеше жылдар қалада жүрдім. Жұмыс жоқ. 2019 жылы ауылға көшіп келдім де, шаруашылық аштым. Конкурс арқылы 350 гектар жер алып, несиеге 55 бас жылқы сатып алдым. Несие шарты бойынша мал басын өсіруім керек. Жерімнің көлемі – әлгіндей. Қалай өсіремін? Амал жоқ, жылда жабағы сатып, несиемді жауып отырмын. Ауылдан шалғай болса да, қосымша жерім болса, үй, қора-жай салып, шаруашылығымды өркендетер едім. Әттең, жер алуға мүмкіндік жоқ. Ірі фермерлер жер алып алған. Әрқайсысында 6-7 мың гектардан жер бар. Бірақ, малдарын ауылда бағып отыр. Солардың игерілмей жатқан жерін қайтарып, біз секілді ұсақ шаруашылықтарға берсе ғой, – дейді амалы сарқылған Саламат.
Иә, Саламаттың жылқысына жайылатын жайылым керек. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-2/332 бұйрығымен бекітілген жайылымдардың жалпы ауданына түсетін жүктеменің шекті нормасы бар. Онда бір жылқыға – 16,1 гектардан жайылым қарастырылған. Осы нормаға сәйкес, Саламат Сақтағановтың жылқысына ең кемі 900 гектар жер керек. Ал, 9 мың гектар жері бар көршісі Саламаттың жылқысын қуалап, жерін қорып жүр. Парадокс па? Парадокс!
Игерілмеген жерге мониторинг жүргізу жұмысы Қарқаралы ауданында жандана бастағаны көңіл қуантады. Бұл ауданда да проблема жоқ емес, бар. Алайда, жергілікті атқарушы биліктің пәрмеңділігі байқалады. Аудан әкімдігі ұсынған мәлімет бойынша, бүгінгі таңда иелігіндегі жерлерін мақсатты пайдаланбай отырған 166 шаруашылыққа заң шеңберінде ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 2021 жылы жасалған мониторинг бойынша тағы 107 шаруа қожалығына (321,5 мың гектар), «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ мамандары жүргізген мониторинг бойынша анықталған 27,6 мың гектар жер иелеріне хабарлама жолданды. «Қолдау» бағдарламасы арқылы 370 шаруа қожалығына (701 671 гектар) ескерту жасалды. Игерілмей жатқан жерлерді айналымға енгізу немесе мемлекет меншігіне қайтару талабы бойынша 10 шаруа қожалығынан 10,5 мың гектар (егістігі – 3 мың гектар) жер мемлекет меншігіне өтті. Бұлардың сегізі жерді өз еркімен қайтарса, екеуінен сот шешімі арқылы қайтарылды. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2020 жылдың 1 маусымына дейін 3 конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 33 564,0 гектар болатын жер учаскесі жаңадан ашылған 13 шаруашылыққа, жайылым тапшылығын көріп келген 17 шаруашылыққа берілді.
Қарқаралы ауданының осы тәжірибесі өзге аудандарға үлгі болса, қарапайым шаруа «Несиеге алған малымды немен асыраймын?» деп дал болмас еді…
«МАЛ ӨСЕДІ, ЖЕР ӨСПЕЙДІ»
Бұл – жарты ғұмыры жер дауымен өткен Құнанбай қажының сөзі. Ақиқаты – осы. Елімізде Ұлттық Аграрлық саясат жүйелі жүргізілетін болса, мал өседі. Соңғы жылдардың көрсеткіші соны көрсетіп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кезінде «Қой санын 50 миллионға жеткіземіз!» деп ұрандатқан Қазақстанда 6-ақ миллион қой қалған. Жекешелендірудің алғашқы жылдарында қолымыздан кездік түспегенін несіне жасырайық?! «Екі қойым – бір теңге» деген заман келіп, 10 кір са- бынға – бір қой, 2 шөлмек араққа – бір қой бердік-ау… Қазір мал басы өсіп келеді. «Қоя жесең – қой қалады, тарта жесең – тай қалады» деген үнемшілдік қағидасын меңгеріп алдық. Иә, мал өседі. Бірақ, Құнекең айтқандай, жер өспейді. Сондықтан, бабадан мирас болған қасиетті жердің әр сүйемін тиімді пайдаланғанымыз абзал. Сонда ғана дәулетіміз шалқып, өрісіміз малға толар…
Түркияны алыңызшы. Ұлттық экономикасының 15%-ын ғана ауыл шаруашылығы құрайтын 83 миллион халқы, 783 562 шаршы шақырым ғана жері сол Түркияңыз 50 миллион қой өсіріп отыр. «Жайылым аз, бейнет көп» демейді. Төрт Түркия сиятын жеріміз бар бізде жайылым тапшылығы өткір тұрғаны өзекті өртемей қайтеді?! Жеріміздің 44%-ын шөлейт құрайды деген – жай ғана сылтау. Ғалым-гидрологтардың болжауынша Қазақстанның жер астында 70 Балқаш көліне пара-пар су қоры бар екен. Яғни, жылына 120 миллиард текше метр жерасты суын игеруге болады.
Айтып-айтпай не керек, бізде де 50 миллион қой, 2 миллион жылқы, 10 миллион ірі қара өргізуге мүмкіндік бар. Тек қана жер қорыған латифундистерді тезіге салсақ – болғаны. «Адам өседі, мал өседі, жер өспейді». Мен емес, Құнекең айтып кеткен…
Ерсін МҰСАБЕК.