АймақҰлытау

Ерлікті дәріптеген ескерткіш

Ұлытау ауданының орталығында осы өңірдің тумасы, қызметтік міндетін атқару кезінде қаскөйлердің қолынан ерлікпен қаза тапқан қорықшы, І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Қаныш НҰРТАЗИНОВ атындағы көше бойында орнатылған ескерткіш белгінің ашылу рәсімі өтті. Ерекше сипаттағы шараға аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, марқұмның анасы Айжамал МӘЖЕНОВА бастаған туған-туыстары, әріптестері, достары мен жалпы бұқара өкілдері қатысты.

Тәлімдік-тәрбиелік мәні зор жиында Ұлы Далада қалыптасқан үрдіске сай, ақсақалдық жолмен алғашқы сөз кезегін алған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақия Садықов қарапайым азаматтың қаһармандығы өскелең буынға өнеге боларын тілге тиек етті.

Өз кезегінде аудан әкімі – «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Берік Әбдіғалиұлы «Ұлттың ер ұланына Президенттің тапсырмасымен көше аты берілді. Қаныш Нұртазинов көрсеткен үлгі – өз қызметіне адалдық танытудың айшықты көрінісі. Адамды ерлікке адалдығы жетелейді. Біз бала күнімізде батыр бабалардың ерлігімен тәрбиелендік. Сол сияқты, жас ұрпақты Қаныш Нұртазиновтың ерлігімен тәрбиелеп, оның есімін мақтан тұтатын боламыз. Бұл көше бойында абаттандыру жұмыстары әлі де жүргізіледі. Болашақта марқұмның атындағы спорттық жарыстар ұйымдастыру жоспарымызда бар», – деді.  

Тебірене сөз қозғаған батырдың анасы Айжамал Мәженова жан-жақтан жиылған қалың қауымға, ұлағатты іске ұйытқы болған аудан әкіміне аналық алғысын білдіріп, осытектес қайғылы жағдайдың қайталанбауын тілейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Орталық өңірлік филиалының директоры Айбек Әліпбаев пен марқұмның досы Сұлтан Төлендин ер Қаныштың аз ғана ғұмырында жасаған тындырымды істері мен азаматтық ұстанымдары хақында ой өрбітті.

Елді есті әрекеттер мен ерлікке үндеп тұратын нысанның лентасын аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен марқұмның әріптесі Айбек Әліпбаев қиды. 

Орайы келгенде, аталған ескерткіш белгіні табиғатты аялаудың таңғажайып үлгісін танытқан ұланның туған-туысқандары, достары мен әріптестері орнатқанын айта кеткен жөн.

Өз тілшімізден.

ҰЛЫТАУ ауданы.

 

Басқа материалдар

Back to top button