«Едіге» орысша сөйледі
Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі Кәмел ЖҮНІСТЕГІНІҢ «Едіге» романы мемлекеттік тапсырыспен «Дәуір» баспасынан 3 мың данамен «Великий сын степи Едіге» деген атаумен орыс тілінде жарық көрді. Тәржімалаған Данияр РАШИДИ.
Таққа отыруды мақсұт тұтпаған, бар ғұмырын ұлы мемлекеттің тағын, халқының бағын сақтау үшін сарп еткен Едіге батырды ұлықтаған роман бұған дейін екі қайтара баспадан шыққанын айта кеткеніміз ләзім.
– Романды екі мақсатпен орыс тіліне аудардық. Біріншіден ұлты қазақ бола тұра, өз тілінде оқығанымен, орысша ойланып, мәні мен мазмұнын жете түсінбейтіндер санасына алсын, екінші Ұлы Едігені татар да, башқұрт, қарақалпақ, ноғай да өздерінің ұлттық батыры деп есептейді. Өйткені, бұл халықтардың барлығы да Алтын Орданың құрамында болған елдер. Оларда да Едіге туралы талай жырлар сақталған. Міне, соларда орыс тілінде оқып тұщынсын деген ниет еді, – дейді жазушы Кәмел Жүністегі.
Қаламгер «Сайын даланың сайыпқыраны Ер Едігенің Ұлы Даладан шыққан батыры екенін бар әлемге мойындататын уақыт жетті. Ұлы би Едігенің дүниеден озғанының 600 жылдығына орай Нұр-Сұлтан бастап, Қарағанды қостап, Ұлытауда тәу ететін ғылыми-практикалық конференция өтуі сұранып тұрған жағдай. Әрі бұл ұлттық намысымыз да. Оған татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ ғалымдары қатысса, нұр үстіне нұр» дейді.
Өз тілшімізден.