Ресми

Мүмкіндік молайып келеді

Ұлттың ұлық мерекесі қарсаңында Жезқазған қаласы жедел жәрдем станциясының құзырына судай жаңа үш көлік табыс етілді. Барлық заманауи талаптарға лайықталған, сырқаттанған адамдарға шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі мол қондырғылармен жабдықталған көліктерді бюджет қаржысы есебінен облыстық денсаулық сақтау басқармасы сатып алғанын айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда мысты шаһардағы жедел медициналық жәрдем станциясы автопаркінде 10 автокөлік бар. Тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету ісімен жоғары білікті дәрігерлерден құралған жеті бригада шұғылданады. Жедел жәрдем станциясының жаңа көліктермен толықтырылуы қызмет көрсету сапасын арттыруға негіз қалары күмәнсіз.

Осы орайда, індет қатерін ескере отырып, биылғы жылы металлургтер қаласының медицина саласында біршама тындырымды жұмыстар атқарылғанын айта кету артықшылық етпейді. Модульді жұқпалы аурулар госпиталінің қысқа мерзімде салынып, тұрғындар игілігіне берілуі – сол әрекеттердің бірегейі.

Госпиталь – коронавирус дертіне шалдыққандарды сырқаттан айықтыру мен инфекцияның таралуына тежеу қоюға қауқарлы емдеу ошағы. Бастапқы жоспар бойынша ол өңір тұрғындарына медициналық стационарлық көмекті тиімді әрі нәтижелі түрде көрсету машығын иеленуі тиіс. Жаңа нысан халыққа Жезқазған аймақтық көпбейінді ауруханасының құрамында қызмет етіп келеді.

Стационардың жалпы аумағы 6 700 шаршы метрді құрайды. 200 төсек-орынға шақталған нысанның техникалық тұрғыда жабдықталуы – заманауи үлгіде. Оның 180-і стационарлық төсек болса, 20-сы қарқынды терапияға бағытталған. Уақыт талабына лайықты мамандандырылған манипуляциялық, сондайақ операциялық бөлмелері де бар. Реанимация бөлмелері мен негізгі медициналық жабдықтардан басқа, компьютерлік томография және рентген қондырғысымен жабдықталуы – сапалы жұмыс кепілі.

Сырқаттарға арналған палаталар оттегі беру желілерімен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Бұл, тиісінше, олардың әрқайсында ауыр және аса ауыр жағдайдағы адамдарды емдеу үшін қарқынды терапия жүргізуге қолайлы мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне қажетті алаңдар аумағы да жеткілікті.

Госпиталь дәрігердің пациентпен тікелей байланысын мейлінше шектеуге және медицина қызметкерлерінің дертті жұқтыру қаупін азайтуға бағытталған озық технология үлгісіндегі құралдармен жарақтандырылған. Мәселен, ахуалды қадағалау орталығы арқылы сырқат жандардың денсаулық жағдайына қашықтықтан мониторинг жүргізу, соның көмегімен пациенттердің жай-күйінің негізгі көрсеткіштерін шоғырландырып, шұғыл талдау жасау мүмкіндігі қарастырылған. Деректер автоматты түрде шығарылады және жағдайдың күрделене түсуін ертерек айқындайды.

Қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, замана талабына толық жауап бере алатын жаңа емдеу ошағы осы өңірде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға негіз қалап отыр.

Медициналық мекеменің білікті кадрлармен қамтамасыз етілуі, әрине өзекті сауалдардың бірі. Түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін облыс орталығынан 19 маман-дәрігер арнайы келген екен. Сонымен қатар, бұл госпитальге пандемияның алғашқы толқыны кезінде пневмонияның типтік үлгідегі емес түрін жұқтырған сырқаттарға медициналық көмек көрсетуге қауқарлы, біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол медицина қызметкерлері мен аймақтық көпбейінді аурухананың дәрігерлері де тартылатын болады. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button