Руханият

Осакаров ауданында сақ дәуіріне тиесілі көне қорым табылды

Қазақ даласының әр бұрышы – киелі, қасиетті. Әр сүйемінде жасырынған тарих бар. Бұл сөзімізге әр аймақтан табылып жатқан тарихи қазба жәдігерлер дәлел. Мәселен, жуырда Осакаров ауданынан көне қорым табылған еді. Тарихи қорғанды ғалымдар жоспарлы дала жұмыстары кезінде анықтаған. Қорымнан табылған әйел адамның қаңқасы мен оның қол айнасы қорымның сақ дәуіріне тиесілі екенін айғақтап отыр.

 

Археологтар табылған қаңқаның шамамен 17- 20 жасар қызға тиесілі екендігін айтады. Жақсы сақталған мүрденің жанынан қола айна мен маржандар да шыққан. Қаңқаның анатомиялық бүтіндігі мен қол айнаның сол қалпы сақталғаны ғалымдардың таңданысын туғызып отыр. Өйткені, әдетте мұндай қазбалар тоналған болып шығады екен.

– Сақ дәуірінің қорғаны мен Түркі дәуірінің қорғанының қатар жатқаны – ұрпақ сабақтастығы, бір-біріне жалғасып келе жатқан қазақтың тарихы. Бірақ ол – бірінші далалық визуалды тұжырымдар. Қалғанын толық зерттеп, басқа қорғандармен салыстырған соң нақты тұжырымы шығады, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.

Ал, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Ермағамбетов әзірге табылған қол айнаға көбірек назар аударудың дұрыстығын айтады. «Адам қаңқасы әлі толық зерттеуді талап етеді. Ол туралы зерттеулер аяқталған соң толық айтқан жөн. Біз облыстық музей қызметкерлері 2008 жылдан бері аймақта қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Түрлі жәдігер таптық. Ал, мына сақ дәуіріне тиесілі қыз баланың қаңқасы мен қола айна Осакаров ауданында табылған өте құнды жәдігер. Бір таң қалатыны айна сол қалпында өте жақсы сақталған. Бірде-бір ақау не шірік түспеген. Жер астында 2500 жылдан астам уақыт жатса да түк болмаған. Бұл не деген шеберлік. Сақ дәуіріндегі қолөнердің қандай деңгейде болғанын пайымдай беріңіз. Және мұндай қымбат бұйымымен жерленген қыз бала да тегін адам емес. Осындай айнаны белгілі ғалым Арман Бейсенов ағамыз Ақтоғай өңірінен де тапқан еді. Сонда Қарқаралы, Ақтоғай, Осакаров аудандары аумағында сақтар көшіп-қонып жүрген ғой. Мұны мен емес, әлгі табылған қола айна сынды құнды жәдігерлер дәлелдеп отыр. Осакаров ауданының атауы Сарыбел болып ауысқалы жатқан тұста осындай тарихи бұйымның табылуы «Іздегенге – сұраған» дегендей болды» – дейді Ержан Нұрланұлы.

Қарағанды облысы Осакаров ауданынан 20 шақырымдай қашықтықта жатқан тарихи жерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары зерттеп жатқанына біраз болған. Археологтар бұл бірнеше өзеннің тоғысқан жері болуы мүмкіндігін айтады. Мал жайып, қоныстануға шұрайлы әрі ыңғайлы. Мұндағы тас белгілер де сол кездегі діни рәсімдерден хабар берсе керек.

– Мүрденің жүзі батысқа қаратып жерленген. Қыз мүрдесінің жамбас сүйегі аймағында қола диск тәрізді айна жатты. Ол органикалық қалдықтарға қарағанда былғары корпуста болды. Қылшықтың көмегімен біз сым бұралған бар айна екенін көрдік. Айнаның бүйірлері бүгілген, диаметрі-10 см. Қазір дала жұмыстарының жағдайында қасында табылған айнасы Сарматтарға да сай келеді деп айтуға болады. Бірақ, Сарматтар орталық Қазақстан жерін мекендемеген. Сондықтан, бұл б.д.д 7-5 ғасырға тән деп айтуға негіз бар. Демек, Сақ дәуірі екені даусыз. Сонымен қатар, айна күн түріндегі диск тәрізді, дөңгелек. Кей әріптестер айнаның «шындықты жеткізуші» екенін айтады. Өйткені ол шындықты ғана көрсетеді, – деп атап өтті облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Дәурен Жүсіпов.

Тарихи-мәдени мұраны қорғауға облыс бойынша үш жылдық бағдарлама бар. Бұл жәдігер – соның жемісі. Алдағы уақытта облыстың өзге де жерлері зерттелетінін атап өткен жөн. Шындығында, табылған айна бізге тарихымызды көрсетіп отыр. Сондықтан, оны тарихи құнды жәдігер ретінде бағалап, сақтаған дұрыс.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button