Жаңалықтар

Ауылдастарыма алғысым шексіз

Біздің ауыл ымыра-бірлігімен, берекелі тірлігімен мамыражай күн кешіп жатыр. Мен осы ауылдың төл перзенті болғаным үшін Құдайға тәубе деймін. Ауыл халқы да аңғал, бауырмал. Алғыс айту күніне орай басылым арқылы ауылдастарыма айрықша ризашылығымды білдіргім келді…

Өзім Ералиев ауылында электрик болып еңбек етемін. Сондай-ақ, мешітте азаншы, от жағушы болып, қоса қызмет атқарамын. Былтыр жазда ауылдың Атымтай жомарты Ерболат Мәмбетов жаңа мотоцикл сыйлады. Ораза айының жұма намазында. Мені ауыл арасында жаяу қатынамасын деп. Сонда сый-құрметке бөленгенім үшін ерекше риза болғанмын. Мотоциклім кәдеме жарап тұр. Өзім мешітте жүрген соң, біраз азаматтың мешітке, ауылға деген қамқорлығын жақсы білемін. Іштей қуанып жүремін. Жиған-тергеніңді Алла жолында жұмсасаң, ризық-несібеңді еселейді ғой. Бізде жомарт жүректі азаматтар баршылық, Құдайға тәубе!

Міне, жақында ғана жалпы ауыл азаматтары жиылып, «снегоход» сыйлады. Ауылдың жарығы жиі өшкен соң, қыста әрлі-берлі қатынау қиындық тудыратынын білген азаматтар бас болып, қарда жүретін көліктің кілтін табыстады. Мен сұраған жоқпын. Өздері ұйымдасыпты. Қалайша ауылға деген махаббатыңыз оянып, ауыл үшін деп тер төкпейсіз осыдан кейін. Біздің ауылға «Аралтөбе», «Ақбастау, «Комсомол» секілді елді-мекендер кіреді. Сол жаққа да қатынау қиын еді. Енді қыста жол талғамайтын көлігім бар астымда. Бұл менің көлігім емес, халықтікі. Яғни, ауылдың игілігіне қызмет ету керек.

Мен ауылыммен мақтанамын. Құдайдан тілеймін: «Ауыл азаматтарының бірлігін тіл-көзден сақтаса екен» деп. Өйткені, туған жер игілігі үшін десе, жұдырықтай жұмыла кетеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтпаса керек-ті. Міне, осы азаматтардың татулығының арқасында Толағай елі топ жарып, Қазақстан бойынша үздік отыз ауыл құрамына енді.

Қаншама жігіттер мешітке де, ауылдың ажарының артуына да үлес қосты. Міне, елдіктің белгісі.

Жалпы, маған жасаған жақсылығы ғана емес, мұндай игілікті шаралар толып жатыр. Ауылымның береке-дәулеті тасысын. Ауылдастарыма айрықша ризамын!

Қуат АМАНБАЙҰЛЫ.
ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button