Қыс қызығы — шаңғыда

Елімізде қысқы спорт түрі бұқаралық сипат алуда. Салауаттылықпен қатар сергектік сыйлайтын қысқы спорт түрінің бірі – шаңғы тебу. Жақында алғаш рет Қарқаралыда шаңғышылар марафоны өтті.

Қарқаралы жерінде өткен жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген шаңғышылар қатысты. Екі күндік сайыста баптары мен бақтарын сынады. Аппақ қар жамылған, қарағай-қайыңмен көмкерілген, тамаша табиғаттың аясында өткен жарыс –қатысушылар үшін бәсеке ғана емес, мереке де болды.

Шараны ұйымдастырушы, шаңғыдан әуесқойлар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген, қысқы туризмнің қолдаушысы, шаңғы базасының басшысы Думан Бейсенаев:

— Тәуелсіздік алғалы бері Қысқы Олимпиада ойындарында 1994 жылы жалғыз алтын медальға қол жеткізген отандасымыз Владимир Смирновтан кейін ешкім алтын алған жоқ. Яғни, бұл – спорт түрінің елімізде кенжелеп отырғанының айқын бір көрінісі. Марафонды ұйымдастырудағы мақсатым – туған қаламда қысқы туризмді, оның ішінде шаңғы спортын дамытуға мүмкіндіктің бар екендігін көрсету болды. Сол үшін бар күшімді салдым -дейді.

Салтанатты шарада қала тұрғыны, ардақты ақсақал Әлиасқар Әбеуов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Таланты әнші Әлімжан Макенов «Қарқаралым» әнін орындады.

1 шақырымға шаңғымен жүгіруде жасөспірімдер арасында мәре сызығын алғаш болып Бекарыс Серік кесті.

Бағдарлама бойынша алғашқы күні 1500 метрлік спринтте, екінші күні әйелдер – 15 шақырымға, ерлер 30 шақырымға жүгірді. Спринтерлік сайыстың қорытындысы бойынша әйелдер арасында–Дарья Ряжко — І орын, Ирина Быкова — ІІ орын, Елизавета Толмачёва — ІІІ орынды иеленді, үшеуі де Павлодар қаласынан. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Курсаковтың шәкірттері. Ирина Быкова биылғы жылы Қытайда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының, ал, Елизавета Толмачёва Норвегияда өткен әлем біріншілігінің қатысушысы.

Ерлер арасындағы бәсеке де өте тартысты өтті. Павлодарлық Иван Мертынс — І орынға, қарағандылық Алишер Ваганов — ІІ орынға, көкшетаулық Роман Локусов ІІІ орынға табан тіреді.

Екінші күнгі 30 шақырымдық жарыс жолына 50 шаңғышы түсті. Арақашықтықта алшақтық болған соң, шаңғы жолының бойына тамақтану пункті қойылды. Аталмыш сынақта да спринттің нәтижесін қайталаған абсолюттік үштікке павлодарлық үш қыз ие болды. Ерлер арасында І орын, павлодарлық Иван Мертынсқа, ІІ орын қарағандылық Алишер Вагановқа, ІІІ орын павлодарлық Алексей Арышевқа бұйырды.

Сондай-ақ, марафонға жасы 70-тен асқандар да қатысып, қайсарлық танытты. Солардың ішінде 77 жастағы Айтмұхаммед Омаров пен 70 жастағы Жаманбек Төлеутайды ерекше атап өтуге болады.

Қандай сала болса да оны дамыту үшін ең алдымен мықты база керек. Қысқы спортты қолға алу үшінде жүйелі жұмыс қажет. Бұл орайда, Думан Бейсенаев тер төгіп келеді.

Бұл шараға жергілікті азаматтар, аудандағы жауапты сала басшылары көп қолдау көрсетті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айтбек Ақатаевқа, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Байтуллинге, Нұр-Сұлтан қаласы триатлон федерациясына, келген қонақтарға туған жеріміздің тарихын таныстырған Жанбота Тойшыбековке, ас мәзірін ұсынған Сұлтан Иксановке, Мәди Қайырбекке, демеушілер — Әнуар Әбдірахмановқа, СЭС ұжымына, Сабыржан Тайлақбаевқа, Сұлушаш Қоспабаеваға, Дәулет Кәкібаевқа, Нұрсылан Жағыпаровқа, Нұрлан Оңғарбаевқа, бас төреші болған БЖСМ мектебінің жаттықтырушысы Михаил Саворовскийге, Нұркен ауылының спорт нұсқаушысы Жанат Кошиковке, дене тәрбие мұғалімдері Нұрымбек Ілдебайға мен Бағлан Ахметовке, БЖО жаттықтырушысы Бекай Наурызбайға, спорт бөлімінің бас маманы Ербол Ықсановқа, және отбасыма ризашылығымды білдіремін,-дейді ұйымдастырушы.

Шара соңында жеңімпаздарға медаль, кубок және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сағыныш ӘБІЛ.