Жаңалықтар

Іскер әйелдер – іргелі істің басында

 Қарағанды облыстық іскер әйелдер қауымдастығы 8 наурыз мерекесі қарсаңында кезекті жиын өткізді. Аталған шара «Достық үйінде» өтті. Қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген іскер әйелдердің басы қосылып, пікір алмасқан жиында кәсіп ашу және оны жүзеге асыру жөнінде ой айтылды. Сондай-ақ, іскер әйелдер қауымдастығы қоғамға қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегін елеп, Алғыс хатпен марапаттады.

Жиынға Қарағанды облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шауенова, «Алтын жүрек» қауымдастығының ардагерлері Н.Бөкетова мен Н.Сухорукова, сонымен қоса, іскер әйелдер қауымдастығының аудандардағы өкілдері мен қауымдастық жанынан ашылған «Жас қанаттар» жас кәсіпкерлер ұйымының көшбасшылары қатысты.

Аталған шарада облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын нәзік жанды іскер әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтап, жиынды ашып берді.

Сондай-ақ, жиында сөз сөйлеген Қарағанды облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шәуенова кәсіп бастаймын деген әйелдерге әрқашан көмек беруге дайын екенін жеткізді.

– Әр адам өз алдына мақсат-міндеттер қойып, қандай да бір ортақ істе біріксе, жаңа жобалар дүниеге келеді. Осындай істер біздің Қарағанды облысында да жасалып жатыр. Соңғы жылдары іскер әйелдер қауымдастығының жұмысы әр аймаққа, әр аудандарға тарады. Қазір әр жерде Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдары мен өкілдері, мүшелері бар. Практикалық тұрғыдан алғанда, бұл жұмыстар облыс әкімдерінің қолдауымен іске асуда. Тәрбие жұмыстары, кәсіпкерлік белсенділікті дамыту – біздің басты мәселеміз.

Қазір жаңа өзгерістер заманы. Ортақ істі бастауда бәрімізге бірлік қажет. Біздің көмегімізді қажет ететін қаншама адамдар бар. Біз соларға көмектесіп, басқа да қызметтерді ұсына аламыз. Мұндай жақсы істердің жанынан табылуға әзірміз. Бұл адами құндылықтарды көрсетеді. Біз үшін ең бастысы осы, – деді қауымдастық төрайымы Сәуле Бақытжанқызы.

Мереке қарсаңында еңбегі еленген тұлғалар «Алтын жүрек» қауымдастығының ардагерлері мен серіктестер, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан келген Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдеріне Алғыс хат табысталып, гүл мен сый берілді.

Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы қызметінің негізгі бағыттары бойынша облыс бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары А.Қиясова  «Іскерлік байланыстарды дамыту – өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін табысты кеңейтудің пәрменді тәсілі ретінде» атты жобамен таныстырды. Мұнда ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бағыт-бағдар беріліп, кеңестер айтылды.

«Тәлімгерліктің бизнесті қалыптастырудағы қолдау нысаны ретіндегі Менторинг рөлі» тақырыбында сөз сөйлеген «Жас қанаттар» жас кәсіпкерлер ұйымының көшбасшысы Индира Жабаева қазіргі кезде кәсіпкерлікті дамытудағы менторлық көмектің ерекше орын алатынына тоқталып, ментор өзінің эксперттік білімін басқалармен бөлісу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.

Ал «Мастермайнд іскерлік қарым-қатынастың тиімді форматы және бизнес-қоғамдастықта өсу құралы ретінде» атты жобаны таныстырған Қарағанды қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Д.Мельникова мастермайндтың, көбінесе, идеяларды құруға және жеке тәжірибелермен бөлісуге дайын прогрессивті адамдардың басын біріктіретіні туралы айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік іспен айналысуда жетістіктерге қол жеткізген адамның өз тәжірибесін басқалармен бөлісіп, ортақ әрекет жасайтын мастермайндтың маңыздылығын түсіндірді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button