Жаңалықтар

Жүйріктер желмен жарысты

Ат жүгіртіп, құс салу – халқымыздың ежелгі салты, әзелгі дәстүрі. Жүйрік ат, алғыр тазы ұстайтын азаматтардың арқасында Ақтоғайда ат спорты жақсы жолға қойылған. Атбегілерді аудандық спорт бөлімі үнемі қолдап, бірлесіп жарыс ұйымдастыруға мұрындық болып келеді. Жуырда Ақтоғай ауылында тұяғы тоңды қопарып, даланы дүбірге көмген тай және құнан жарысынан біріншілік өтті. Тай, құнан жарысын 1985-1996 жылдар аралығында туған ауыл азаматтарымен бірлесіп, аудандық спорт бөлімі ұйымдастырған.

Біріншілікке Елорда, Теміртау қаласы, Шет ауданының Кеншоқы ауылынан, Жарық, Ақадыр кенттерінен, Осакаров ауданындағы Осакаровка кентінен, сондай-ақ, Ақтоғай ауданының Қусақ, Кежек, Жалаңаш және өзге де ауылдарынан бас-аяғы 30 тай, 13 құнан қатысып, тұяқтарын қыздырып, өкпелерін ашып, шын жүйріктер анықталды.

Үш шақырымға шапқан тай жарысы бойынша Ерасыл Әлжанның (Елорда) тайы қара үзіп, көмбеге ілікті. II орынға Қуанбай Еламанның, (Осакаровка кенті) III орынға Марғұлан Сәренбековтің (Кежек) тайлары ие болды.

Алты шақырымдық құнан жарысында I орынды (Бұқар жырау ауданы, Ростовка ауылы) Балби Бақбергеннің, II орынды Қанат Сатовтың (Жарық), III Думан Әйкеннің (Жалаңаш) үкілеп қосқан сәйгүліктері иеленді.

Бәйгеде озған тай-құнан иелеріне ақшалай, заттай арнайы сыйлықтар табысталып, дипломмен марапатталды.

Аудандық спорт бөлімінің басшысы А.Кішкентаев ат спортына үлес қосып, қолдау көрсеткен барша ауыл азаматтарына алғысын білдіріп, шараны жапты.

Жалпы құнан, тай жарысы бойынша жеті орынға жүлде тігілген. Жарыстың ұйымдастырушыларының ат спортының дамуына қаржылай қолдау көрсетіп жүрген «Берер» ЖШС-нің директоры, Ақтоғайдың белгілі меценаты Ертай Отыншинге айтар алғыстары мол.

Дәстүрге айналған тай-құнан жарысы өзінің жағрапиялық аумағын жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Оған дәлел – жан-жақтан келіп, ауыздықпен алысып, желменен жарысып, дала төсін дүбірге көмген жүйріктердің аламан бәйгесі.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button