Руханият

Әжемнің алтын сандығы

«Орталықтың» журналистері еңбек демалысына кеткен уақытта, өздерін іздеп редакцияға келетін оқырмандары бар. Өйткені, біз қызмет қылып жүрген газет облыстың түпкір-түпкіріне тарайды. Демек, әр автордың сүйікті оқырманы болады дегенге сеніңіз. Менің ең алғашқы оқырманым, сыншым Әжем еді.

Немеремнің газеті деп өмір бойы «Орталықты» жаздырып алатын сүйікті оқырманымнан жақында айырылып қалдым. Газетті жаздырып беретін уақыт келгенде, әжемді таппай қиналғанымды көрсеңіз. Газетіме деген құрметі ерек еді.

– Балам, не іздеп жүрсің асығып?

– Әже, газет керек болып тұр. Мына жәшікке салған едім, дәл сол санын таппай жүрмін.

– Қандай газет? Не жазып едің?

–Ақтоғайға автобус беріңдер деп жазып едім ғой әже, есіңізде ме? Дәл сол газеттің түпнұсқасы жоқ.

– Қап, қиын болған екен, ә?! Мені күтші, қазір келем.

– Әже оны таба алмайсыз-ау, үйдің бәрін қарадым.

– Қоя тұр. Осы нөмірінде-ау деймін, қарашы жақсылап.

– Мына мақала ғой, әжетай, қайдан таптыңыз?

– Сен бала, сүйікті оқырманыңды ұмытқан екенсің.

…Сол жылы байқауға қатысамын деп, жазған мақалаларымның түпнұсқасын іздедім. Маған айтпай, мақалам жарық көрген газеттің әр санын жинай береді екен. Түптелген газеттердің бәрі алтын сандығында жатқанын қайдан білейін?! Кейінде тәжірибе молайып, газетке кемінде төрт мақала қатар шығатын болды. Сандығына симаса керек, мақалаларымды қиып алып, жеке жинауға көшіпті.

– Әже, бәрін жинап қайтесіз, қоссаңыз бір редакция болатын шығар, – дедім әзілдеп.

– Олай ойласаң қателесесің. Газет аяқтың астына тастай салатын оңай дүние емес. Қаншама әріп, сөз бар. Ең үлкен сөз «Алла». Қазақ «бір әріп үйреткенге, қырық жыл сәлем бер» деп не үшін айтады деп ойлайсың? Қанша адамның тағдыры, бейнесі, суреті салынған. Ата тарихымыздан үзінділер кездеседі. Тәуелсіз ел болғанымызды да алғаш газеттен оқыған едім. «Орталығымызда» менің (Дәкен әже Үсенбекқызының) және қызмет қылып жүрген немеремнің атасының да аты бар. Ол кісінің қандай ізгі адам болғанын, көпке шарапаты тигенін білесің. Қалай ғана аяқасты қылып қарап отырасың?» деп қайырды сөзін.

Сол сәтте есіме алғашқы редакторым марқұм Мағаш ағаның «газетті ешқашан жерге тастамаңдар» деген сөзі есіме түскен. Редакторымыз да газеттің жерде жатқанын көрсе көңіліне алып, ренжитін.

Жалпы, сағыныштың түр-түрі болады дейді. Әжемді шетелде оқуда жүргенде қатты сағынып едім. Жыл бұрын «әже, мен Венадамын, магистрлік жұмысымды қорғауды бастадым» деп хабарласқанымда, «Вена, сенаңды білмеймін. Өзің жақсы көретін күріш көжеңді дайындап қойдым. Әжеңді сағынсаң келесің ғой» деп еді.

Ол әжемнің мені қатты сағынғанда айтқан сөзі екен ғой. Бес уақыт намазын қаза қылмай, үнемі төрт құбылаң тең болсын дейтін.

Қарттардың күнінде аяулы әжелерді мерекемен құттықтағым келеді.

Мен ең сүйікті оқырманымды ешқашан ұмытқан емеспін. Оқырманым мені ұмытпаса екен. Сағынып жүрмін…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button