Әсем ЖҮНІСПЕКОВА: «Бір реттік көмекпен шектеліп қалмаймыз»
Қарттықты ардақтау және үлгі тұту, сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан үлестерін құрметтеу мақсатында әлемде жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Қазақстанда да бұл күні үлкендердің мерейін асқақтататын шаралар ұйымдастырылып, көмек көрсетіледі. Мереке қарсаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВАҒА аз-кем сұрақ қойған едік…
– Әсем Айтжанқызы, қарттарға құрмет – жан дүниенің жомарттығы мен даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Ардагерлер қажеттілігінен алшақ қалмай, үлкенді сыйлау халықтың мәдениеттілігін сипаттайтын негізгі белгісі екендігі де бар…
– Қарттарға құрмет тек бір реттік көмекпен шектеліп қалмайды, ол кісілер жыл бойы назарымызда. Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Бұл күнді атап өтудегі басты мақсат – әлеуметтік жағынан аз қорғалған қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, сондай-ақ материалдық, қайырымдылық көмек көрсету. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Қарағанды облысының қалалық және аудандық деңгейдегі қағидалары бекітілді. Белгіленген ережелер аясында қалалар мен аудандарда қарт адамдарға материалдық көмек көрсету жоспарланды.
– Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Мерекелік тарту ретінде 60 мыңға жуық адам 300 миллион теңгеден астам (орта есеппен 5 мың теңгеден) материалдық көмек алады. Оның ішінде соғыс ардагерлері – 52, зейнеткерлер – 53 769, ардагерлерге теңестірілгендер – 1451 адам. Одан бөлек 6,2 миллион теңгеге 22 мыңнан астам адам дәрі-дәрмек, отын, азық-түлік себеті, санаторий-курорттық емделуге жолдама сынды қосымша көмекпен қамтылады. Айта кету керек, 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл – қаржы өткен жылмен салыстырғанда 204,7 миллион теңгеге артық. Соңғы 5 жылда республикалық бюджеттен 437,1 миллион теңге бөлінгенін де айту керек.
– Сөзіңіздің басында «бір реттік көмекпен шектеліп қалмаймыз» деп айтып қалдыңыз. Биыл аға буынды қуантарлықтай басқа қандай игілікті істер қолға алынды?
– Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. Өкінішке қарай, ардагерлер саны күннен-күнге азайып барады. 9 мамырға дейінгі мәлімет бойынша Қарағанды облысында 67 соғыс ардагері мен мүгедегі болды. Оларға материалдық көмек ретінде 1 миллион теңгеден берілді. Олардан бөлек концлагерлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен ерікті майдан еңбеккерлеріне де 200 мың теңгеден бөлінді. Қолдау соғыс жылдары қайтыс болған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері отбасыларына да көрсетіліп, осы санаттағы 8778 адам 50 мың теңгеден алды. Ауғанстанда соғысқан жауынгер-интернационалистер (596 адам), Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқандар да (598 адам) назардан тыс қалған жоқ. Оларға 100 мың теңгеден төленді. Сонымен қатар, биыл ақпанда Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес контингентінің шығарылуының 31 жылдығы аталып өткенде, Қарағанды облысының бірқатар қалалары мен аудандарында аталған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқандарға 100 мың теңгеден бөлінді. Бұл қаражатты 902 адам алды. Жалпы, Жеңістің 75 жылдығына бөлінген материалдық көмектің жиынтық сомасы – 757,4 миллион теңге болды.
– Карантинге байланысты іс-шаралар онлайн өтуде. Той-думанға мүлде рұқсат жоқ. Бұл жағы қалай болады екен?
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қарттар күніне арналған өңірлік ісшараларды өткізу жөніндегі үлгілік жоспарын әзірледі. Осы жоспар қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне және Басқармаға ведомстволық бағынысты қарттар мен мүгедектердің медициналық – әлеуметтік мекемелеріне жіберілді. Ал, медициналық – әлеуметтік мекемелерінде өтетін концерт, мерекелік дастарқанда сақтық шаралары сақталады. Халқымызда «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген ұлағатты сөз бар. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау – біз үшін парыз. Бізге тағылымды жол көрсеткен аға ұрпақтың берген тәрбиесі мен тәлімі мол. Соны ұмытпауымыз керек!
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.