Жаңалықтар

Ер дәулеті – еңбек

«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін». Бұл мақал әсіресе қазіргі кезеңге сай айтылып, енжарлықтан етек-жеңін жия алмай жүргендерге қамшы боп тисе игі. Қазіргі күні «іс қыламын, қоғамға пайда тигіземін» деген жастың жобасы дайын, жолы ашық. Бар мәселені қаржыға тіреместен, арманын мақсатқа, мақсатын іске асырған талапкердің бірі – Шахтинск қаласының тұрғыны Еркебұлан ХАДЫЛБЕК. Ол қала әкімінің 1 миллион теңге грантын жеңіп алып, жақында Шахтинск қаласында ерлерге арналған «Шах» барбершоп салонын ашты.Кейбіреулер «белгілі бір бизнеске үлкен күш керек, қаржы керек» деп, «кәсіп» десе ат-тонын ала қашады. Оның ішінде «Ерлер салоны» десе, тіпті, желке түгін күжірейтіп, намысын алға тартып, ер бола қалады. Нағыз ерліктің өзегі тәуекел екенін тіпті ұққымыз да келмейді. Қазір – жаңарған заман. Дәуір алмасып, жағдай түзелген шақ. Шашыңды сәнімен қидырып, сақал бастырған әбес­тіктен шыққалы қашан. Біздің қалада не көп, «Әйелдер сән салоны» көп. Әйелдердің бұрымынан өнер туындысын жасайтын, бетін әрлеп безендіретін, небір бесаспап шаштараз-имидж-мейкерлерге ерлердің шашсақалын басу сөз болып па?! Сөз жоқ, бұл ретте әйелдер салоны алдына қара салмайды. Көп ерлер еркек-әйел салоны деп те бас қатырмай кез келгеніне шашын алдырып жөніне жүре береді. Дегенмен, атында тұрғандай ол «Әйелдер салоны» ғой. Ондағы құрылғы атаулының бәрі, тіпті, ішінің көрінісіне дейін нәзік жандарға арналған. Сіз шаш қидыруға барған салоннан ерлерге арналған бір бұрыш көрдіңіз бе? Мінекей, құрметті оқырман, біз таныстырғалы отырған жас кәсіпкердің негізгі ойы мен мақсаты да осында. Оның айтуынша, нәзік жандар көбіне өзара шүйіркелесіп, тырнақтары мен шаш үлгілерін, әр шаш үлгісіне қандай образдағы киім сәйкес келетіндігін әңгімелеп әйтеуір, салоннан шыққанша талдайтын тақырып табады. Ал, ерлер ше? Кезегі келгенше телефонға телміріп, күтумен төзімі сарқылуы керек пе?! Мұндайда шіркін күні бойғы жұмыстан тынықтырар шағын массаж болса, немесе іш пыстырмайтын ойын приставкасы болса деп талай жігіт қиялдаған да болар. Осы ой Еркебұлан Хадылбектің күні-түні көкейінде жүрді. Ақыры әкімдіктің грантын ұтқан соң арманына ерік беріп, нар тәуекелге бел байлады.

– Бизнес идеямен белгілі бір конкурсқа шықпас бұрын, бастағалы жатқан ісіңнен алдымен өзің не ұтасың соны ұғыну және өзгеге не беретініңді көрсету керек. Мысалы, мен шашым мен сақалыма қатты көңіл бөлемін. Қазіргі таңда сақал мен шаш үлгісі әлемдік трендке енді. Ол күнделікті стиль мен образдың бір бөлшегі іспеттес. Әр адам өзінің дене бітімі мен түріне сай киім киеді. Сол сияқты шаш пен сақал үлгісі де кез келген адамға жараса бермейді. Бас сүйегіне, сұлбасына байланысты әркімге жеке жарасатын шаш үлгілері бар. Біздің шаштараздар мүмкіндігінше мұнда келушілердің шашын ғана қиып қоймай, оларға ұмытылмас әсер қалдырып, ерекше көңіл күй сыйлайды. Ашылған барбершоп салоны соған сай етіп жасалған. Жан-жағыңызға қарап, заманға сай жинақы әрі сәнді болып жүруге құштарлығыңыз оянады. Көріп отырғандарыңыздай қолымнан келгенше талаптарға сай етіп жасауға, өзге салондардан ерекшелендіруге тырыстық. Бірақ, менің бар мақсатым ең алдымен қаржының жоғына налып, құр армандап отыра бермей, шын ниетіммен қалаған ісімді бастау ғана болды, – дейді ісін жаңа бастаған Еркебұлан. Бүгінде ісін өрге енді дөңгелеткен ерлер салонында төрт адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта Еркебұлан өз кәсібін кеңейтіп, жұмыс орындарының санын арттырмақшы.

– Елімізде жастарға жағдай жасалып-ақ жатыр. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Тек сол бие берген мемлекеттен түйе сұрауды қашан доғарамыз?!… Іс қыламын десең идея толып жатыр. Оған демеу де жоқ емес. Жыл сайын түрлі мөлшерде гранттар да беріледі. Соның біріне, яғни, 2021 жылы аймақ басшысының грантына қатысып, 1 млн. теңге жеңіп алдым. Шүкір. Ол қаражатқа шаштаразға қажетті құрал-жабдықтар мен электронды техникалар әкелдім. Кәсіп ашуға жұмсалған қаражатқа келсем, жалпы 2 млн. теңгедей қаржы кетті. Оның ішіне ғимараттың өтемақысы мен ішкі жөндеу жұмыстары кірді. Менің ойымша, біздің атқарған ісіміз ең бірінші қаланың көркеюіне қосқан үлесіміз деп білемін. Оны да атап өткен абзал. Осы бір талабымды қолдап, ісімнің оңалуына жәрдемдескен қала әкімі Әскербек Халтоновқа алғыс білдіремін. Бизнес жоспар жасауда білгендерімен бөлісіп, қол ұшын созған «Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлеріне де алғысым шексіз, – дейді жас кәсіпкер. Асылында, бұл Шахтинск тұрғындары үшін ең алғашқы әрі заманауи ерлер салоны болмақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл – тек шаш пен сақал басатын салон ғана емес, ерлердің ортақ тақырып талқылар, көңіл көтерер орны болмақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button