Әлем алғыс айтады

«Жоқтан – бар болмайды». Осы сөзді ескеріп, мұндай мереке басқа елде бар ма, болса қалай аталып өтетінін зерделеген едік. Атаулары әртүрлі болғанымен, түпкі мағынасы Жаратқанға да, жақын-жуығына да ризашылық білдіріп, ақ пейілін таныту екенін ұғындық.

Америкада бағзы замандардан бері аталып өтетін ризашылық білдіру күнінің мерекеленуі Рождестводан немесе Жаңа жылдан кем түспейді. Аңыз бойынша, Америка құрлығын отарлаушылар 1621 жылы қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеп, оларды тамақтандырады. Мұны айналадағы басқалар да қоштап, бұл дүйім жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен өтуге себепші болған деседі. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.

Қазір бұл мерекеге мемлекет деңгейінде тойланады. Әр шаңырақ тыңғылықты дайындалады, көшелерде шеру өткізіліп, үйде дәстүрлі тағамдар, солардың ішінде, міндетті түрде күркетауық қойылуы халықтың өткен жолын, тарихын ұмытпағанын, аштықтан аман алып қалғандарға ризашылық білдіруін көрсетеді.

Израиль елінде бұл мейрам Астық ору мерекесі деп аталады. Мақсаты сол, күздің соңына қарай Израиль халқына мол ризық сыйлағаны үшін Жаратушыға сыйынып, ризашылық білдіру.

Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде күз мезгілінің орта тұсында ризашылық фестивалі өткізіледі. Мереке астық жинауға арналып, халық жаңбыр жауғызып, мол астық алуға жағдай тудырған Айдаһарға алғыс айтады.

Осыған ұқсас мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте басқа да көптеген елдерде де бар.

Ал, Жапонияда жыл сайын 23 қарашада Kinrō Kansha no Hi күні мерекеленді. Жапондықтар үшін бұл жыл сайынғы «еңбек күні». Олар еңбек күні жұмыс берушілерге өздерін жұмыспен қамтамасыз еткендері үшін алғыстарын айтады. Алғыс айту күні Жапонияда 1948 жылдан бері аталып өтіледі. Соғыстан кейін жұмыссыз қалған халық жұмыс бергендерге рахметін айтатын болған.

Яғни, Алғыс айту күнін өзімізді ғана құрметтеу үшін ойлап тапқан жоқ екенбіз. Әлем елдерінде әртүрлі тойланса да, түпкі мақсаты – Жаратқанға алғыс білдіру. Иә, алтын жер сыйы болса, алғыс ел сыйы емес пе? Ал, ел, халық — Құдайдың бір аты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.