Жаңалықтар

Бектауата биігін бағындырды

Еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай, Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВТІҢ бастамасымен балқаштық белсенді азаматтар шаһардан 70 шақырымдағы Бектауата тауының биігіне Көк Туды көтеріп шықты. Ту маңайына «Жаңа Қазақстан. Екінші Республика» деген жазуы бар ескерткіш тақтайшаны, күннен қуат алатын жарық шамдарын орнатты.

– Елдікті дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған сапардың маңызы зор. Биыл Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығы сүйікті қаламыздың 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан, қасиетті Бектауатаның биік шыңын бағындырсақ, Көк Туымызды желбіретсек деп ниеттендік. Ойымыз сәтімен жүзеге асты. Бұл бастамаға қолдау танытқан жерлестеріміз бірлесіп, биіктерді бағындыра алатынымызды көрсетті, – деді қала әкімі.

Шыңға шыққандар қатарында белгілі спортшылар – Жұмағали және Ораз Мұхамеджановтар, қалалық мәслихат пен қалалық қоғамдық кеңестің өкілдері, қалалық әкімдіктің қызметкерлері бар. Басым көпшілігі бұл шыңға бірінші рет шықса, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Исағалы Сәтбеков Бектауата биігіне осымен үшінші мәрте көтерілген екен.

– Шыңға шығу адам баласын биік мақсаттарға жетелейді ғой. Біз де ерекше сапардан бойымызға күш-қуат алдық. Дархан даламыздың тылсым табиғатына тағы бір тамсанып қайттық, – деді Исағалы Сәтбеков.

Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енетін, туристік әлеуеті зор Бектауата тауы оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жеті шақырымға созылып жатыр, ені 3 шақырымның мөлшерінде. Жалпы көлемі 4 мың гектарды құрайды. Ең биік нүктесі – 1220 метр. Сапарластар бұл биікті екі жарым сағат уақыттың ішінде еңсерді. Бөктерден құзға дейін жобамен төрт шақырымдай жаяу жүруге тура келді. Таудың беткейлері тік, жылтыр тасты болғандықтан төте жолмен шығып-түсу мүмкін емес. Дегенмен, балқаштық азаматтар бірге кез келген биікті бағындыруға болатынын істе танытты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің Бас редакторы.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button