Еріктілік – ізгіліктен түзілген іс
Әлемді мейірім құтқарады. Күтпеген жерден келген қуаныш, төгілген мейірім, шашылған шуақ, берілген жылу – осының бәрі ізгі ниетті жандардан келеді. Соншалық жақсы көңілге малынып, жылуға бөленген адамдар «Өмірде жақсы адамдар бар ма?» деген таңданыстың арасында қалып, таңдай қағып жатады.
Көзі жеткен соң, «өмірде мұндай жақсы адамдар бар екен» дейді. Қазір олардың аты ғана өзгерген. Мазмұны бәз баяғыша. Шындығында, олар жасаған жақсылық атаулы ұлттың қанына біткен қасиеттің көрінісі емес пе?! Аты алмасқан еріктіліктің заты өзгермегені осыдан.
Еріктілік – қиналғанға қол ұшын созсам деген еркіндіктен шықса керек. Ал, біз талай жанның алғысына бөленген еріктінің ерлігін сөз етейік.
«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бастамасымен «2020 жыл – Волонтерлер жылы» болып жарияланғаны бәріңізге белгілі. Талантты жастардың талабын ашуға зор мүмкіндік болды. Бұл жыл – әлем аурудың алақанында болған кез еді. Ал, осы кезде еріктілердің еңбегі ерекше еленді. Көшеде өткен адамға ковид туралы түсіндіріп, бетпердені тегін таратуда, ауруды ауыздықтап жүрген дәрігерлердің ас-ауқатын апарып, көңілін аулауда олардың үлесі орасан болды. Осылайша, талапты жастар қоғамдық іске белсене кірісіп кетті. Еріктілер ерледі дейтініміз сондықтан. Еліміздің әр аймағында 15 бағыт бойынша волонтерлік топ көпке қызмет етеді. Оның ішінде, медицинадағы волонтерлік (донорлық), экологиялық, әлеуметтік, медиа-волонтерлік, оқиғалық, зооволонтерлік, ТЖ волонтерлік, мәдени, спорт волонтерлігі, т.б. бар. Әр адам еріктілердің тобына қосылмай тұрып, қызығушылығы мен қабілетінің арқасында өзінің шұғылданатын сүйікті ісін табады. Сол ісін ізгіліктің жібіне байласа – волонтерлік топқа қосылғаны, қоғамға қызмет еткені. Осылайша, жақсылық жасаймын деген ерікті өз еркімен қатарға қосылады.
Былтыр 2021 жылы қалалық еріктілер тобы мынадай жетістіктерге қол жеткізді:
«Ардағым – ардагерім» жобасы аясында 87 зейнеткерге тұрмыстық көмек көрсетті. Сондай-ақ, қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, есірткі заттарының жарнамасын тауып, оны жою бойынша 119 рейд өткізген. «Jastar birgе» жобасы аясында 6 акция ұйымдастырып, 120 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттерін таратқан. Сондай-ақ еріктілер штабы 7 ірі қайырымдылық акциясына қатысып, қаланың 5472 отбасына азық-түлік таратып, көмек қолын созған.
Қоғамға пайдасы мол қызмет құндылықтарын игеретін волонтерлік жобаның ішінде денсаулықтың да алатын орны зор.
Атап айтқанда, «Birgemiz: SAÝLYQ» жалпыұлттық жобасы аясында Қарағанды және Теміртау қалаларының көшелерінде синтетикалық есірткілердің жарнамасын жоюға 62 волонтер атсалысқан. 2019 жылдан бері 1184 жазба өшірілген. Волонтерлердің қандай маңызды іс атқаратынын осыдан-ақ біле беріңіз. Бұл республика бойынша «Үздік волонтерлік жоба» қатарына енген екен.
Одан бөлек, еріктілерден құрылған «28 ілмек» атты жоба 2012 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Білесіз бе, мұндағы еріктілер шала туған нәрестелерге екі мағынасында да жылу сыйлайды. Қор мүшелері баланың өмір сүруіне, жарық дүниеге тез бейімделіп, адам қатарына қосылса деген ізгі ниетпен «өте кішкентай» нәрестелерге киім-кешек, көрпе, жамылғы, тіпті ойыншық тоқиды. Мұны еріктілер перинаталдық орталықтарға апарып береді екен. Баласына берілген жылуды анасы да сезініп, жақсы көңіл күйге бөленсе – еріктілер мақсатының орындалғаны. Елімізде 2012 жылдан бері 150 мыңға жуық киім-кешек апарып берген волонтерлер осылайша ананың алғысына бөленген.
«Біз қазір өстік, 10 айға келеміз. Жылы да жайлы киік-кешектің қызығын көрдік. Сіздерді жақсы көреміз!» деген аналардың жазбасын оқып, еріктілерге біз де риза болдық.
Өзінің сүйікті ісін ізгіліктің жібіне байлап, еріктілік қызметпен біріктірген жанның әрбір ісі бағалы. Алдында бүкіл қоғам бас иіп, алғыс айтуы тиіс.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.