АймақҰлытау

Қолданыста – судай жаңа «Вахтовка»

Ұлытау ауданы – өзіне бекітілген жер аумағы бойынша тек Қарағанды облысында ғана емес, жалпы ел көлеміндегі ең ірі әкімшілік құрылымның бірі. Сол себепті, ауылдық округтер мен олардың шаруа шаруашылығы қожалықтары орталық мекендерден тым алшақ орналасуы – заңдылық. Ал қыс маусымында апталап соғатын Арқаның ақ бораны мен соның әсерінен көлік жолын «тұйықтап» тастайтын қалың қар атқарушы биліктің қапысыз қарекетіне қарамастан, қатынасты қиындатып, жолаушыларды тығырыққа тірейтіні – әр жыл сайын қайталанып отыратын жағдай.

Осыны негізге ала отырып, халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін есепке алған аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен мақсатты түрде 30 млн. теңге қаржы қарастырып, адам тасымалдауға арналған жол талғамайтын «КамАЗ» көлігін сатып алуды қамтамасыз етті.

Ел аузында «Вахтовка» аталып кеткен көліктің таныстырылымында аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Берік Әбдіғалиұлы тұрғындардың мұң-мұқтажы мен сұраныстарын ескеріп, соған сай тындырымды әрекет ету айрықша басымдықты иеленетін бірегей міндет екенін атап өтті. «Бұл көлік енді қыс маусымындағы қысылтаяң сәттерде кез келген бағытта жедел жолға шығуға дайын болуы тиіс», – деген аудан басшысы оның кілтін аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау, төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмыстары жөніндегі бас инспекторы Қайрат Далабаевқа тапсырды.

Сыйымдылығы 22 адамды құрайтын автокөлік қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару, шұғыл медициналық көмек талап етілетін сырқат жандарды тасымалдау, аудан тұрғындарының қалыпты тірлігін қамтамасыз ететін шаруашылық құрылымдары желілеріндегі апаттар зардабын жою және басқа да осытектес қажеттіліктерді дер кезінде атқаруға қызмет ететін болады. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ҰЛЫТАУ ауданы.   

Басқа материалдар

Back to top button